Сахна қараңғылығын төбеден себезгілей құйылған жарық сейілтті. Ақын өлеңдерін кезектесе оқып ортаға шыққан актерлер көрерменін ә дегеннен өзіне елітіп ала жөнелді. Себебі залдағы әр адамға бұл шумақтар әрі аса таныс, әрі сондай жақын еді...
Адам болса сезім мен сенім іздер,
Келіңіздер, бері қарай еніңіздер.
Менің байтақ әлемім – планетамды
Көріңіздер, аралап келіңіздер!
Осылай деп өлең-өмірін жырға қоса сахнаға шыққан ақын әлемінің жұмбаққа толы шетсіз-шексіз кеңістігі біртіндеп көрермен көңіліне де құйыла бергендей...
Фариза жырымен сусындауға жиналған оқырман жанарынан осындай бір отты байқадық. Иә, бүгінгі кеш бұрынғылардан өзгерек. Өзгерек болуының себебі – поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова жырлары тұтас қойылым өзегінде өріліпті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Болат Ұзақов пен Нұрлан Жұманиязовтың режиссерлігімен сахна төріне шыққан «Сенің махаббатың» атты поэтикалық қойылым бізге ақын әлемімен сырласу сыйын тарту етті.
– Фариза апамыздың 80 жылдық мерейтойы былтыр еліміздің түкпір-түкпірінде аса жоғары деңгейде аталып өтті. Ақын рухына тағзым етуді мұрат тұтқан түрлі іс-шаралар Фариза әлеміне жаңа, соны тыныс сыйлағандай болды. Осы айтулы оқиғаға орай біз де – Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының ұжымы сол кездің өзінде-ақ шығармашылық ізденістерін жүйелеп қойғанымен, қойылымның жарыққа шығу сәті бүгінге бұйырыпты. Көзі тірісінде Фариза апамыз біздің театрмен өте тығыз шығармашылық қарым-қатынаста болды. Бірнеше пьесасы сахналанып, А.Дударевтің «Кеш» драмасы ақын аудармасында көрерменіне жол тартқан еді. Сондықтан болса керек, біз апамызды тек өлеңдері арқылы ғана емес, жекелей танып, тұлғалық болмысын білгеннен кейін де ақын әлемін өнер тілінде өрнектеп көргіміз келді. Фариза бейнесін сахнаға шығарғанда басты рөлді ойнайтын актрисадан сыртқы ұқсастық емес, ең бастысы ой, жан еркіндігін алға шығаруын талап еттік. Сол негізде ақын философиясының жұмбағына бойлауды мақсат тұттық, – дейді қойылымның тең режиссері Болат Ұзақов.
Қос режиссер қиялы қанат бітірген туынды бас-аяғы төрт бөлімге жүйеленіпті. Ақынның балалық шағынан, жастық шағына, кейінгі есейген кезеңі мен жалпы философиясына ретімен ауысып отыратын оқиға желісі көрерменіне ақын өмірін кезең-кезеңімен баян етті. Поэтикалық қойылымда Фариза бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынай Нөгербек ойнады. Ақынның анасы Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Исабекованың кейіптеуінде көрерменімен қауышты. Аталған кейіпкерлерден бөлек, көпшілік сахнада Бақыт Жұмағұлова, Қуандық Қыстықбаев, Ержан Нұрымбет, Айнұр Бермұхамбетова, Сырым Қашқабаев, Жәнібек Мұсаев, Сая Тоқманғалиева бастаған театрдың жетекші актерлерімен бірге, жас сахнагерлер де сәтті өнер көрсетті.
– Фариза апамыздың өлеңдерін барлығы сүйіп оқиды ғой. Фариза – халықтың ақыны. Әрқайсымыздың жүрегімізде, жанымызда өз Фаризамыз өмір сүреді. Фариза әлемі, әсіресе, нәзікжанды оқырманның жанына ерекше жақын. Сондықтан да болар, әу баста, жұмыс қолға алына бастаған кезде-ақ актерлер бірауыздан аталған қойылымның пьеса емес, таза поэзияға құрылғанын қаладық. Осы тілегімізді ескерген режиссерлер өлеңмен өрнектеліп, әнмен көмкерілген бүгінгі қойылымды өмірге әкелді. Өйткені Фариза ақынның бар болмысы өлеңінде жатыр ғой. Сондықтан қойылымда ақын шығармашылығының алғашқы кезеңдері, яғни тырнақалды туындыларынан бастап кемелденген, тіпті өмірінің соңғы кездерінде жазған өлеңдерін барынша қамтуға тырыстық. Сөз жетпеген жерді музыкамен, әуезді әнмен көмкеруге талпындық. Одан кейін көрермендеріміздің дені жастар екенін ескеріп, махаббат бөліміне барынша көбірек өлең мен ән қостық. Бұл қойылымда оқылған өлең де, орындалған ән де, тіпті менің аузыммен айтылатын әңгімелеу жанрындағы ой-естеліктер де толығымен Фариза апамыздың өз шығармашылығынан, күнделігінен, естеліктерінен алынды. Біз ойдан ештеңе де қосқан жоқпыз. Барлығы ақынның өзіне тиесілі, – дейді актриса Алтынай Нөгербек.
Рас, ақын мерейтойы қарсаңында республикамыздың түкпір-түкпірінде сахна төріне шыққан поэзия падишасы туралы қойылымдардың санында есеп болмады. Талай тағылымды дүние көрерменін қуантты. Фаризатану іліміне драматургия бағытында жаңаша жол ашты. Оның біразын көріп те үлгердік. Сондағы байқағанымыз – әр театр өзі танып, зерделеген Фаризасын тудыруға тырысқандығы. Сондықтан да болса керек, бүгінгі біз куә болған елордалық театр ұсынған ақын әлемі де өз өрнегімен есте қалды. Шымылдық жабылған соң да қойылым әсерінен арылмаған көрермен көңілде жатталған Фариза өлеңдерін күбірлей оқып есікті бетке алды. Бұл – поэзияға деген махаббат, сүйікті ақынына деген халқының өлмейтін мәңгілік сағынышы еді...