Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша қазір ғаламшарда қатерлі ісік ауруына шалдыққан 20 миллионнан астам науқас бар. Аты жаман дерттің алғашқы белгісі жыл сайын 30 мың адамның бойынан анықталады. Ал Қазақстанда обыр диагнозымен 180 мыңнан астам тұрғын тіркелген.
Жалпы, әлем дәрігерлерінің қатерлі ісік ауруымен күресу ісі толық жеңіспен аяқталмаса да, адамзат үшін үміт сәулесін жақты. Яғни, рак қазір адам үшін «өлім үкімі» тізімінен шыға бастады. Бұл жердегі жеңіс тек медицинаның қолында емес, науқастардың өмір сүруге құштарлығы мен аурудың алдын алуға деген жауапкершілігіне де байланысты екен.
– Рак ауруымен күресу барысында медицина үшін науқастың бастапқы кезеңде келгені өте маңызды. Адам әрі қарай ем алса, қажетті шараны үзбесе, құлан таза айығып кетуіне 100 пайыз кепілдік бар. Ал адам бойында ауру белгілерінің бар-жоғын тек медициналық тексеру кезінде ғана анықтай аламыз. Ол үшін тұрғындардың өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, мүмкіндігінше жиі тексеруден өткені дұрыс, – дейді Алматы облысы аймақтық онкология диспансерінің директоры Саяхат Олжаев.
Аумағы үлкен Алматы облысында 2 онкология диспансері бар. Жоғарыдағы деректер Алматы қаласы маңындағы облыс тұрғындарына қатысты мәлім болған дәйек. Ал өңірдің шығыс аймағындағы аудандар мен облыс орталығы тұрғындарының денсаулығына жауапты – Талдықорғандағы онкология диспансері. Өкінішке қарай, былтыр осы аймақтағы тексеруден өткен тұрғындардың 21,2 пайызынан обыр ауруының алғашқы белгілері табылып отыр. Талдау нәтижелері көрсеткендей, рактың 3-4 стадиясындағы адамдар қатары Ақсу ауданында 12,5 пайыздан 28,6 пайызға, Кербұлақ ауданында 9,1 пайыздан 22,2 пайызға көбейгені белгілі болды. Ал бұған дейін аты жаман ауру белгілері тіркелмеген Балқаш ауданында да науқас саны 33,3 пайызға жетіпті.
Жалпы, аты жаман аурудың күрт көбеюін онкологтер бірнеше факторға сілтейді. Табиғи паталогияның асқынуы мен сыртқы жарақат салдарынан пайда болатын обыр түрлерін айтпағанда, қазір рак ісігінің асқынуына әлеуметтік жағдай жиі әсер ете бастапты. Адамның жүйкесіне түскен салмақ пен саламатты өмір салтының сақталмауы дерттің пайда болуына ғана емес, ем қонбайтын деңгейге дейін жетуіне себепші болып отыр екен. Бұл жерде дерттің асқынуына қатысты науқас пен дәрігер арасындағы пікірлерде алшақтық барын да айтуымыз керек. Мысалы, онкологтер рактың көбеюін науқастардың ем қабылдауға кешігіп келуіне апарып тіресе, науқастар дертті анықтаудағы кедергілердің барын алға тартады. Былай қарағанға екі жақтың да уәжі орынды. Алайда облыс аудандарында білікті онколог дәрігерлердің тапшылығын денсаулық саласының басшылары да мойындайды. Тіпті онколог маман былай тұрсын, аймақтың барлық ауданында жалпы тәжірибе дәрігерлері жетіспей отыр.
Сондай-ақ обырға қарсы тексерілуге кететін қаржы мен дәрі-дәрмек бағасын кез келген ауыл әйелінің қалтасы көтермейді. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданындағы Сөгеті ауылының тұрғыны Ғалия Бартаева ауыл мен ауданда білікті онкологтың болмауынан Алматы қаласына барып қаралуға тура келетінін айтады. 4 жылдан бері сүт безі обырымен күресіп жүрген ана облыстық диспансерге қаралудың ұзын-сонар кезек екенін әрі қажетті сараптамалар мен талдаулар үшін ақша төлеуге мәжбүр болғанына налиды. Әр қаралған сайы 3 мың теңгеден 10 мың теңгеге дейін қаржы жұмсайтынын айтқан Ғалия Бартаева ауылдағы жұмыссыз әйел үшін бұл өте ауыр соғатынын да айтты. Қазір ауыл тұрғыны жергілікті дәрігерлердің немқұрайлылығымен тағайындаған емнің сапасыздығы шаршатқаннан кейін, жекеменшік клиникаларға қаралуға көшкен.
Өкінішке қарай, Алматы облысында да тұрғындардың қатерлі ісікке шалдығу дерегі азаймай отыр. Өткен жылы өңірде 2835 адамға осы дерттің диагнозы қойылыпты. Ал ауруы асқынған 1108 адамның ажалына араша түсу мүмкін болмаған. Статистиканы сараптағанда, аты жаман аурудың әйелдер арасында өршіп келе жатқаны байқалған. Жалпы, рак ауруының 20 мың түрі бар екен. Оның ішінде алғашқы тізімде сүт безінің ісігі тұр. Жатыр мойны обырына шалдығу да жоғары. Былтыр осы диагноз бойынша аймақтың онкология диспансерінде 238 науқас ем қабылдапты. Ауру белгілері ерте анықталған 178 әйелдің дерттен құлан таза айығуына үміт бар. Ал жағдайы өте ауыр 14 науқас рактың соңғы стадиясында ғана онкологтерден ем-дом іздеп келген екен.
Алматы облысы