Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов Қарақия ауданы әкімінің халық алдындағы есеп беру жиынына қатысты. Алдымен аудан әкімі Қыдырберді Беков өзінің жылдық жұмысын баяндап, ауданда атқарылып жатқан нақты істер мен алға қойған міндеттерге тоқталды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қарақия - өңірдегі қарқынды дамып келе жатқан аудандар қатарында. Өткен жыл қарақиялықтар үшін нәтижелі болды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы кең етек жайған. Бұл салаға тартылған инвестиция көлемі 2018 жылмен салыстырғанда бірнеше есеге артқан. «Алдағы жылы фермерлік жылыжайлар көлемін 1,5 гектарға арттыруды жоспарлап отырмыз», - деді әкім өз сөзінде.
«Аграрлық несие корпорациясы» бойынша да оң өзгерістер байқалады. 3 жоба іске асып, нәтижесінде шаруа қожалықтары 70 бас боталы түйе, 78 бас жылқы, 30 боталы түйе сатып алған. Жайылымды суландыру мақсатында «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында 206,2 млн теңгеге 58 құдық қаздырылып, қожалық иелері 155,3 млн теңгеге 80 пайыздық субсидия жеңілдігін пайдаланды. Сұранысқа сай жаңа ғимараттар бой көтеріп, әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтті.
Елді-мекендерге ауыз су тартылып, білім мекемелері кеңжолақты интернетпен 100% қамтылды. Аудандық қазынаға 13,5 млрд теңге түсіп, кірістер 101,1% орындалды. Биыл аудан халқының саны 38100 адамға жетіп, 1,3% көбейді.