Түпқараған ауданында шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуға ынталы жандар көбейіп, оң өзгеріс байқалады, деп хабарлайды аталған аудан әкімінің есебіне сілтеме жасаған Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қазір бұл салада 4068 адам өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Кәсіпкерлік нысандары 19,5 млрд теңгенің өнімін шығарып, пайыздық көрсеткіші 52,1%-ға артқан.
«Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жалпы құны 172,4 млн теңге болатын 39 несие алынып, нәтижесінде 52 жұмыс орны ашылды. Ауданның ауыл шаруашылығы өркендеп, төрт түліктің өсуінде ілгерілеу бар.
Қазіргі уақытта 317 шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 286 шаруашылық мал өсірумен, 31-і егіншілікпен айналысады. Егіншілік біртіндеп тамшылата суару әдісіне көшуде.
2019 жылы ауданда 31 шаруа қожалығы 220 га жерге егін екті. 5 жылыжайдан 248 тонна өнім алынды.