• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Ақпан, 2020

Өнеркәсіптік қалдықтардың шамамен 8 мың тоннасы қолданылады

291 рет
көрсетілді

Қазақстанның автомобиль жолдары саласы табиғи ресурстарды сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қосуда. 2015 жылдан бері республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, жаңарту кезінде мамандар өнеркәсіптік қалдықтардың 7 млн 730 мың тоннасын пайдаланды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

  Тарқатып айтар болсақ, «Орталық – Оңтүстік» дәлізін салу кезінде қож қиыршықтастың 432,5 мың тоннасы, ұсақталған доменді қождың 291,2 мың тоннасы пайдаланылды.   Бұдан бөлек, «Орталық – Оңтүстік» және «Орталық – Шығыс» дәліздері учаскелерінде жұмыстарды жүргізу барысында күл-қож, бокситті шлам, күл сияқты басқа да өнеркәсіптік қалдықтар қолданылды. Қалдықтар «АрселорМитталТемиртау» АҚ және «АлбаСтройДор» ЖШС-нен алынған.  

Айта кету керек, былтыр «QazAvtoJol» ҰК» АҚ мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Экологиялық реттеу және бақылау комитеті арасында бекітілген келісімшартқа сәйкес 5 жыл ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, жаңарту үшін өндірістік қалдықтардың 5,3 млн тоннасы пайдаланылады деп жоспарланып отыр.

Қазақстандық экологтардың айтуынша, елімізде қалдықтардың 22 млрд-тан астам тоннасы жинақталған. Оның 16 млрд тоннасы – техногенды минералды құрылымдар, 6 мыңға жуық тоннасы – өндіріс орындарынан шығатын қауіпті қалдықтар. Осылайша, жыл сайын елімізде өнеркәсіптік қалдықтардың 700 млн-ға жуық тоннасы жиналады. Аталмыш материалдарды республикалық маңызға ие автомобиль жолдарының құрылысы мен реконструкциясы саласында пайдалану қоршаған ортаны қорғауда, ресурстарды рационалды қолдануда үлес қосуда.

Айта кету керек, өнеркәсіптік қалдықтар - жол жамылғысы сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін жол саласы үшін арзан әрі тиімді құрылыс материалдары. Осылайша ол жолдардың сапасын арттырып, автомобиль жолдарына қызмет көрсетуге кететін шығынды азайтуға мүмкіндік береді.

Өндірістік қалдықтармен қатар, елімізде жолдардың құрылысында қайталама шикізат қолданылады. Мәселен, «Көкшетау – Кішкенекөл - Бидайық – РФ шекарасы (Омбыға)» жолында асфальтбетонды жамылғының жоғарғы қабатында резеңке үгіндіні тәжірибелік-эксперименттік қолдану жүргізілді. Сондай-ақ, бүгінгі таңда жолшылар қайталама материалдарды пайдалана отырып, суық ресайклинг әдісін белсенді қолданады. 2015 жылдан бастап аталмыш технология бойынша ұзындығы 2 мың шақырымнан астам автожолдарға жөндеу жүргізілді.