Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтардың бірі ретінде мемлекет пен қоғамның дамуына зор кедергі келтіріп отырған жемқорлыққа қарсы жүйелі де ымырасыз күрес жүргізу қажеттігін атап көрсеткені жайдан-жай емес. Президент мемлекет пен қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұдырықтай жұмыла білуі керектігін 2019 жылғы 2 қыркүйек күнгі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ» деп тағы да пысықтап, нақтылап, атап көрсеткен болатын. Сондықтан да бұл мәселе, яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек мемлекеттік органдардың ғана емес, еліміздің әр азаматының ел алдындағы, тәуелсіздік алдындағы парызы деп білгеніміз жөн.
Өткен жылдың желтоқсан айында өңірлік партия басшыларымен кездесу барысында Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партия мүшелеріне, партияның құрылымдық органдары алдына бірқатар маңызды міндет қоя отырып, жемқорлыққы қарсы күрес барлық қазақстандықтың міндеті екендігін көлденең тартты. Тұңғыш Президенттің сол жолы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестердің жұмысын күшейтуді тапсырғаны да мәлім. Соған сай, Nur Otan партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жобалық таныстырылымында партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жыл сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының орындалуы туралы партиялық баяндама жариялайтындығын мәлімдеген еді. Партия Төрағасы бірінші орынбасарының бұл тұжырымдамасы қазақстандықтардың бойында сыбайлас жемқорлыққа деген төзімсіздік қалыптастыруға зор ықпал етері сөзсіз ғой деп ойлаймыз.
Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимылдарын тәрбие жұмыстарымен ұштастыра жүргізуге тиістіміз. Жемқорлыққа қарсы күрес – ол тек қана күдікті немесе айыпты болғанның қолына кісен салып, түрмеге тоғыта беру емес, ол ең әуелі адалдық пен әділдік үшін күрес екенін зерделегеніміз жөн. Бізде жемқорлықтары үшін кімдер ұсталмады, кімдер темір тордың ар жағында отырмады? Жағдай оңалды ма? Өкінішке қарай, ілігіп жатқандар қатары сирер емес. Міне, сондықтан жемқор мен парақордың қолына салынар темір кісеннің күшіне ғана емес, ендігі арада кісіліктің, адамның ой-санасына ақыл-парасат, ынсап пен қанағаттың сәулесін түсіретін тәрбие мен үгіт-насихат жұмыстарына жаңа мазмұн беруге тиістіміз. Абай хакім айтқан «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой – бес асыл іс көнсеңіз», деген қағиданы ұрпақ санасына сіңіре алсақ, бүгінгі тоғышарлықтан, пайдакүнемдіктен арылып, сол Абай айтқан «пайда ойламай, ар ойлайтын» ұрпақ өсіру абзал міндетіміз болса керек деп толғанамыз да!
Осы орайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың басшылығымен сала жанынан үш бірдей жаңа департаменттің құрылуы және де олардың «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу», «Парасаттылық», «Серіктестік» деп аталулары халықтың жемқорлық сияқты жат әрекетке қарсы күрестегі белсенділіктері мен азаматтық ұстанымдарын арттырар қадам екендігін де айтар едім. Сонымен бірге Агенттік жанынан Республикалық ақпараттық үгіт-насихат штабының құрылуы, оның мүшелігіне еліміздің абыройлы да беделді ел ағалары мен қайраткерлерінің тартылуы Қазақстан бойынша жемқорлыққа қарсы үгіт, түсінік және насихат жұмыстарының жандана түсуіне ықпал етері де сөзсіз. Осы штабтың бір мүшесі ретінде мұның тиімді құрал екендігіне толық сенімдімін.
Осы жерде айта кететін бір жайт, Nur Otan партиясы Ақмола облыстық филиалының Жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңесі өз жұмысын партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға тартып отырған міндеттеріне сай ұйымдастыру үшін тың ізденістерге баруда. Осы орайда біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жалпы қоғамды, соның ішінде әсіресе жастарды барынша жұмылдыра білуге айрықша көңіл бөлудеміз. Өйткені жастардың бойында жемқорлық пен парақорлыққа қарсы наразылық пен төзбестік қалыптасып қалғандығын аңдауға болады.
Бұл орайда былтырғы жылдың аяғында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Ақмола облысы бойынша департамент басшысы Марат Төлеубаев екеуміз Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студент жастарымен кездесіп, ашық пікір алысу алаңында салиқалы әңгіме өткізгенімізде жас буынның бойынан ендігі арада қоғамды жемқорлық кеселінен айықтыруға деген зор ынталары мен ерік-жігерлерін таныдық. Сондағы тағы бір қуанғанымыз, жастар жемқорлық әрекеттердің қоғамға тигізер залалын жақсы білетіндіктерін және жемқорлыққа қарсы ұйымдастырылатын кез келген іс-шараға белсене қатысып жүргендіктерін айтты. Салиқалы ой-пікір айтқан кей жастарды Департамент басшысы қазірден бастап өздерімен әрдайым тығыз байланыста жұмыс істеуге шақырды. Белсенді жастарды біз де партиямыздың қатарына тартып жатырмыз.
Қазіргі уақытта Nur Otan партиясының Ақмола облыстық филиалы қарапайым азаматтардың проблемаларын шешуді ұйымдастыратын, өзекті және өткір мәселелер талқыланып жататын ашық алаң болып қалыптасты деуге толық негіз бар. Жыл басынан бері ғана 5,5 мың адам біздегі қоғамдық қабылдаудың көмегіне жүгінді. Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлық мәселесі бойынша дербес «жедел желіні» құру мәселесі де қарастырылып жатыр. Егер бізге жемқорлық әрекеті жайлы шағымдар түсіп жатса, бізде оған жауап қайтаратын немесе жемқорлық әрекеттің алдын алатын айқын бағдарымыз болуы керек деп санаймыз.
Nur Otan партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың басшылығымен әкімдік жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссияның отырыстарында өңірде қалыптасқан жағдай жан-жақты қаралып тұрады. Бұл орайда Мемлекет басшысының талаптары әрдайым алға тартылады.Жемқорлыққа қарсы күрес қоғамның және мемлекеттік қызметкерлердің басты міндеттері екендіктері атап көрсетіліп, заң бұзушылыққа ең әуелі олардың өздері жол бермеуі керектігі талап етіліп келеді.
Әлқисса, сөз барысында Қазақстанның барлық қалаларының көшелеріне ілініп тасталған билбордтардың мазмұнын тереңдетуді ұсынар едім. Мысалы, қазір еліміздің бүкіл қаласы мен елді мекеніндегі сол билбордтардағы «Параға емес, биікке ұмтыл!» немесе «Қолыңды таза ұста!» деген сияқты сананы селт еткізбейтін сүлесоқ әрі жалаң сөздердің ешбір әсері жоқтай сезіледі. Ендігі біздің ұран сөздеріміз «Пара беру де, пара алу да – қылмыс! Өз болашағыңа балта шаппа!», «Арыңды таза ұста!», «Жемқорлық – сүйегіңе таңба! Ұрпағыңның келешегін ойла!» «Пара алсаң, түбінде бір тұтыласың!», «Ұрлық түбі – қорлық!» деген сияқты ұғымға жақын да әсерлі бір ұлағатты ойлардан құралса ғой деп отыратынымыз да бар.
Бүгінде заман алдымызға жаңа талаптар мен міндеттер қоюда. Олай болса, біз де, яғни ел болып тәуелсіздікке төндірер қаупі бар кеселмен күреске жаппай жұмылайық!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Nur Otan партиясы Ақмола облыстық филиалының Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы, Сенаторлар кеңесінің мүшесі
КӨКШЕТАУ