• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Ақпан, 2020

Баланы құтқарған капитан

191 рет
көрсетілді

Ақпанның алғашқы күні Жетісай ауданында күн түнеріп, бет қаритын суық жел соғып тұрған болатын. Түс ауған шақ. Жетісай аудандық полиция бөлімінің ғимаратынан сыртқа қарай шығып, қызметтік көлігіне беттеген Мараттың қосулы рациясынан «Достық» каналында бала суға ағып бара жатыр, құтқару керек» деген дауыс естілді.

Қасындағы әріптесімен бірге көлік дабылын қоса оқи­­ға болған аймаққа қарай жүйткіген олар небәрі 3 минут­та каналға жетті. Жағаға бірне­ше адам жиналып қалған, әлде­бір балалар үрейлі дауыспен ай­қайлап жүр. Ал судың орта тұ­сында тұншығып, батып бара жатқан баланың сұлбасы ғана көрінеді. Қар еріп, каналдағы су арнасына толған кез. Суық суға түсіп баланы құтқарып қа­луға ешкімнің батылы жетпей немесе жүзе алмайтындар жи­налса керек, әйтпесе үлкені де, кішісі жағада тұр. Өкінішке қа­рай, қызық көргендей ұялы телефонын алып бейнетаспаға тү­сіріп жатқаны да бар. Канал жа­ғасына жеткен бойда сырт киімін тез-тез шешкен Жетісай АПБ-ның анықтаушысы, полиция капитаны Марат Нұрым­бетов тастай суға қойып кетті. Одан соң су шетінде жатқан жұм­сақ ре­зеңке шлангты қо­лына мықтап қыса, балаға қа­рай бар күшімен жүзе жөнелді. Ағысы қатты су да әжептеуір те­рең еді. Екеуін де су түбіне тар­тып кету қаупі үлкен. Осы сәтте Маратта ең болмаса бала­ны қо­лындағы шлангке орап, құт­қарып қалайын деген ой болды.

Жасөспірім бала суға бір батып, бір шығып, жанұшыра айқайлауда. Бар күшімен жүзіп, санаулы секундтың ішін­де Марат та жетті. Балада дәр­­мен қалмаған. Су жұтып қойыпты. Құтқарушының қо­лы жеткені сол, сылқ түсті. Су­ға батып бара жатқан ұлдың денесін жұл­қи тартқан поли­ция капи­таны бір қолымен қап­сыра құшақтаған күйі жоғары қарай құ­­лаш сермеді. Осылайша баланы қармаған күйі жағаға қарай жүзе бастады. Қырсыққанда жағаға бес метрдей қалғанда, аяғын қа­йы­рып алса бола ма. Бала болса, қолында. Бар күшін жи­нап, қайта жүзе бастады. Жа­ғаға аман жеткен оларды Мараттың әріптестері кү­­тіп алды. Баланың денесі былқ-сылқ етіп, жансызданып бара жатты. Уақыт қымбат, жағаға шығысымен жедел жәр­демді күтпеген полицейлер қызметтік көлікке бала­ны сала ауруханаға қарай жыл­дамдатты. Жолда кетіп бара жатып балаға ал­ғашқы меди­циналық көмек көрсетуге кі­ріскен Марат Нұ­рымбетов жасөспірімнің жұ­тып қойған суын шығарумен әлектенді. Ес-түссіз жатқан оны жасан­ды жолмен демалдырып, сілкілеп, жүрегіне массаж жасады. Оған қоса суықта тоңып қалған мұздай денесін жылытайын деп уқалап, бар білген медициналық көмектерін көр­сетті. Әріптесі көлікті бірне­ше ми­нут ішінде емханаға жет­кізді. Баланы ақ халатты жан­дар­дың қолына табыстаған соң ғана полицейлердің көңілі ор­нына түскендей болды.

Он екі жастағы жеткіншек бірден жансақтау бөліміне жат­қызылып, кейіннен палатаға ауыс­тырылды. Әрине, аман қалған баланың ата-анасы құт­қарушы полицейге ағынан жарылып алғыстарын айтуда. Тосын оқиғаны әріптесі, Түр­кістан облысы Полиция де­партаментінің қызметкері Гүлнар Әбдірахманқызына толық баяндап берген полиция капитаны Марат Нұрым­бетов: «Бұл мен үшін ерлік емес, баланы құрмет көрейін, танымал болайын деп те құт­қарғаным жоқ. Менің орным­дағы кез келген адам осылай істейді. Бар ойым баланы аман алып қалу болды», – дейді.

Бұл ісін ерлік санамайтын, адами міндеті деп есептейтін по­лицей Жетісай ауданында дү­ниеге келген. Қатер төн­ген шақта батылдық танытып, бір­ден шешім қабылдап, жас баланы құтқарып қалған по­ли­цеймен арқа сүйер елі де мақ­танады. Өз өміріне қауіп төнсе де ойланбас­тан өзгенің өмі­рі үшін тәуекелге бас тіккен по­лицейді әріптестері де құрмет тұтады.

 

Түркістан облысы