Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Birgemiz» атты республикалық Волонтерлер фронт-офисінің ашылу рәсіміне қатысты. Аталған орталық осы саладағы жобаларды үйлестіреді әрі қоғамдық мониторинг жасайды және бүкіл еліміз бойынша оқыту, насихаттау жұмысын жүргізеді.
Әлеуметтік жауапкершілік артады
Жиын барысында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтер жылында көптеген ауқымды жоба қолға алынатынын атап өтті. Мұндай орталықтар еліміздің барлық өңірінде ашыл- мақ.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы волонтерлікпен айналысу қазақ халқының бойында бар асыл қасиет екенін еске салып, ата салтымызды қайта жаңғыртудың сәті келгеніне тоқталды.
«Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын «Асар» дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету», деді Қ.Тоқаев.
Президент қиын-қыстау кезеңде Қазақстанға жер аударылып келген көптеген этнос өкілдерін қазақ халқы бауырына басып, бір үзім нанымен бөліскенін атап өтті. «Өздеріңізге тарихтан мәлім, кезінде Қазақстанға көптеген ұлт өкілдері жер аударылды. Сол қиын-қыстау уақытта халқымыз оларды бауырына басып, бір үзім нанын бөлісті. Шынайы жанашырлық көрсету – қазақ халқына тән қасиет. Міне, нағыз волонтер атанудың озық үлгісі деп осыны айтуымыз керек», деді Мемлекет басшысы волонтерлермен кездесуінде.
Бүгінде дүние жүзінде волонтерлікпен айналысу үрдісі кең таралып, әлемдік қозғалысқа айналғаны белгілі. Мәселен, әлемдік ішкі жалпы өнімнің 2,5 пайызы – еріктілер еңбегінің нәтижесі. Осыны еске салған Мемлекет басшысы осы салаға бел шешіп араласуға шақырды.
«Қазірдің өзінде жер бетінде 1 миллиардқа жуық адам волонтерлікпен айналысады. Олардың жаһандық дамуға тигізер үлесі зор. Көптеген елде волонтер атану қалыпты жағдай, үлкен құрмет саналады. Жұртшылық оларды сыйлайды. Мысалы, Франция халқының жартысына жуығы волонтер атанған. Германия мен Жапонияда волонтерлердің саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Біз де осындай деңгейге ұмтылуымыз керек. Азаматтарымыз өзгеге көмек көрсетуден аянып қалмауы тиіс. Сол арқылы қоғамда әлеуметтік жауапкершілікті арттырамыз», деді Президент.
Хакім Абайдың «Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген ұлағатты сөзін келтірген Президент волонтерлікті кеңінен дәріптеп, береке-бірлігімізді арттыратын шараларға бір ел, тұтас ұлт болып атсалысу қажеттігін атап көрсетті.
«Волонтерлік – патриотизмнің бір көрінісі. Еріктілер, ең алдымен, елдің игілігіне қызмет етеді. Олардың жұмысы азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Волонтерлік – «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» әрекет ету. Волонтерлік – халқымыздың шынайы болмысы. Бұл бастама ұлтты ұйыстырып, мемлекеттілікті нығайту үшін қажет», деді Қ.Тоқаев.
Ой-сананы жаңғыртатын бастама
Президент волонтерліктің нақты істермен көрінетін патриотизмнің жоғары деңгейін білдіретініне тоқталып, біреудің дүние-мүлкіне қол сұғып, тонаумен айналысатындарды патриот санамайтынын жеткізді.
«Отанға деген махаббат үлкен ұрандар мен бос декларациялар емес, бұл – күнделікті еңбек, соның ішінде халықтың игілігі үшін шынайы атқарылатын қайырымды іс. Бұл – адамның болмысы, бұл – терең білім, жоғары мінез-құлық мәдениеті. Өзгенің дүние-мүлкіне қол сұғатын, тонаумен айналысатын, жалған патриоттық ұрандарды тарататын адамдар патриот еместігін түсінуіміз керек. Өзгелердің мүлкін тонап, олардың өміріне қауіп төндірген азаматтар халқымыздың патриоты емес. Мұндай адамдар – заңды өрескел бұзған қылмыскерлер. Сондықтан олар қоғам мен мемлекет алдында заңға сәйкес жауап беруі тиіс», деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, патриотизм, қоғамға қызмет ету және игілікті іс – адамның тұлғалық және рухани дамуының жоғары деңгейінің жарқын көрінісі.
«Волонтерлік – мемлекет пен қоғам ілгерілеуінің жарқын көрінісі. Елдің дамуы мен жетістігі халықтың патриоттық белсенді әрекетіне тікелей байланысты. Олар күн сайын маңызды қызмет етеді. Мұндай азаматтар бізде аз емес. 16 мың адам – бастапқы меже. Келешекте жүз мыңдаған, миллиондаған адам жан-тәнімен, ерікті түрде волонтерлікпен айналысатынына сенімдімін. Мемлекеттің, атқарушы биліктің және Парламент депутаттарының міндеті – волонтерлік қозғалысқа атсалысуға мүмкіндік беру.
Волонтерлік қызмет реформаларды жүзеге асыруда, жалпы мемлекетімізді жаңғыртуда маңызды рөл атқарады. Яғни волонтерлер өздерінің іс-әрекетімен аса маңызды реформаларды жүзеге асыруға нақты үлес қосады. Еңбекқорлық, әлемге ашықтық арқылы озық технологияға және жоғары еңбек өнімділігіне негізделген жаңа экономика құра аламыз. Волонтерлік идеясын белсенді ілгерілету отандастарымыздың ой-санасының жаңа парадигмасын жаңғыртуға ықпал етеді», деді Президент.
Жиын барысында жақынына көмектесу қазақ ұлтының қанына сіңген ерекше қасиет екені де айтылды. Мемлекет басшысы мұндай дәстүр қиын-қыстау кезеңде халық ретінде болмысымызды сақтап қалуға көмектескеніне екпін берді.
«Бүгін де еліміздің азаматтары мұқтаж жандарға қол ұшын беруге әрдайым дайын екенін көрсетіп келеді. Арыс оқиғасы – соның айқын дәлелі. Төтенше жағдай кезінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған волонтерлер зардап шеккендерге көмектесті. Қаланы қалпына келтіруге белсене атсалысты. Біздің халқымыз өзгенің басына түскен жағдайға ешқашан бейжай қарамаған. Бұған күнделікті өмірден көптеген мысал келтіруге болады», деді Қ.Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлер алдында сөйлеген сөзінде белсенді ұйымдарды атап өтті. Атап айтқанда, қиын тұрмыстық жағдайға тап келген адамдарға көмек қолын созуға дайын мыңдаған белсендісі бар ұлттық волонтерлер желісінің, «Lider.kz», «Best for kids», елордалық «28 петель» клубы мен «Қамқоршылар клубының» жұмысына жоғары баға берді.
Ұлттық волонтерлік желі 10 жыл ішінде мыңдаған белсендіні жинап, кез келген маңызды әрі қиын сәтте көмек қолын созуға әзір. Ұйым үлкен компанияларда корпоративті волонтерлікті дамытып, әдістеме арқылы көмектесіп, елімізге келген қонақтар мен туристерге арналған ерікті кездесу өткізеді.
Сондай-ақ «Lider.kz» волонтерлік қозғалысының жұмысын ерекше атап өткен жөн. Бұл ұйым төтенше жағдайда көмек көрсету үшін құрылған. Оның мүшелері жоғалған азаматтарды іздестіруге белсене атсалысады. Қазір осы қозғалыстың қатарында бір жарым мыңнан астам ерікті бар.
Волонтерлікпен айналысып жүрген «Best for kids» қоғамдық қорының да жұмысы – көпшілікке үлгі-өнеге. Бұл ұйым өз қызметін осыдан он жыл бұрын Ақмола облысында бастаған. Содан бері балалар үйіндегі жасөспірімдерге тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Қор жастарға жігер беретін түрлі дәрістер, тренингтер өткізеді. Сонымен қатар жетім балаларға көмектеседі. Міне, осындай волонтерлік ұйымдарды көбейтуіміз керек», деді Президент.
Президент мұндай мысалдың елімізде көптігін айта келе, Қазақстанда волонтерліктің бірте-бірте жалпыұлттық сипат алып келе жатқанына тоқталды.
«Бұл үдеріс Волонтер жылында атқарылатын іс-шаралардың арқасында азаматтарымызды одан әрі біріктіре түсетініне сенімдімін. Игі істер біздің мәдени бірегейлігіміздің ажырамас бөлігіне айналды. Елімізде 200-ден астам волонтерлік ұйым бар. Онда 50 мыңнан астам волонтер жұмыс істейді», деді Мемлекет басшысы.
Жеңілдік жасалып, қолдау көрсетіледі
Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы зор ондаған жалпыұлттық жоба қолға алынды. Волонтер жылының басты ұраны – «Birgemiz». Сондықтан биылғы барлық бастама мен игі іс халқымыздың бірлігін бекемдемек. Мемлекет басшысы өзі ұсынған «Әр алуан пікір – біртұтас ұлт» тұжырымы осындай шаралар арқылы жүзеге асырылатынына назар аударды. Осы орайда, мемлекет еріктілерге әрқашан қолдау көрсететінін жеткізіп, маңызды бірқатар бағытты атап көрсетті.
«Жастар жылын қорытындылау жиынында қоғамның нақты мәселелерін шешуге арналған бірқатар жобаларды айтып өттім. Ауыл жастары, балалар үйінің тәрбиеленушілері, ардагерлер мен зейнеткерлер қолдауды қажет етеді. Әсіресе науқастарға жәрдемдесудің маңызы ерекше. Волонтерлердің күшімен құқықтық сауат, экология салаларын жетілдіріп, Қазақстанның мәдени мұраларын қорғап, еліміздің батырларын еске сақтау салаларындағы түйткілдерді шешуге мүмкіндік мол», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарын жаһандық және аймақтық мәселелерді шешетін халықаралық волонтерлік бастамаларға белсенді түрде тартуды ұсынды.
«Қазақстан 116 елдің 20 миллионнан астам волонтерін біріктіретін Дүниежүзілік экологиялық «World Clean up day» науқанына қосылуға дайын. Отандастарымыздың БҰҰ, ЮНИСЕФ, AIESEC ұйымдарының еріктілік бағдарламаларына және басқа да халықаралық бастамаларға атсалысуы әртүрлі мемлекеттердің тәжірибесімен танысуға және елімізге үздік волонтерлік тәжірибені тартуға мүмкіндік береді», деді Президент.
Қ.Тоқаевтың сөзіне қарағанда, мемлекет волонтерліктің инфрақұрылымын қалыптастыруға қолдау көрсетуі тиіс. Соның ішінде аймақтық фронт-офистер барлық еріктілерге өз идеяларын немесе нақты волонтерлік жобаларын іске асыруға көмектеседі.
«Волонтерлерге жан-жақты қолдау көрсету керек. Менің тапсырмам бойынша оларға арнайы жеңілдіктер ұсынылады. Мысалы, енді волонтерлік жұмыс еңбек өтілі саналады. Сондай-ақ волонтер студенттерге қосымша стипендия беріледі немесе пән кредиттерін жабуға рұқсат етіледі.
Осы салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға да қаржылай көмек беріледі. Осыған орай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін 400-ден астам шағын грант бөлінеді. Әр гранттың құны 300 мың теңге көлемінде болмақ. Одан бөлек, әкімдерге жергілікті бюджеттен қосымша гранттар бөлуді тапсырдым. Еңбегімен ерекшеленген волонтерлер мемлекеттік наградаларға ұсынылады», деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Президент волонтерлік қозғалысқа қолайлы жағдай жасау үшін күш салатынын мәлімдеді. Осыған байланысты волонтерлік инфрақұрылым ашылмақ.
«Бүгін волонтерлік бағдарламалар мен жобаларды бақылау және жүйелеу үшін республикалық кеңсе ашылды. Осыған ұқсас орталықтар еліміздің бүкіл аймақтарында іске қосылды. Кез келген адам өз жобасымен сонда бара алады. Қазақстандағы мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында волонтерлік ұйымдар құру жоспарланып отыр», деді Қ.Тоқаев.
Волонтерлік жобалардың бәрін мемлекеттік мекемелермен, кәсіпкерлермен бірлесіп жүзеге асырудың артықшылығын еске салған Мемлекет басшысы мұндай қадам аталған саланың дамуына тың серпіліс беретінін жеткізді.
«Волонтерлер еліміздің рухани әлеуетін арттыруға үлес қосуы керек. Мәдениетімізді дамытпай өсіп-өркендеу мүмкін емес. Сондықтан осы мәселеге ерекше мән берілуі тиіс. Қазіргі таңда мәдениет және өнер саласындағы жас таланттардың арқасында Қазақстан күллі әлемге танылып келеді.
Біз осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек, яғни ойы ұшқыр, дарынды азаматтарды барынша қолдау керек. Сонда ғана төл мәдениетімізді жаңа белеске көтеретін буын қалыптасады. Осыған байланысты Мәдениет пен өнер бастамаларын қолдауға арналған қор ашуды тапсырдым. Бұл құрылым өнер ұйымдары мен ерекше жобаларға қаржылай да, басқа да көмек көрсетеді. Қордың жұмысына волонтерлерді де тарту қажет. Олар музей, кітапхана және өнер мекемелерінде өздерінің жобаларын жүзеге асыра алады. Осы шаралар еліміздің шығармашылық әлеуетін нығайтуға мол мүмкіндік береді», деді Қ.Тоқаев.
Нормативті-заңнамалық база жасақталады
Мемлекет басшысы БАҚ-ты ақпарат алаңында волонтерлік қызметті белсенді түрде насихаттауға шақырды.
«Жоғарыда айтылған міндеттердің бәрін іске асыру үшін біз волонтерлік қызметтің заңнамалық базасын нығайтуды көздеп отырмыз. Волонтерлер жұмысын табысты жүргізу үшін өзінің нормативті-заңнамалық негіздемесіне сүйенеді. Маңызды міндеттердің бірі – волонтерлерді дайындау үшін тренингті бағдарламаларды әзірлеу. Тұрақты түрде оқыту семинарлары өткізіледі. Биыл дәстүрлі «Зерен» жастар лагері осы тақырыпқа арналады. Волонтерлік идеясы білім ордаларындағы оқыту бағдарламаларының элементіне айналады. Азаматтарымыздың игі ісін БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы халқымызға жеткізіп отыру керек», деді Президент.
Мемлекет басшысы волонтерлердің күн сайын ауқымды әрі маңызды жұмыс атқарып келетінін атап өтті. Сол арқылы Қазақстанның өсіп-өркендеуіне үлес қосып отырғанын алға тартты.
«Волонтер жылы – кезекті науқан емес. Осыны халыққа түсіндіруіміз керек. Бұл – ел үшін, қоғам үшін адал қызмет. Волонтерлік халқымыздың өмір салтына айналуы керек. Оны тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі және болашақ сипаты ретінде дәріптеген жөн. Волонтерлердің бойындағы қайрат-жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Еліміздегі әр ауыл-аймақ осы маңызды жұмыстан тыс қалмайды деп сенемін», деді Президент.
Айта кетерлігі, жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы волонтерлер қозғалысының құрметті елшісі атанды. «Бұл мәртебе – волонтерлік қызметтің құрметті елшісі атану да ерекше маңызға ие. Сол себепті бірге жұмыс атқарамыз», деп ағынан жарылды Президент.
«Birgemiz» фронт-офистің ашылу салтанатында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев баяндама жасап, жоспарланған жобалармен таныстырды.
«Жаңа бастама» деп аталатын жаңа жобаға назар аударғым келеді. Мемлекет бұл жобаға 170 миллион теңге бөлді. Яғни 170 әлеуметтік жоба миллион теңгеден ала алады. Бұл қаражат айлық ретінде емес, волонтерлерге ыстық тамақ беруге, жолақысын төлеуге, керекті жабдық алуға жұмсалады», деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ министр qazvolunteer.kz сайтына 16 мың студент тіркелгенін атап өтті. Алдағы уақытта волонтерліктің дамуы үшін заңнамаға да өзгерістер енгізу жоспарланған.
«Биыл волонтерлердің саны артады деген сенімдемін. Мыңдаған волонтер өмірлік қиын жағдайға тап келген балалармен жұмыс істейді. 14 мың жоғары сынып оқушысын ағылшын тілінен Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындауды жоспарлап отырмыз. 7 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетеміз», деді Д.Абаев.
Министрдің сөзіне қарағанда, Волонтер жылы аясында бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асыру көзделген. Бүгінде елімізде 50 мың белсенді азаматы бар 200 волонтерлік ұйым жұмыс істейді.
«Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясына 300 мың адам қатысты. Осы жылы бұл акцияны жалғастырамыз. Меніңше, олардың саны миллион адамға жетуі тиіс. Биыл Қазақстан дүниежүзілік акцияға қатысады», деді ведомство басшысы.
Д.Абаевтың келтірген деректеріне сүйенсек, бүгінде қазақстандықтардың тек 6 пайызы ғана волонтерлікпен белсенді айналысады. Әйтсе де, волонтерлік шараларға қатысуға ниетті қазақстандықтардың саны 48 пайызға жуықтайды.
Іс-шара соңында «Qazvolunteеr.kz» онлайн-платформасы көрсетілді. Сондай-ақ «Birgemiz: Asyl mura», «Birgemiz: Bilim», «Birgemiz: Saýlyq», «Birgemiz: Sabaqtastyq», «Birgemiz: Taza Álem», «Birgemiz: Úmit» секілді жобалар таныстырылды.
Жоғарыда аталған жобалар еліміздің түкпір-түкпіріндегі өңірлерде жүзеге асырылып, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, ел дамуының даңғыл жолына үлкен үлес қоспақ. Осы бастамалардың сәтті жүзеге асуына жәрдемдесетін фронт-офистің жұмысы жан-жақты ойластырылған. Волонтер жылының қорытындысы бойынша, «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы тағайындалмақ.
Қатысушы жастар лебізі
Мәнсия ЕСЕКЕЕВА,
«Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық қорының төрайымы:
– Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың волонтерлік жобаларды үйлестіретін әрі қоғамдық мониторинг жасайтын және волонтерлікті бүкіл еліміз бойынша оқытып, насихаттайтын фронт-офистің жұмысымен танысқан кезінде сөйлеген сөзін мұқият тыңдадық.
Жүйелі сөздің әрқашан жүйесін де, бағытталып отырған иесін де табатындығы даусыз. Президенттің сөзіндегі айтылған қадау-қадау мәселелер көпшіліктің көкейінде жүрген ойды дөп басып отыр деп айтсақ, артық болмас еді.
Қазақ халқы ықылым заманнан бері бауырмал әрі ынтымақшыл. Біздің күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан халықтық педагогикамызда да, салт-дәстүрімізде де бірлігімізді нығайтатын, ынтымағымызды арттыратын мазмұн өте көп. Біз де тереңнен тамыр тартқан осы бағытта жұмыс істеудеміз. Біздің «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы 2011 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Қазір Ақмола облысында жетпіс мыңнан астам мүшесі бар. «Жаста берген тәрбие, жас қайыңды игенмен бірдей» дейтұғын аталы сөз бар. Бұл өмір елегінен өткізілген тәмсіл. Біз де балғын жүректерде адамгершілік дәнін сеуіп, оң мен солын танытып тәрбиелеудеміз.
Шынын айту керек, балалар мен жасөспірімдер бір-біріне қамқорлық жасауға құштар. Мәселен, жоғары сынып оқушылары төменгі сыныпта тәрбиеленетін буынды ұдайы қадағалап отырады. Олардың оқуларына көмектеседі, әсіресе көркем шығармаларды нәшіне келтіріп, мәнерлеп оқуға құмар. Кейбір төменгі сыныптардағы оқушылардың сабақ үлгерімі нашарласа, көмекке келетіндер де жоғары сыныптардағы ағалары мен апалары. Балалар өз замандастарын ғана емес, ауылдағы жалғызілікті қариялар мен зейнеткерлерге де қол ұштарын беріп, қамқорлық көрсетеді. Мұндай мысалдар өте көп. Егде адамдарға жасаған жақсылықтары үшін ақ бата алып, көңілдері қанаттанып қалады. Осындай жайлар тәлімді тәрбиенің қайнар бұлағы, бастауы десек, қателеспес едік.
Ұйым өз жұмысын жан-жақты жолға қойған. Мәселен, бір кезде «тілі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір» деп айтылатындай жүздеген ұлт пен ұлыстың балалары балдәурен қызықты шақтарын бірге өткізіп, бірге ержетуде. Олардың арасында ұлтқа бөліну, ұлысқа бөліну жоқ. Ертең ат жалын тартып мінгенде де, араларына сына түспейтіндігіне сенім мол. Әрдайым түрлі тақырыпта байқаулар мен тренингтер өткіземіз.
Жас толқынды көркем әдебиетті оқуға, көркем өнермен бауырластыруға талпынамыз. Осының барлығы айналып келгенде, жас толқынның бойындағы ізгілік пен ізетті, парасат пен адамгершілікті дамыта түседі.
Ал парасатты адамдар қай уақытта болсын замандасының жан дүниесіне тереңдей үңіліп, қиналған сәтінде қол ұшын беруге даяр тұрады емес пе? Менің ойымша, патриотизмнің негізгі бір тамыры – волонтерлікті өрістету. Адамдардың бір-біріне жаны ашып, елжіреп тұруы бала жастан бойына бітіп, сүйегіне сіңуі керек.
Елдос АБАҚАНОВ,
Taza alem жобасының амбассадоры:
– «Біз біргеміз!» жобасы бірнеше бағытта жұмыс істейді. Мен эковолонтерлік бағытына жауаптымын. Экологияны, қоршаған ортаны қорғау бұл мемлекеттік дәрежеден бұрын әр азаматтың деңгейіндегі мәселе. Ол әр адамның өзінің тұрған жеріне көңіл бөлуі мен оны күтуінен басталады. Біздің негізгі мақсатымыз – келешекте елімізді, Жер шарын қорғайтын, сақтайтын ұрпақты тәрбиелеу, экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтын азаматтардың қатарын көбейту. Бұл да әлеуметтік жауапкершілік. Өйткені қоршаған ортаны ойлау, экологияға көңіл бөлу жастардың әлеуметтенгенін көрсетеді.
Аталған бағытта түрлі жұмыстарды қолға алдық, жобалар іске қосылды. Ең қарапайым қоқысты сұрыптауды үйретуден бастап, планетамыз үшін маңызды өзгерістерге аяқ бастық. Бұл тұрғыда мектеп, жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып жұмыс бастадық. Оларға волонтерлік туралы түсіндіріп, жұмыс істеу ретін көрсетіп жатырмыз.
Волонтерлік тек көмектесу емес, оның аясы кең. Экологиялық мәселелерді табу, реттеу, алдын алу да волонтерліктің бір бөлігіне жатады. Басқаша айтқанда, әлем жұртшылығын алаңдатқан мәселелердің себебі мен салдарын түсіну, анықтау. Бұл – экология мәдениеті. Келешекте бұл да жолға қойылады, азаматтарымызға қызық болады деген ойдамыз.
Тағы бір үлкен жауапкершілік – ақпарат тарату. Волонтерлер қатарын көбейту үшін дұрыс ақпарат таратуымыз керек. Волонтерлік арқылы үлкен компаниялардың назарын аудару, оларды экологияны қорғауға жұмылдыру да волонтерлердің әлеуметтік жауапкершілігі деп білемін. Өйткені кей кезде экологияға қауіп үлкен компаниялардың жұмысынан келеді. Сондықтан волонтерлік тек көмек емес, бұл – үлкен жауапкершілік. Бұл – маңызды мәселелерге назар аударта алатын күш.
Гүлмира АБДРАШЕВА,
«Клуб добряков» жобасының негізін қалаушы:
– Волонтерлік – әркімнің міндеті. Бәрі волонтерлікті тегін қызмет, жәрдемдесу деп біледі. Шынына келсек, әр азамат волонтер болуы керек. Көмекке мұқтаж адамдар көп. Мәселе материалдық көмекте емес. Жылы сөз айтып, қолдағаныңның өзі волонтерлік. Бұл да үлкен сауап. «Бәрі жақсы болады» дегенді естігісі келетіндер қаншама.
Жауапкершілік те әр адамның міндеті. Бұл тек волонтерлердің шеңберінде қарайтын мәселе емес. Әр азамат тұрып жатқан жеріміздің бізге тек уақытша берілгенін есінен шығармағаны жөн. Қоғамның, балаларымыздың алдындағы жауапкершілікті сезінуіміз керек. Ұрпағымызға бізден не қалатынын жиі ойлау қажет. Жердегі қоқысты көтергеннен азаматтардың арланбағаны дұрыс. Сондықтан волонтерлер деп жауапкершілік пен міндетті шектемеген жөн. Бұл барлығымыз бірге, жұмылып кірісетін жұмыс.
Қуандық Жанысбаев,
Shymkent Volunteers тобының жетекшісі:
– Нұр-Сұлтан қаласындағы ЭКСПО көрмесінің «Art Hub» павильонында орналасқан волонтерлердің «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатына және ондағы салалық 7 бағыттың таныстырылымына шақырту алғаныма қуаныштымын.
Өздеріңізге белгілі, Шымкент қаласы еліміздегі жастар көп шоғырланған мегаполистердің бірі. Сондықтан қаламызда волонтер жастардың қатары өте көп. Қазіргі таңда шаһарда 40-қа жуық волонтерлік топ жұмыс істеуде. Әрине Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі волонтерлер санын 100 мыңға дейін жеткізу керектігін айтты. Осы тарихи маңызы зор іс-шарадан қайтқан соң Шымкенттегі әріптестерімізді осы сауапты іске қатысуға шақыратын боламыз.
Волонтерлер сапына қосылғаныма 5 жылдан асты. Ең алғаш 2015 жылы осы салада қайырымдылықпен және өзін өзі басқару бағытымен жұмыс істей бастадым. Қазіргі таңда Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығы» КММ жанынан құрылған Shymkent Volunteers тобының жетекшісімін. Волонтерлік клубымыздың құрылып, жұмыс бастағанына 6 айдан асты. Президентіміз «Волонтер жылы» деп жариялағаннан бері Шымқалада волонтерлік топтар күн санап көбейіп келеді. Аталған волонтерлер тобымызда 200-ге тарта жас 3 бағыт («Qamqor», «Sabaktastyq», «Saýlyq») бойынша жұмыс істеп келеміз. Нақтырақ айтар болсақ, 6 ай ішінде 60-қа жуық іс-шара өткіздік. Мұның көбісі жағдайы төмен отбасыларға және Ардагерлер үйіне, Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне концерттік қойылымдар ұйымдастыру болды.
Сондай-ақ волонтерлердің бастамасымен өңірімізден шыққан өнер жұлдыздарымен бірлесе отырып «Жанға жылу» акциясын ұйымдастырдық. Нәтижесінде, жағдайы төмен 50 отбасын азық-түлік, қажетті заттармен қамтамасыз еттік. Бұл акция әлі де жалғасын таба- ды.
Сабыржан КЕҢШІЛІК,
Қызылорда қалалық жастар ресурстық орталығының директоры:
– Мемлекет басшысы биылғы жылдың басты ұраны «Birgemiz» екендігін атап өтіп, осы жыл аясындағы барлық бастамалар мен игі істер халқымыздың бірлігін бекемдейді деген сенімін білдірді.
Волонтер жылында біздің қоғамдағы нақты мәселелерді шешуге арналған бірқатар атаулы жобалар жүзеге асатыны айтылды. Мысалы, волонтерлік жұмыс енді еңбек өтіліне есептеліп, еріктілер ісіне үлес қосқан студенттерге түрлі жеңілдіктер жасалатынын қуана құптадық.
Осы салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға да қаржылай көмек беріліп, барлық жобаларға мемлекеттік органдар мен бизнес тарапынан қолдау болатыны бәрімізді бір серпілтіп тастады. Мен бұл шарада «Жеңіс» жобасы аясындағы қызылордалық волонтерлер жұмысы жайлы айтып өттім. Ұлы Отан соғысы, тыл ардагерлері мен әлеуметтік осал топтар өкілдеріне жәрдем беретін бұл қозғалыс қалада 4 жыл көлемінде тұрақты жұмыс істеп, жүздеген жанға көмек көрсетті.
Осы сапарымызда волонтерлер жұмысын үйлестірудің түрлі тәжірибелерімен таныстық. Енді соны елге жеткізіп, игі іспен айналысуға ниет білдіргендер арасында насихаттаймыз.
Қазір Қызылорда қаласының өзінде ғана волонтерлікпен айналысып жүрген 20-ға жуық ұйым бар. Алдағы уақытта осы ұйым мүшелерін оқытып, бағыттарымызды нақтылай түсеміз. Қиналғанға қол ұшын созатын игі дәстүрімізді жаңғыртатын жастардың қатары әлі де көбейе түсетініне күмән жоқ. Өйткені волонтер болу еліңе деген сүйіспеншіліктің көрінісі.