Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Премьер-Министр Асқар Мамин мен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістанда салынып жатқан нысандардың құрылысын тексерді.
Жаңа әуежайдың және оған апаратын автомобиль жолының салыну барысымен танысты. Нысан облыс орталығынан 16 шақырым қашықтықта орналасқан және биыл қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Терминалдың өткізу қабілеті жылына 3 млн жолаушыны құрайды деп жоспарлануда.
Жалпы Түркістан қаласындағы құрылыстар әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталық болып екі аймаққа бөлінген. Ол аймақтарда қазіргі таңда 15 мәдени-әлеуметтік нысан салынып жатыр. Бұл құрылыстарды биыл толық аяқтау жоспарланған. Құрылысы жүріп жатқан әкімшілік-іскерлік орталықта жабық бассейні бар спорт кешені, 7000 орындық стадион, оқушылар сарайы, департаменттер, басқармалар үйі, Конгресс холл, цифрлық кеңсе, аттракциондар саябағы сынды 8 нысан бар. Ал рухани-мәдени орталықта Яссауи мұражайының, «Ұлы дала» орталығы, қолөнер шеберлері орталығын қайта жаңғырту, ғылыми-әмбебап кітапхана, драма театры, Тұңғыш Президенті саябағы, Арбаттың, яғни 7 нысанның құрылысы жүргізлуде. Бұдан өзге, «Керуен-сарайдың» құрылысы басталған. Сонымен қатар Түркістан қаласында жеке инвестициялар есебінен туристерге лайықты сервистік қызмет көрсететін «Rixos», «Нұр-Әлем», «Hampton by hilton» атты қонақүй кешендері бой көтеруде. Бұл нысандардың құрылысын ағымдағы жылы аяқтау жоспарланып отыр. Қ.А.Яссауи кесенесінің буферлік аумағындағы абаттандыру жұмыстары да аяқталуы тиіс.
Үкімет басшысы жоғарыда аталған құрылыс алаңдарын аралап, Ұлы Жібек жолы Ұлттық қолөнершілер орталығы мен келу орталығы ғимараттарының қайта жөнделу барысын тексерді. Әрқайсысы 120 бөлмеден болатын «Rixos Turkestan» және «Hampton by Hilton» қонақүйлерінің, сондай-ақ, «Sembol construction» түрік компаниясы салып жатқан, инвестиция көлемі 80 млрд теңге болатын «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенінің құрылысымен танысты.
Биыл күзде Түркістанда Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің саммитін өткізу жоспарланған.
«Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістан қаласының дамуына ерекше көңіл бөледі. Осыған орай барлық қажетті нысандардың құрылысының уақытылы әрі сапалы аяқталуын қамтамасыз ету қажет», — деді Премьер-Министр А. Мамин.
Маңызды іс-шараға дайындық облыс орталығында басталып та кеткен. Мысалы, теміржол вокзалы алдындағы аллея абаттандырылуда. Аяқжол төсеу, жарық көздерін және орындықтар мен қоқыс жәшігін орнату, кіші архитектуралық пішіндер қою жоспарлануда. Сонымен қатар су ұңғымасы қазылып, декоративті ағаш көшеттері отырғызылады, шым төселетін болады. Алдағы уақытта теміржол вокзалының ішкі жүйесі де заманауи талапқа сәйкестендірілмек. Қалаға келген туристер үшін ақпарат алу бекеті (ресепшн) сынды жүйелерді қою көзделген. Күрделі жөндеуден өткен аллея Наурыз мерекесі қарсаңында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.