• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ең қысқа әңгіме 14 Ақпан, 2020

Өрімдей өскіндердің суға кету себебі неде?

562 рет
көрсетілді

Ақпан айының 12-сі күні талтүс шамасында Алматы қала­сындағы №184 мектепте оқитын үш баланың жоғалып кеткендігі туралы ақпарат тараған болатын. Жеткіншектердің мектепке кетіп, қайтып оралмағаны хақында алғашқы қоңырау Алатау аудандық полиция департаментіне сол күні кешкі сағат тоғыздар шамасында түскен.

Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша жұмыс тобы құрылып, іздестіру амалдарына қаланың Төтенше жағдайлар қызметі де кірісті. Бұл ақпаратты Lider еріктілер қозғалысы да өзінің Instagram парақшасында жария етіп, балалар аман-есен табылса деген үмітпен іздестіру шараларына қосылған болатын.

Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, 13 ақпан күні таңғы сағат 04.31-де 112 пультіне Алатау ауданы полиция басқармасының жедел кезекшісінен Теректі шағын ауданының жасанды коллек­торының жанында мектеп рюкзактары табылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына ҚР ІІМ ТЖ комитеті республикалық жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері жедел жұмылдырылған. Сүңгуірлер он үш жасар Денис Мельников, Сабыр Дүйсеғалиев және Вадим Сизовтің денесін судан алып шықты. Екі күнге жуықтаған жедел іздестіру жұмыстарының аяғы қайғылы жайтпен аяқтал­ғаны баршаға аспаннан жай түскендей әсер еткені анық.

Бүгінде ҚР ІІМ мәліметтері бойынша елімізде отыздан астам бала жоғалғандар тізімінде тұрса, өткен жылы 140-тан астам бала іздестіріліп, отбасына оралған. Мамандар балалардың үйден кету себептерін көп жағдайда әлеуметтік аз қамтылған отбасы­лардағы жағдайлармен байланыстырады. Алайда тұрмыс жағдайы тәуір отбасылардың өзінде де балалардың төмен баға алғаны, мектепте тәртіп бұзғаны үшін ата-анасының жазалауынан қорқып, үйден кетіп қалатындары туралы деректер аз емес. Мұндайда кейбір жағдайлардың аяғы суицидпен аяқталып жатады.

Бала тағ­дырына қатысты жайттардың басы бірді-екілі себептермен ашылмайтыны анық. Оның астарында әлеуметтік һәм қоғамдық мәселелер жатыр.

 

АЛМАТЫ