Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 2019 жылдың қорытындысы бойынша халық алдында есеп беру кездесуінде тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және экономика мен бизнеске қолайлы жағдай жасау арқылы өңірді дамыту басты міндет екенін атап өтті. Қорытынды жиынға 700-ге жуық облыс тұрғындары келді. Кездесу барысында өткен жылғы жетістіктер мен 2020 жылы алға қойылған айқын жоспарлары баяндалды.
«Түркістан облысы қайта құрылғалы бері аймақтың 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасты. Өткен жылы облыс бюджеті 561 млрд теңгеден, жыл соңына дейін 778 млрд теңгеге жетіп, 217 млрд теңгеге немесе 38%-ға өсті. Бірқатар салалар бойынша республикада көшбасшылар қатарынан көріндік. Жалпы, өткен жыл – өңір үшін жетістікке толы жыл болды», деген облыс әкімі дамудың түрлі салалары бойынша көрсеткіштерге тоқталды.
Айта кетелік, кездесу өткізіліп отырған ғимараттың бірінші қабатында арнайы жәшіктер қойылған. Бұл тікелей сұрақ қою мүмкіндігі болмаған тұрғындардың өтініш, шағымдарын салуға қолайлы. Бұдан бөлек, салалық басқарма басшылары да халықты қабылдауда. Жыл қорытындысымен тұрғындар тарапынан облыс әкімдігіне жер, әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және басқа да салаларға қатысты жалпы 4 134 өтініш келіп түскен. Аталған мәселерді шешу үшін тиісті басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне тапсырма берілген. Бұдан бөлек, облыс әкімі және орынбасарлары 809 азаматты жеке қабылдап, мәселелерін шешуге атсалысты.