• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Ақпан, 2020

18,6 миллионға жеттік

710 рет
көрсетілді

Қазақта бала саны мен мал санын айтпайды. Шүкір дейді. Бірақ қанша сақтансақ да, ресми құжат бәрін алақандағыдай жайып салып жатыр.  

Ресми статистика 2020 жылдың алғашқы күні  Қазақстанда   18 млн  632,2 мың адам тұрады деп хабарлады.  Бұл жолғы дерек қалада тұратындардың саны өткен жолғы көрсеткішпен   салыстырғанда өскені байқалады. Еліміздің қалаларында тұратын  халық саны – 10 млн 893,8 мың. Бұл қазақстандықтардың жалпы санының 58,5 пайызын құрайды. Сөйтіп, қазақстандықтар ХХI ғасырдың үшінші онжылдығын қалалық ұлт болып  қарсы алуға ыңғай танытты.

Ары қарай  жалғастырсақ: Ауылда 7 миллион 738,4 мың адам тұрады. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 236,5 мың  адамға көбейіппіз.

Халықтың ең көп өсуі Түркістан облысында және Нұр-Сұлтанда байқалады.

Жыл басында Ресей басылымдары «Өткен 2019 жылы Ресейде 1 млн 947 мың сәби дүние есігін ашты. Бұл үш жылдан бері қайталанып келеді. «Бір жылда мұншалықты баланың дүниеге келуі Ресей тарихында болмаған құбылыс»  дегенді жарыса жазды.

Демек, көрші ел жыл сайын 1 млн адамға көбейіп отыр. Көрші ел сонда да болса өсе бергісі келеді, көбейе бергісі келеді.

Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік Статистика комитеті 2018 жылы Өзбекстан халқы 32,6 миллионға жеткенін айтқан. Соңғы екі жылдың көрсеткіші әлі жаңартылған жоқ. Бірақ ресми емес деректер көрші елде тұратын халық саны 34 миллионнан асқанын айтып қалады.  Осылайша олар халық саны бойынша Орталық Азия мемлекеттерінің көшін бастап тұр.

Көрші халықтың ұлттық құрамының көрсеткіштері 1991 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріске ұшыраған. 1990 жылдардың бас кезінде  елдегі өзбектердің үлесі 72,8%-ды құраған болса, соңғы жылдары бұл көрсеткіш 83,8%-ға дейін артыпты. Соңғы деректер бойынша, қала халқының үлесі 50,6%-ға жеткен. Елдегі ірі қалалардың қатарына Ташкент, Самарқанд, Әндіжан, Ферғана жатады. Бүгінде ел астанасы тұрғындарының саны 2,5 миллионға жуықтаған. Жас құрамына келсек, балалар мен жасөспірімдер – 27,1%, ересектер – 60,5%, егде жастағылар – 9,4%-ды құрап отыр. Өзбекстанда да егде жастағылардың үлесі жыл сайын артып келеді екен. Тәуелсіздік тұсында орташа жас – 23,3 жасты құраса, соңғы жылдары 28,5 жасқа дейін көтерілген. 

Тәуелсіздік алған тұста Өзбекстан халқының саны 20 миллионның айналасында болса, бүгінге дейін 55,9%-ға артқан. Ал есеп бойынша 2050 жылы 40 миллионнан асады. Халықтың ұдайы өсіміне мемлекеттің экономикалық жағдайы ғана емес, ұлттық құндылықтары, отбасы беріктігі, тұрғындардың әлеуметтік ахуалы да оң әсер ететіндігі белгілі. Осы тұста, өзбектердің салт-дәстүрге беріктігін айрықша айта кету қажет. Қазақ халқы тәуелсіздікті 14 млн адаммен қарсы алды. Содан бергі табиғи өсіміміз 4 миллионнан асты.  Сарапшылар мұның өзін үлкен жетістікке балайды. Себебі тәуелсіздік жылдарындағы елден кеткендердің қалыпты жағдайдан тым көп болуы біздің демографиялық өсімімізге кері әсер етуі мүмкін еді. Демек, қатарымыздың 29  жыл ішінде 4,5  адамға көбеюінің өзі – біз үшін үлкен жеңіс.

«Қазақтың демографиялық өсім беретін кезі енді келді. Себебі 1991-1996 жылдар ішінде халық саны күрт азайып кетті. Бұл елден көшіп  кеткендердің қатарының қалыпты жағдайдан көбейіп кетуімен түсіндірілді. Қазіргі өсім 1990 жылдардан бергі уақытта дүние есігін ашқан толқын есебімен толығып жатыр»  дегенді мамандар осыдан екі жыл бұрын айтқан еді.

Ресми дерек бойынша Қазақстанда жыл сайын 500  мың сәби дүние есігін ашады. Ал 2000 жылдардың басында бұл 280-300 мыңға дейін азайып кеткен болатын.

Жылына 1,5-2 млн сәби дүниеге келетін Ресеймен салыстырғанда бұл аз.  Бірақ біз тәрізді енді ғана 18 миллионнан енді асқан  ұлт үшін тамаша жетістік.

Мамандар қазақтың табиғаты сәл ғана жылымықта та көбеюге бейім екенін айтады.  Бірақ біз ес білгелі демографиялық өсім беріп келе жатқан өңір – оңтүстік аймақтармен ғана шектеліп келген еді. Енді  бұл қатарға «Нұр-Сұлтан» қаласы қосылды. Ал Алматы керісінше, демографиялық өсім бойынша ортанғы қатарда тұр. Саясаттанушы Әзімбай Ғали қазақтың мүмкіндігі жылына 500 мың емес, 700 мың сәбимен көбеюге жететінін айтады. Бірақ олай емес, әзірге демографиялық карта ала-құла. Мұны 1 қыркүйек күнгі мектептерге барған бала санынан байқаймыз. Нұр-Сұлтан мен Алматы мектептерінде сынып саны 17-18 ге дейін жетсе, еліміздің солтүстік өңірлерінде бала саны жетпегендіктен мектептер оңтайландырудың сәл-ақ алдында тұр.

«Неге?» деген сұраққа мемлекет тарапынан кешенді түрде зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізу арқылы жауап беру қажет. Қазір бұл сұраққа әр ел әртүрлі жауап береді. Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда тәрізді демографиялық дүмпудің көзі болып саналатын кейбір өңірлерге «демографиялық өсім беретін ерекше аймақ» деген ерекше мәртебе беру қажет! Дәл қазір «біз неге көбеймей отырмыз?» деген мәселе билік үшін де, әлеумет үшін де маңызды болуы керек» дейді Әзімбай Ғали.

Алматы