• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 18 Ақпан, 2020

«Бетховен» биледі, «Моцарт» ән салды...

841 рет
көрсетілді

Моцарт пен Бетховен! Әуеніне әлем тамсанған қайраткерлерді  музыкасынан бөліп қарау әсте мүмкін емес. Тұлға табиғатындағы тереңдіктің сырын ұғыну үшін де рояль пернесі төгер маңғаз музыкаға мың қайтара мойын бұрып, көңіл қоярымыз хақ. Олай дейтініміз, Моцарт та, Бетховен де музыкадан бөлініп, дербес қарастырылмайтын егіз ұғым, егіз тағдырлар...

Елорда халқы үшін демалыс күндері рухани мазмұнға бай болды. Бас қаланың қос бірдей театры сахнасында классикалық музыканың майталмандары мұрасы салтанат құрды. «Астана Опера» театры бекзат өнер көрермендері назарына неміс хореографы Раймондо Ребектің «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балетін ұсынса, Жастар театры төрінде француз композиторлары Жан-Пьер Пило мен Оливье Шультездің «Моцарт» мюзиклі мереке сыйлады. 

 

Балеттегі «Бетховен»

Адамзат санасына төңкеріс жасаған немістің ұлы композиторы Людвиг ван Бетховеннің 250 жылдығына орай әлемдік ке­ңістікте көптеген жарқын кон­церттік бағдарламалар жасалып, ұлы композитордың құрметіне музыкалық туындылар орындалып жатқандығы бел­гілі. Музыканың мерейлі оқи­ғасы «Астана Опера» театрынан да тыс қалмады. «Астана Опера» балет труппасының орын­дауында сахнаға шыққан Раймондо Ребектің «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» қойылымы Сырқат, Бейнет, Махаббат пен Шабытты өмірлік серік еткен ұлы жасампаздың қайғысы мен салтанаты жайында сыр шертті.

– Барша әлем Бетховеннің 250 жылдығын үлкен салтанат­пен атап өтуде. Еліміздің жетек­ші театры да осынау айтулы оқи­ғадан тыс қала алмады. Се­бебі Бетховен – адамзаттың ең атақты композиторларының бірі. Хореограф Раймондо Ребек «Бет­ховен – Мәңгілік – Махаббат» ба­летін қоюға ұсыныс білдірді, біз қуана келістік. Туынды алғаш рет жасалуда. Ескерте кетейін, бұл көшірме емес. Балет арнайы «Астана Опера» сахнасы үшін қойылды. Жоба өте ауқымды. Қа­тысқан әртістердің де саны көп. Кордебалеттің өзіне 20 жұп тартылды. Көпшілік сахнада жүрсе де, олар солистерден кем ең­бек­тенбейді. Жауапкершілігі мол. Солис­термен тең жүріп күрделі дү­ниелерді – демеулерді, дуэттерді жасайды. Қойылымның музыкасы ғажап. Қатарды қайтадан түзу, орын ауыстырулар да өте көп. Жалпы, кәсіби маман ретін­де балет көңілімнен шықты. Му­зы­касы да, хореографиясы да, сценографиясы да, әртістердің орындау шеберлігі де бір-бірімен сәтті үндескен қойылым болды деп сеніммен айта аламын. Сөзбен суреттеу аз, оны тек келіп көру керек» – деді «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова.

Рас, балет қай талап биігінен талдасаң да өте ауқымды. Хо­реография ғана емес, декора­ция мен костюмдер салтанатын да сөзбен суреттеп жеткізу мүм­кін емес. Аталған балет үшін бар­­лығы  289 костюм тігіліпті. Оның әрқайсысы өзінің стильдік һәм безендірілу ерекшелігі мен тігіс тартымдылығы  тұрғысынан алыс­тан көз жауын алады.

Ал балеттегі әртістер шеберлігі жайлы әсер мүлдем бөлек. Қойы­лымда Бетховен партиясын театр­дың премьері Бақтияр Адам­жан сәтті алып шықты. Әртіс ұлы ком­позитордың ішкі жан дү­ние­сіндегі арпалысты шынайы жеткізді. Бишінің өзі әңгімелеп бергендей, Бақтияр үшін Бет­ховен рөлі шығармашылық тәжіри­бесіндегі  үлкен белес болыпты.

– Людвиг ван Бетховен өте данышпан адам болған, есту қабілеті болмаса да, ол ғасырларға мұра болып қалған мәңгі өш­пес шығармалар жазды. Әлі күн­ге дейін олар жүрек қылын шер­тіп, түрлі ойлар тұңғиығына же­телейді. Мұңды музыканы тың­дай отырып, біз қайғының қаншалықты композитор жанын жегідей жегенін, тағдырдың оны аямағанын түсінеміз. Өмір бақи айналасындағылар оны түсінбей өтті. Қиын тағдырлы композитор мінезін сахнада көрсету өте күрделі. Бетховеннің жүріп өткен жолынан өту әркімнің қолынан келе бермейді, кез келген адам бұған төзіп, өмір бойы мұндай жүкті арқалап өте алмайды. Оның рөліне ену үшін композитордың музыкасын көбірек тыңдап, оны түсінуге барынша тырыстым. Оңай болды деп айта алмаймын, – деп сыр ашты әртіс.

Балеттің музыкалық партитурасы да күрделі. Қойылымға Бетховен шығармашылығынан бөлек, Й.Гайдн, В.Моцарттың үздік туындылары мен заманауи неміс композиторы Дирк Хау­брихтың әуендері енгізіліпті. Со­ның нәтижесінде балет сан бояулы, мінезге бай қойылым ретінде көңілде жатталды.

 Музыкадағы «Моцарт»

Бетховеннің бай музыкалық мұрасынан басталған рухани демалысты әрі қарай Жастар театры сахнасында режиссер, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай қол­таңбасымен қойылған «Моцарт» мюзиклі тамаша жал­ғады. Франциялық қос композитор – Жан-Пьер Пило мен Оливье Шультездің әйгілі әуен­дері негізінде өмірге келген мюзиклге режиссер өзгеше жан бітір­ген. Нұрқанат Жақыпбайдың әр  бояу мен детальдан өмір үнін, тірлік философиясын іздегенін сахналық сараптауынан жазбай танисыз. Қойылымдағы негізгі түс – ақ пен қара. Осы арқылы суреткер көп ой айтқысы келеді. Ақ пен қара – бірде рояльдің пернелерін елестетсе, енді бірде нотаның өзіндей әсер береді. Сол секілді ақ пен қара – қиындығы мен қызығы қатар өрілген жалған дүниенің негізгі философиясына да меңзейді. Моцарт пен Сальери арасындағы негізгі қайшылық пен шиеленістің түйткілі де осы – мына жалғанның бар мәні  ақ пен қара заңдылығының аясынын өрбитіндігін дәлелдей түсетіндей.

Ақ пен қара философиясы арқылы режиссер өмірге де, өнерге де тән адамзаттық проблемаларды, бас ию мен көреалмаушылық қатар өрілген дәрменсіздікті, талант пен тоғышарлық бәсекеге түскен шарасыздықты, адалдық пен опасыздық қанат жайған әділеті аздау қоғамның (дұрысы адамның) қатыгездігі мен аярлы­ғын әшкере қылады. Моцарт пен Сальеридің өнердегі бітіспес теке­тіресі арқылы шын таланттың сын мен шырғалаңға толы бұралаң жолынан сыр қозғайды. Өмір бар жерде күрестің, өнер бар жерде қызғаныштың қатар жүретін аумалы-төкпелі заңдылығынан ой тарқатады.

Нұрқанат Жақыпбай сахна­дағы өзіне ғана тән суреткерлік сыршылдығынан бұл жолы да алыс кетпепті. Сахнадағы нота­лардың ойнатылуы, аяқ пен қол саусақтарының қимылынан, әр үн мен дыбыстан, әр әрекет пен қозғалыстан эстетика ізде­гіш сұңғыла сезімталдығы «Моцарттың» көркемдік деңгейін жаңа белеске көтергені анық.

Актерлердің музыканы игеру­дегі кәсібилігі де көрерменін бейжай қалдырмайды. Алоиза Вейбер бейнесіндегі Назерке Серікболованың, Вольфганг Моцартты кескіндеуші Мейірғат Амангелдиннің, Сальериді сомдап жүрген Нұрбек Әділбектің, Констанция Вейбер рөліндегі Шехназ Қызыханованың орын­даушылық шеберліктері мен актер­лік ізденістері бір арнада шебер тоғысып, жүрек күй­сандығының көңіл пернелерін дөп басады. Назер­кенің бойын­дағы нәзіктік, Мейір­ғаттың бол­мысындағы шы­ғармашылық адамдарына тән ебедейсіздік пен тазалық, Нұр­бектің кейіптеуіндегі Сальери табиғатына тән қызға­ныш пен өшпенділік сынды адам мінезіндегі сан түрлі сезімдер өз деңгейінде ақталымды суреттелді. Розенберг рөліндегі  Шыңғыс Жақыпбай мен Леопольд Моцарт бейнесіндегі Асланбек Жанұзақовтың, Наннерль – Қа­лам­қас Мелисованың, Фридо­лин Вей­берді орындаушы Нұрбек Әлі­бек сынды актерлердің талпыныс­тарын да атап өтуге тұрарлық жұ­мыс деп есептейміз.

Театр – синтетикалық өнер десек, сол сантараптықтың бар түрін режиссер сахнада сәтті пай­даланады. Қойылымды тамашалап отырып, классикалық музыканың саф құнарына бас қойып, актерлердің жекелей де, хормен де жеткізген сезім сурет­тері мен үн иірімдерінен шын мәнінде жаныңыз ләззат алып, ішіңізге, жүрек түкпіріне сақтап келген бар мұң мен сырыңызға музыка, тек қана музыка дәру болады. Драмалық актерлердің музыканы дәл осылай жоғары кәсіби деңгейде игеріп, титтей де шашау шығармай, бір деммен, бір нотада орындауы – сахнагерлер еңбегіне еріксіз бас игізеді.

Спектакльдегі декорация әдет­тегі біз көріп жүрген қабырғаға салынған сурет немесе ілінген бұйым емес, сахнадағы оқиғаның барлығы актерлердің әрекетімен тікелей астасып жатады. Ол – Па­риж төріндегі даңқ шыңы, ол – Моцарт пен Сальери арасындағы қақтығыс, ол –  кейіпкер жүрегінен орын алған өмірге деген іңкәрлік пен жек көру, тамсану мен қыз­ғану, табыну мен жеріну, ұнату мен ұмыту, сағыну мен жеріну – барлығы-барлығы сахнада өнер көрсетіп жүрген 30-ға тарта актердің бір деммен шыққан жүрек лүпілімен бірге өмір сүреді, бірге қозғалады. Кейде, тіпті сөз жеткізе алмас сезім күйлерін музыка мен пластиканың мүмкіндігі арқылы әдеттегіден де әсерлі жеткізеді. Режиссер актерлік орын­­даудан бөлек, костюм мен сце­нографиялық шешімді де би мен музыка, қимыл мен қисын арқылы тұтасымен жанды әрекетке құрады. Ән айта жүріп, би билеу, би билей жүріп, тіл қату, кейіпкер кейпіне ену, актерлік сараптау және соның барлығын ішкі ентігің мен шаршауыңды білдірмей бір демде көрерменге  жеткізу – актерлерден үлкен еңбекпен қатар табандылықты да талап еткені анық. Әр актер әсерлі қойылымның бөлінбес бөлшегі ретінде тұтас бір ағза болып тер төккендігінің нәтижесі болса керек, мюзикл, жалпылай алғанда, бөлінбейтін біртұтастыққа қол жеткізген. Әр көріністен, әр мизанценадан өлі орындауды емес, тірі тіл қатуды көресіз. Әр актердің қимылы арқылы олардың жан жүрегінің лүпілі, ішкі сезімі көрермен залына тікелей беріліп тұрады. Сахнадан тараған сол риясыз сезім залдағы отырған көрермен – Сізді де айналып өтпейді. Керісінше, көңілге берік бекіп, іштей сахнамен, актерлермен берік байланыс орнатып, өз қабылдауыңызға сай сырласуға, мұңдасуға мүмкіндік аласыз.

Біз көрген «Моцартта» өлі­ ты­ныштыққа титтей де орын жоқ. Сахнада барлығы қарба­лас, қызу тіршілік қайнап жатады. Әсерлі әуенмен сәтті қа­быс­­қан пластикалық қимыл, колоритті би, драмаға толы шие­леніс, сезімге толы көңіл күй – бар­­лығы-барлығы еш жасан­ды­лықсыз өмірдің өзіндей көңі­ліңізге қона кетеді, санаулы сағат ішінде өміріңізге айналып шыға келеді. Қойылым соны­сымен де қабылдауыңызға жа­қын, сезінуіңізге сергек. Бас­тысы, спектакльде зиялылық бар, Моцарт музыкасының та­би­­ғатына сай тектілік пен ақ­сүйек­­тік лебі еседі. Тек кеу­де­ңіз­дегі сырсандығыңызды ашық қалдырыңыз! «Моцарт» сөй­лейді... Музыка жырлайды...ъ