Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығының әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын айта келе, бұл салаға шетелден инвесторлар тарту маңызды міндет екенін атап көрсеткен болатын. Бұл орайда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан, қала әкімдеріне инвесторлар тартуды мықтап қолға алуды, аудан, қаланы өзін өзі қамтамасыз ете алатындай дәрежеге жеткізуді жүктеп отыр.
Иә, инвестиция тарту – әкімдердің жұмысын бағалаудағы басты көрсеткіштердің бірі екені мәлім. Осы ретте де Ордабасы ауданы өзгелерге үлгі боларлық бірқатар жобаны нәтижелі жүзеге асыра бастады. Сондай игілікті жобаның бірін күні кешегі есептік жиында облыс әкімі үйренуге болатын іс ретінде атады. Айталық Шұбар ауыл округі Тоқсансай елді мекенінде 130 гектар тәлімі жерге «BS-Agro Product» ЖШС жаңа технологиямен суарусыз әдіс арқылы «Сitrullus Lanatus (Мalali)» сұрыпты қарбыз көшетін отырғызған. Алынған өнім – 23 тонна қарбызды 18 млн 860 мың теңгеге АҚШ-қа экспорттаған. Жалпы 130 гектар бақшаны күтіп-баптаудың әр гектарына кеткен шығын 70 мың теңге болса, табысы 9 млн 765 мың теңгені құрап отыр. Жобаның тиімділігі іс жүзінде дәлелін тапқандықтан, биыл Қажымұқан ауыл округінде 387 гектарға қарбыздың аталған сұрпын егу жоспарланған. Осы Шұбар және Қараспан ауыл округтерінде жылына 2 рет өнім алу бойынша тындырымды тірліктер атқарылды. Алдағы уақытта аудандағы 90 шаруашылықта 171,9 гектар жерге маусымында 2 рет өнім алу бойынша қияр, картоп, қарбыз, қызанақ, асқабақ, қырыққабат егу көзделуде. Жалпы ауданда агросектордағы жаңа технологияларды игеру бағытындағы оң өзгерістер бар.
Мәселен, соңғы жылдары аудан аумағында жылыжай салып жатқан тұрғындардың, кәсіпкерлердің саны артып келеді. Өткен жылы жылыжайлар көлемі 72 гектарға жеткен, ал жиналған мыңдаған тонна өнім еліміздің басқа аймақтарына жеткізіліп, көрші Ресейге экспортталды. Көп жылдан бері ауданда ағын су тапшылығы сезіліп келе жатқаны рас. Бұл орайда, тағайындалғанына жарты жыл енді толған, халықтың көңілінен шығатындай жұмыс атқарып үлгерген аудан әкімі Ә.Өсербаев тұрғындарға есебінде биыл каналдарды тазалау жұмыстарына, тамшылатып суару әдісін молынан енгізу мен жаңа технологияларды игеруге басымдық берілетінін жеткізді. Былтырдың өзінде Ордабасыда тамшылатып суару әдісі 760 гектар жерге енгізіліп, жалпы аумағы 1787 гектар болған. Бұл технологияның тиімділігі – ағын су 2 есеге дейін үнемделіп, дақылдарға қажетті минералды тыңайтқыштар агротехникалық талаптарға сай шығынсыз беріледі, егілген дақылдан алынатын өнім көлемі 1,5 есеге дейін артады. Егістік жерлерді тиімді пайдалану бағытында да ілгерілеушілік бар.
Мысалы, былтыр бір гектар бидайдан орта есеппен 22 центнер өнім алған шаруаның табысы 132 мың теңгені құраған. Бірақ осы бір гектарға шамамен 63 мың теңге шығын жұмсалғанын ескерсек (жер айдау, тұқым, тыңайтқыш сатып алу, өнім жинау), таза пайда 69 мың теңгеден аспаған. Есесіне бір гектар көкөністен 500 центнердей өнім алуға болады. Түсетін ақшасы орта есеппен 2,5 млн теңге, ал шығыны 1 миллион теңге десек, шаруаның табатын таза пайдасы да қомақты болатыны анық.
Ордабасы – ауыл шаруашылығымен қатар, өнеркәсіп саласы да жақсы дамыған аудан. Өңір экономикасының дамуына сүбелі үлесін қосып келе жатқан 35 кәсіпорын былтыр 19 млрд 251 млн теңгенiң өнімін өндірді. Айта кетерлігі, ауданда өңдеу өнеркәсібінің үлесі басым. Яғни өнеркәсіп саласындағы өнімнің 89,9 пайызы шикізат емес, дайын тауар ретінде шығарылған. Аудандағы индустрияландыру картасы аясында іске асырылған жобалар бәсекеге қабілеттілігі және өміршеңдігімен ерекшеленеді. Яғни нарықтың талабына жауап бере алмай, тұралап қалған кәсіпорын жоқ. Бүгінге дейін ауданда индустрияландыру бағдарламасы аясында жалпы инвестициялық құны 41 млрд 877 млн теңгеден асатын 20 жоба іске асып, 1563 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл бағытта биыл да іргелі істер қолға алынбақ. Индустрияландыру картасы аясында инвестициялық құны 96, 6 млрд теңгені құрап, 415 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін екі жобаның іске асырылуы күтілуде. Сондай-ақ индустрияландыру картасынан тыс 1 млрд 650 млн теңгеге бағаланатын 2 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл ауқымды бизнес бастамалар тек ауданның емес, облыстың экономикалық дамуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз.
Ордабасы ауданындағы жалпы аумағы 102 гектар болатын индустриялық аймақ та нәтижелілігімен танылуда. Қазіргі таңда мұнда инвестициялық құны 15,3 млрд теңгеге тең келетін 3 жоба жүзеге асып, нәтижесінде 184 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұдан бөлек, құны 4 млрд теңгеден астам 3 инвестициялық жоба өңірлік үйлестіру кеңесімен мақұлданған. Жалпы ауданда өңiрлiк өнiм 79,2 млрд теңге болып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 11,7 млрд теңгеге артқан. Ал негізгі капиталға тартылған инвестиция 19 217 300 мың теңгені құрап, 126%-ға орындалған. Оның ішінде қаржыландыру көздері бойынша негізгі капиталға салынған жеке инвестициялар 10 млрд 957 млн теңге немесе жалпы инвестиция көлеміндегі үлесі 57% болып отыр.
Қорыта айтсақ, ауданның өзін өзі қамтамасыз ету мүмкіндігі бар.
Түркістан облысы