Балғабек Қыдырбекұлы Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Таран ауылында туған. Ол Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау шағында қаршадайынан еңбекке араласты. 1945 жылы Қазақ мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiне оқуға түстi. Осы факультеттiң соңғы курсында оқып жүргенде «Социалистiк Қазақстан» газетiне қызметке шақырылды.
Содан 37 жыл бойы осы редакцияда үздiксiз қызмет еттi. Бұл жылдары ол қатардағы әдеби қызметкерден бастап редакцияның бөлiм меңгерушiсi, редактордың орынбасары, бiрiншi орынбасары, ал 1983-1987 жылдары осы газеттiң бас редакторы болып iстедi. Бiлiктi басшы, бiлгiр ұйымдастырушы ретiнде басылым беделiнiң артуына лайықты үлес қосты.
Б. Қыдырбекұлы республиканың қоғамдық өмiрiне белсене араласты. Ол кезiнде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң мүшесi, республика Жоғарғы Кеңесiнiң бiрнеше дүркiн депутаты болып сайланды, Қазақстан Журналистер одағына басшылық еттi.
Баспасөзде тынымсыз еңбек ете жүрiп, жазушылықпен де айналыса бiлдi. Оның бiрнеше кiтабы жарық көрдi. Әсiресе, жазушының эпопеялық деңгейге жеткiзудi көздеп, кең құлашпен, шалқар шабытпен жазылған «Алатау» романының алғашқы екi кiтабы оқырман қауымның айрықша ықыласына бөлендi.
Б. Қыдырбекұлы елiмiзге сiңiрген еңбегi үшiн Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерiмен, бiрнеше медальмен наградталған. Оған «Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген мәдениет қызметкерi» деген құрметтi атақ берiлген.
Қазiр жазушы-журналистiң туған ауылы Таран – Балғабек Қыдырбекұлының атында. Ондағы мектепке де қаламгердiң аты берiлген.