• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Басылым басшылары 18 Ақпан, 2020

Басылым басшылары - Шерхан МҰРТАЗА (1932-2018)

1072 рет
көрсетілді

Шерхан Мұртаза Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарасты Талапты ауылында туған. Әкесi Мұртаза 1937 жылы «халық жауы» болып ұсталып кеткендiктен жастайынан жетiмдiктiң ащы дәмiн татып өскен. Ауылдағы мектептен соң Жамбылдағы (қазiргi Тараз) интернатта оқыған.

1955 жылы Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiн бiтiрiп, Қазақ мемлекеттiк көркем әдебиет баспасына орналасады. Осы жерде бiраз еңбек еткен соң республикалық баспасөз жұмысына бет бұрып, «Лениншiл жастың» (қазiргi  «Жас Алаш») Орталық Қазақстандағы өз тiлшiсi, «Социалистiк Қазақстанда» әдеби қызметкер болады. 1963-1970 жылдары «Лениншiл жас» газетiнiң редакторы қызметiн атқарып, 1971-1972 жылдары «Жалын» журналын басқарды. 1973 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметiнде болып, 1975 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екiншi хатшылығына сайланды. 1980-1989 жылдар «Қазақ әдебиетi» газетiн басқарды.

1989 жылғы қарашада «Социалистiк Қазақстан» газетiнiң бас редакторлығына тағайындалып, мұнда 1992 жылдың қазанына дейiн еңбек еттi. Содан кейiн бiраз жыл «Қазақстан» телерадио­корпорациясын басқарды, бiрнеше рет Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты болып сайланды.

Ш.Мұртаза – Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты. Белгiлi қоғам қайраткерi. Оның қаламынан шыққан повестер мен романдарды, әңгiмелер мен драмалық шығармаларды оқырмандар iздеп жүрiп оқиды.

Ш.Мұртаза – егемен елiмiздiң көптеген жоғары наградасының иегерi. Соның iшiнде қаламгердiң өзiнiң ерекше құрмет тұтатыны – «1941-1945 жылдардағы еңбектегi ерлiгi үшiн» медалi мен 2002 жылы алған «Отан» орденi.