Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жұртшылық алдында алғашқы есебін берді. Төрт мың адам қатысқан басқосуда тұрғындар тарапынан қойылған сауалдар ең өзекті мәселелерді қамтыды. Айталық қаланың экологиялық ахуалы, көлік кептелегін реттеу мәселесі тұрғындарды толғандырып отыр.
Еліміздегі ішкі жалпы өнімнің 18,5 пайызын, барлық салық пен салықтық емес түсімнің 23,6 пайызын, сауда операцияларының 41 пайызын иеленіп, республикадағы еңбекке жарамды халықтың 15 пайызын жұмыспен қамтып отырған Алматы – ел экономикасының күретамыры.
Баспана – жастар үшін басты проблеманың бірі. Басқосуда қала әкімі жұмысшы жастарды тұрғын үймен қамтуға арналған «Алматы жастары 3.0» бағдарламасы әзірленгенін атап өтті. «Бұл бірегейлігі төмен пайыздық мөлшерлеме. Яғни, 13 млн теңгеге дейінгі қарыз жылдық 5% жеңілдікпен берілетін болады», деді Б. Сағынтаев.
Бағдарламаның тәртібіне сәйкес несиені қайтару мерзімі 3 жылдан 25 жылға дейін азаматтардың төлем қабілетіне байланысты есептеледі. Бастапқы жарна – 10%. Бұл бағдарламаға әкімдік 10 млрд теңге, Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 3 млрд теңге бөлген. Қатысушылардың бастапқы және қайталама тұрғын үй бағдарламасын сатып алу мүмкіндігі де қоса қарастырылыпты. Қала әкімі бағдарламаның мақсатты аудиториясы – бюджеттік саланың жас қызметкерлері (35 жасқа дейін) екенін атап өтті. Олар мұғалімдер, дәрігерлер, ЖОО оқытушылары, мәдениет, спорт саласының өкілдері, журналистер мен ғалымдар.
Б.Сағынтаев мегаполисте әлеуметтік маңызы бар қоғамдық көліктердің бағыттары субсидияланатынын айтты. «Біздің басты мақсатымыз – жол жүру тарифтерінің өсуіне жол бермеу. Сондықтан 2021-2022 жылдарға біз ұсынған есеп бойынша орташа тарифпен 154 әлеуметтік бағытқа 200 теңге көлеміндегі субсидия 47,4 млрд теңгені құрайды», деді әкім.
Қалада көбінесе газбен жүретін автобустарды сатып алуға басымдық беріліп отыр. 2019 жылы алғашқы 10 электробус іске қосылды. Бұл өз кезегінде қала экологиясына зиян тигізбеуге, сондай-ақ шаһар тұрғындарының жайлылығы мен мобильділігін арттыруға мүмкіндік бермек.
Сонымен бірге жолаушылар тасымалын субсидиялау сомасы да артады. Алматыдағы қоғамдық көліктерде жол жүрудің орташа құны 200 теңгені құрайды, оның 80 теңгесін жолаушылар төлейді. Айырмашылық қалалық бюджет есебінен өтеледі. Сонымен қатар бюджеттен қала тұрғындарының жеңілдігі үшін жолақы субсидияланады (оқушылар, студенттер, мүгедектер үшін).
Маршруттық желісі 5 мың шақырымды құрайтын қалада былтыр тұрғындардың өтініші бойынша 14 жаңа бағыт ашылған. Оның 8-і қала сыртына бағытталады. 2020 жылы күн сайын 291 автобус шығатындай 24 қалалық және қала маңындағы бағдарлар ашу жоспарланған. Сондай-ақ Алматы – Қапшағай қала маңы маршрутын ұйымдастыру мәселесі шешімін табуға тиіс. Бұл шаралар орташа жолаушылар ағынын күніне 850 мыңнан 1,2 млн адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ҚТЖ ҰК АҚ-мен Алматы облысының жақын қалаларына электр пойыздарын іске қосу жобасы әзірленуде.
Кездесуде тұрғындар көгілдір отын қостыру мәселесіндегі кедергілерді алға тартып, қосылу құнының қымбаттығына наразы екенін білдірді. Қалада расымен де мұндай проблеманың бар екенін растаған әкім әсіресе газ құбырының жоқтығына байланысты шағымдардың көптігін атап өтті. Бұл қиындықты еңсеру үшін қала әкімдігі Халық банкімен бірлесіп, мегаполис тұрғындарының газбен жылыту және үй ішілік жабдықтарға қосылуы үшін 0%-бен несие беру мүмкіндігі туралы келісімге қол жеткізген. Қазір несие беру мерзімі қарастырылуда. Сондай-ақ Халық банкінің әлеуметтік аз қамтылған азаматтарды газға және газбен жылыту үшін үйішілік жабдықтарға өтеусіз негізде субсидиялау мәселесі күн тәртібінде тұр. Өсімпұлсыз несие адамдарға газға қосылуға қаражат алуға мүмкіндік бермек. Аталған несиені 1 жылға ресімдеуге болады. Жалпы, қала бойынша жеке сектордағы 2912 үй газдандырылмаған күйінде қалып отыр. Оның ішінде 1791 үй желіге қол жеткізе алса, 1121 үйдің қосылу мүмкіндігі жоқ. Жеткізушілермен бірге қалған 1121 үйге сыртқы желілерді жүргізу бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Басқосуда сөз алған алматылық кәсіпкер Сергей Спицын Медеу ауданындағы жағдайы төмен 50 отбасына газ қосып беруді қаржыландыруға дайын екенін айтты. Атымтай азамат барша бизнес қауымдастық өкілдерін осы игі бастаманы қолдауға шақырды.
Қаланың белсенді тұрғындары тұтас жиналған есептік кездесуде мектептегі орын тапшылығы мәселесі де айтылмай қалған жоқ. Бұл проблема Алатау ауданындағы «Рахат» шағын ауданына тиесілі. Әкімнің айтуынша, оқу жылы басталғанға дейін 2021 жылы МЖӘ аясында 12 900 орынды 8 мектеп салу жоспарлануда. Бұл 8 мектептің біреуі «Рахат» шағын ауданында ашылады. 2020 жылдың өзінде оқу жылының басына қарай 1800 орынды 2 мектеп, қолданыстағы мектептерге 2017 орынды 5 қосымша құрылыс бой көтереді.
Алматы – халықтың өсу қарқыны жоғары ірі мегаполис екенін атап өткен жөн. Орта есеппен алғанда оқушылар саны жылына 12 мың балаға артып келеді. 2019 жылы 13 білім беру нысаны және 3174 орынға арналған 162 жекеменшік мектеп пайдалануға берілген. 2020 жылы 27 білім беру нысанының құрылысы жалғасуда.
Сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысын оңтайландыруға жеке бизнес те белсенді атсалысуда. 2020-2022 жылы жеке инвестициялар есебінен 2240 орынды 4 мектеп, 8 мың балаға арналған 300 балабақша ашу жоспарланған.
Қаладағы Сейфуллин мен Жансүгіров көшелерінде жол айрығын салу үшін бұзу қарастырылған 117 үйдің иесіне, сонымен бірге Абай даңғылын кеңейту үшін сүрілген 59 үйдің иесіне өтемақы төленген.
Мегаполис тұрғындары жер учаскелері мен жеке тұрғын үйлерді заңдастыру мәселесін де көтерді. Бұл туралы: «Бүгінде 700-ден астам жер телімі заңдастырылды», деді әкім. Қалған 200 учаске су қорғау аймағында немесе қызыл сызықта орналасқан. Осыған байланысты Б.Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша әкімдік мүдделі мемлекеттік органдармен қажетті заңнамалық өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізуде.
АЛМАТЫ