Қылмыстық жолмен кірісті жылыстату һәм ақшаны заңсыз қолма-қолға айналдыру – құқық қорғаушылардың бас ауруына айналған әлемдік проблема. Мәселен, былтыр қылмыскерлер биткоин арқылы 3 млрд долларға жуық қаражатты қалтаға басыпты. Бұл деректі Chainalysis компаниясы арнайы зерттеу нәтижесінде келтірді.
Криптовалюта нарығында алаяқтар көбейді
Көбіне қаржы алаяқтары заңсыз әрекеттерін криптовалюта нарығы арқылы іске асырып отырған. Көлеңкелі операциялар әсіресе Binance және Huobi платформаларында жиі орын алыпты. АҚШ-тың қаржы министрлігі (қазынашылық департаменті) ресейлік миллиардер Олег Дерипаскаға Ресей билігіне табысты жылыстатуға қолғабыс етуі мүмкін деген күдік келтірді. Қазақстандағы ахуал да көңіл көншітерлік емес. Егемендік алғаннан бері елімізден шамамен 200 млрд долларға жуық қаражат жыраққа шығарылған.
Елдегі жағдайды тарқатпас бұрын, алдымен әлемдік конъюнктураны бағамдап көрейік. Цифрлы дәуірдің артықшылығын киберқылмыскерлер ұтымды пайдаланып келеді. Chainalysis компаниясының мәліметінше, 2019 жылы биржаларға биткоин түрінде заңсыз алынған 2,8 млрд доллар түскен. Бұл қаражаттың 52%-дан астамы тек екі платформаға – Binance және Huobi-ге жіберілді. Сарапшылардың бағалауынша, 300 мыңнан аса есепшот қылмыстық іспен байланысты болған. Осы ретте ақшаның 75%-ы, яғни жалпы сомасы 819 млн доллар тек 810 әмиянға түскен.
Мамандар бұл мекенжайдың дені тәуелсіз брокерлерге тиесілі болғандықтан KYC рәсімнің (клиентті анықтау тәртібі) жеңілдетілген талаптары оларға алаяқтармен бірлесіп, биржалардағы қаражатты жымқыруға септесті деп санайды. Осыған байланысты Rogue 100 тізімі жасақталып, оған табысты жылыстатуға көмектесетін 100 ірі дербес брокердің есімі жарияланды. Сол жүздіктің 70-і Huobi биржасында жұмыс істейтіні және 2019 жылы бұл брокерлерге қылмыстық құрылымдардан 194 млн доллар биткоинмен берілгені анықталды. Бір қызығы, бұл тізімдегі бірде-бір брокер Binance-те жұмыс істемейтін болып шықты. Алайда кейбіреуінің аталған биржада және басқаларында аккаунттары болуы мүмкін. Зерттеу нәтижелеріне қаныққан Binance өкілдері платформадағы кірісті жылыстату тәуекелдерін азайту үшін KYC және AML процедураларын жетілдіруге уәде етті. Бұл орайда жоғарыдағы тізімде алаяқтармен жұмыс істейтін барлық дербес брокерлер көрсетілмеген. Себебі олардың көпшілігін анықтауға тура келеді. Сорақысы сол қауіпті тізімдегі брокерлердің белсенділігі жыл санап артып келеді.
Дәстүрлі валютаға сұраныс жоғары
Былтыр тамыз айында АҚШ-тағы Вествуд шаһарының тұрғыны Кунал Калра криптовалюта арқылы 25 млн долларды жылыстатқанын мойындады. Бұл – кәсіпкерліктегі кірісті жымқыруға қатысты Құрама Штаттардағы алғашқы федералдық қылмыстық іс.
Осыған ұқсас жағдай Скандинавия аймағында болды. 33 жастағы даниялық азамат биткоинмен 450 мың доллар қаражат жымқырғаны үшін 4 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды. Жергілікті полицияның мәліметіне сүйенсек, айыпталушы биткоин сатып алып, оны шетелдік криптовалюта биржаларының шоттары арқылы қатысушыларға жіберіп отырған. Нақты қандай биржалар екені есепте көрсетілмеген. Тергеу барысында күдіктінің банктегі шоттарының біріне бопсалау арқылы иеленген ақшалары түсіп отырғаны әшкереленді.
Әйтсе де арнайы зерттеу көрсеткендей, қылмыскерлер арасында әлі де дәстүрлі ақшаға сұраныс жоғары. Өйткені қазір дүние жүзінде криптовалютамен жасалатын қылмысқа қарсы күрес күшейіп келеді. Сол себепті қылмыскерлер фиатты қаражатты пайдалануды жалғастыруда. Rand Corporation коммерциялық емес талдау орталығы криптовалюта терроризмді қаржыландыру әдісі ретінде аса қатты қауіп төндірмейді деген қорытындыға келген.
Көршілес Ресейде ақша мен мүлік айналымын Ресей қаржы мониторингі бақылайды. Бұл құрылым банктегі қаражаттың шығуы туралы ақпаратты сұрастыруға құқылы. Ал тексерудің қорытындысын салық немесе полиция органына бере алады. Ресейде қолма-қолға айналдырылған ақша қатаң бақыланбайды. Сол себепті заңсыз ақша айналымы фактілері жиі кездеседі. Батыс елдеріндегі табысты жылыстатудағы модельдің аса танымал болмауы да осында жатыр. «Батыс мемлекеттері мен Ресейдегі заңсыз қолма-қол ақшамен күресте айырмашылық бар. Мысалы, Ресейде қолма-қол ақшаға пәтер алсаңыз, бұл ақшаның қайдан келгенін ешкім сұрамайды. Ал егер дәл осылай Вашингтон орталығынан баспана алуды қаласаңыз, онда бұл ойыңыздан түк шықпайды. Ешкім сізге үйін сатпайды. Тек ақшасыз есеп айырысу арқылы ғана жылжымайтын мүлікке қол жеткізесіз. Неге? Батыста қомақты қолма-қол ақша – қылмыстық элементтің негізгі белгілерінің бірі. Өйткені есірткі бизнесі, жезөкшелік және тағы басқа қылмыстар қолма-қол ақшамен жасалады. Героин партиясы үшін ақшасыз есеп айырысса, бірден мемлекеттік қаржылық қадағалауға алынады. Сондықтан қылмыстың дені қолма-қол ақшаның айналасында шоғырланған.
Ал Ресейде барлығы керісінше. Ірі көлемдегі қолма-қол ақшаны қайдан алдың деп ешкім сұрамайды. Егер есепшоттағы қаражат болса, онда жағдай басқаша. Бұл орайда салық төлеп, кірістің қайдан келгені жөнінде ақпарат беруге тура келеді. Бюджет қаражатын сыртқа шығарып, оны қолма-қол ақшаға айналдыру қарқын алды. Алаяқтардың жүйесі қарапайым: Бір күндік фирмамен шарт жасалады. Осыдан кейін мемлекеттік бюджет қолма-қол ақшаға аударылып, қылмыскерлер ізін суытады. Кірістің шығуы жөнінде сұрамайынша, заңсыз қолма-қол ақшаның мәселесі Ресейде өзекті болып қала бермек», деп әлеуметтік желіде ойымен бөлісті ресейлік заңгер Руслан Решатов.
Ресми дерек беймәлім...
Қазақстанға келсек, бұл ретте Қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитетіне арнайы сауалхат жолдаған едік. Өкінішке қарай, құзырлы орган тарапынан қанағаттанарлық жауап ала алмадық. Ведомствоның ресми жауабы мынау: «ҚР Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті Сіздің Қазақстаннан ақша қаражатын шығару туралы мәліметтерді ұсынуға қатысты 2020 жылғы 4 ақпандағы №08-46/62008 сұранысыңызды қарастырып, келесіні хабарлайды. «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 3-бөліміне сәйкес (бұдан әрі – заң) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың уәкілетті органға қаржы мониторингіне жататын операция туралы мәліметтер мен ақпаратты ұсыну туралы сұрау салуды жіберуі Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының және оның орынбасарларының санкциясымен жүзеге асырылады. Заңның жоғарыда көрсетілген бабының 5-1 тармағына сәйкес қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы, сондай-ақ қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттері туралы мәліметтер мен ақпаратты уәкілетті орган осы заңда көзделмеген тәртіппен бермейді. Осыған байланысты, заңнама нормаларын бұзуға жол бермеу мақсатында осы сұраныс бойынша ақпарат жолдау мүмкін болып табылмайды. Сонымен бірге Қаржы мониторингі комитеті Сізбен алдағы уақытта ҚР заңнамасы шеңберінде ынтымақтастыққа дайын».
Әлбетте, арнаулы уәкілетті органдардың белгіленген жұмыс тәртібі бар. Оны жоққа шығару қисынсыз, ол заңмен реттелген. Десе де Президент Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзінде орындалуын қаласақ, онда мемлекеттік органдардың ашықтығы, сондай-ақ қажетті ақпараттың қолжетімділігі соған лайықты деңгейде болуы тиісті емес пе?!
Қош, біздегі заңсыз қолма-қол ақшаның конъюнктурасын білу үшін сарапшылардың пікіріне жүгіндік. Әсіресе шет елдердегі бағалы қағаздар нарығы, сондай-ақ валюта және қор нарығынан түсетін табыс Қазақстанда қолма-қол ақшаға аударылуы мүмкін деген ақпарат бейресми дерек көздерінен қолымызға түсті. Тұтастай алғанда, шетелдік трейдерлер үшін Қазақстанда табысын қолма-қол ақшаға айналдыру қаншалықты тиімді? Трейдерлердің табысы Қазақстанда фискалды органдармен реттелген бе, яғни табысының қанша пайызы салыққа төленеді? Міне, осы сұрақтарға Wall Street Invest Partners филиалының директоры Ілияс Қасжанов жауап берген-ді.
– Алдымен қаржы нарығында сауда қалай жүргізілетінін анықтап алуымыз керек. Қаржы нарығы деп меңзеп тұрғаным: валюта, тауар, шикізат және құнды қағаздар нарығы. Аталған нарықтың біреуіне шығуға ниет білдірсек, ең алдымен брокердің көмегіне жүгінуге тура келеді. Брокер дегеніміз кім? Ол – құзырлы органның рұқсатын, яғни лицензиясын алып, жеке және заңды тұлғаларға сауда алаңына шығуға мүмкіндік беретін кәсіби қатысушы. Оның негізгі көздегені – комиссия. Яғни, брокер әр инвестордың жасаған саудасынан белгілі мөлшерде өз пайдасын алып отырады. Әрине ол пайда инвестордың табысымен салыстырғанда әлдеқайда аз. Сондықтан шығысы да жоқ. Мұнымен айтқым келгені, әр инвестор өзі қалаған нарыққа шығуға мүмкіндік беретін брокерді таңдайды. Мысалы, еліміздегі биржаларда сауда жасағысы келген инвестор біздің жергілікті брокерлердің көмегіне жүгінеді. Өйткені бұл сала енді ғана дамып келе жатқанына қарамастан Ұлттық банк қатаң қадағалайды. Брокер инвесторға сауда шотын ашады. Ақша банктегі есепшотыңыз арқылы аударылады. Тура солай ақшаңызды сол банк арқылы аласыз. Ескертетін жайт, брокер ақшаны шоттың иесіне ғана аударады. Бұл стандарттар AML деп аталады (қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы стандарттар). Сондықтан да шет елдегі құнды қағаздардан түскен пайда Қазақстанға келсе, ол тек еліміздің өркендеуіне үлесін қосады. Себебі қаржылай сауатты адамдардың әл-ауқаты еселене түседі. Түскен пайдадан салық төленеді және сұранысты өтейді, – деді І.Қасжанов.
Сала маманы шетелдік трейдерлер үшін Қазақстанның құнды қағаздары тартымсыз дейді. Себебі нарықтағы қатысушылар тым аз. Демек, алатын пайда да шамалы болса керек. Сондықтан трейдердің тапқан пайдасы тұрып жатқан еліндегі банктердің шотына түседі. Қазақстанда Елбасының бастамасымен іргесі қаланған Астана Халықаралық қаржы орталығы шетелдік инвесторларға тиімді ұсыныс жасап келеді. Мұнда ағылшын құқығына негізделген сот жүйесі іске қосылған және қатысушылар 50 жылға салық төлеуден босатылған, деді І.Қасжанов.
– Қазақстанның салық заңнамасына сәйкес құнды қағаздармен сауда жасап, тапқан пайдаға салық салынады. Бұл өте ауқымды тақырып. Өйткені құнды қағаздардың бағасы ауытқуынан табатын пайда бар. Дивиденд ретінде келген пайда мен шет елдегі брокерлердің көмегіне жүгінген адамдар да бар. Қысқаша айтқанда еліміздің әр азаматы декларация толтырған кезде өзіндегі құнды қағаздарды көрсетуі керек. Бұл қағазға жеке табыс салығы 10% мөлшерінде салынады, – деді І.Қасжанов.
Соңғы жылдары Қазақстанда қаржы бақылау органдары бір мыңға жуық қылмыстық істің қозғалуына негіз болған көлеңкелі жүйелерді анықтады. Былтыр 800-ге жуық жауапсыз клиенттермен іскерлік қатынас тоқтатылып, 280-нен астам нысан қаржы мониторингінің есебіне қойылды. 2019 жылы 800-ге тарта күмәнді компаниялар анықталып, олардың кіріс айналымы миллиардтаған ақшаны құраған.