• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 20 Ақпан, 2020

Аманатқа қиянат жүрмейді

3479 рет
көрсетілді

Аманат – адамның бойындағы ең асыл қасиеті. Атамыз қазақ «Аманат– молшылық әкеледі, қиянат– кедейлік әкеледі» деген. Яғни, аманат бұзылған жерде қиянат қанат жаяды. Ондай ортада ынтымақтың іргесі сөгіледі, берекенің қамалы бұзылады. Аманаттың түрі көп. Ең үлкен аманат адамның – жаны. Бұрынғы абыз-жырау аталарымыз: «Алланың аманатқа берген жанын, кезегі келген кезде қайтарамын» деп бекер айтпаса керек.

Жоғарыда айтылғандай ең үлкен аманатқа қиянат жасалуда. Бүгінгінің тілімен айтқанда, суицид (өзіне-өзі қол салу) қазақ қоғамында етек алып барады. Бір аптаның алдында «Ranking.kz» сайтында жарияланған дерекке жүгінсек, өткен жылы еліміз бойынша 3,8 мың адам суицид жасап, көз жұмған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7,4 пайызға артық. Өзіне қол салғандардың 3 мыңға жуығы ер адамдар да, қалғаны 772 әйел қауымы. 

Аталған тақырып бойынша жур­налистік зерттеу жасаған Зүбәйра Тілегенқызы «Қазақстан өзіне-өзі қол жұм­сау әрекеті бойынша  әлемде алтыншы орынға шықты» деген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметін алға тартады. Осыдан кейін халықаралық ұйымдардың септесуімен 2016 жылы елімізде депрессияға ұшыраған жандарға психологиялық көмек қолын созатын сенім телефоны іске қосылған. Бір жыл ішінде сенім телефонына 2 миллиондай адам көмек сұрап қоңырау шалған. Саралап келгенде олардың көпшілігі кредит төлей алмай қиналғандар екен.

«Негізі суицидтік жағдайдың болуы­на қалыптасқан ахуалды адамдардың ерік жігері мен мінез құлқының қалай қабылдайтындығы да әсер етеді», дейді пси­холог мамандар. Бұрынғы бабаларымыз ұрпағын адал, әділетті, ержүрек, қиындыққа көнбіс етіп тәрбиелеуге айырықша мән бергені тегін емес.

Бірақ қазір заман басқа. Адам қанша жерден көнбіс, шыдамды болса да, әртүрлі тұрмыстағы қиындық депрессияға түсірмей қоймайды. Депрессияға түскен адамның ақылы мен ойлау қабілеті тежеліп, эмоцияға берілгіш келеді.

Жоғарыдағы Зүбәйра Тілегенқызы келтірген мәліметке жүгінсек, бүгінгі таңда қазақ қоғамында әйелдердің 2-9 па­йызы, ерлердің 1-3 пайызы депрессиялық жағдайда өмір сүреді екен. Депрессиялық қауіп әйелдерде 40 пайыз, ерлерде 25 па­йыз көрiнедi. Осы депрессия көп жағдайда адамды суицидке итермелейді. 

Бұдан құтылатын жол бар ма?! Әрине бар. Ислам шариғатында «Өзіне сенімі болмаған адамда иман жоқ» дейтін хадис бар. Яки бұл өзіне сенімі әлсіз пенде қиянатқа бейім келеді деген сөз. Осы орайда, ақли сүннет ғұламалары «аманатқа қиянат жасаған адамның иманы кәміл емес» деп түсіндірген. Сол себепті имани тәрбиені күшейткен дұрыс.

Шындығында адамның бойындағы имани һәм адамгершілік болмысы әлсіреп, депрессияға ұрынған жағдайда пенде өз жанына қиянат жасайды. Абай атамыз айтқандай, жаманшылыққа бірден бой ұсынған пенде өзін-өзі жинап алмағы қиын іс.

– Адам баласы қиянаттан (суицид) аулақ болу үшін, – дейді Суфайн Сәури атты оқымысты: «Өзінің мүлкін аса сенімді адамға аманат ететіні секілді, басы­ңа іс түсіп, қиналған жағдайда сенім­ді, ақылды, ілімі терең адамнан ақыл сұра. Оның дұрыс жол көрсетеріне сен. Ақыл сұрал­ған адам сыр жасыратын аманат иесі болсын».

Яғни, ақылдасу, кеңесу адамды өкінуден, опық жеуден қорғайтын қамал секілді. Ақыл сұралатын кісі адамдардың жағдайын, заманның және мемлекеттің шарттарын білуі тиіс. Сонымен қатар ақылды, озық пікірлі, ілгеріні болжай алатын, дені сау болуы шарт.

Осы орайда Абай атамыздың: «Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың» дегеніндей ақыл тыңдаушы айтылған ақылды сіңіре біл­месе ол да қасірет. Ақыл алу үшін де парасат қажет. Тағы да Абай жарықтықтың «Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүй­мектікпен  өсер» дегеніндей адам баласы қиянаттан аулақ болу үшін түпсіз терең жақсылықты сүймек, білмек және бойына сіңірмек керек-дүр.