• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Ақпан, 2020

Баяғы жартас – бір жартас

887 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысында КТҚ салу ісі қолға алынбай отыр

Қалалар мен ірі елді мекендерде орналасқан өнеркәсіп пен агрокешен кәсіпорындарының, сондай-ақ тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың жұмыс істеуінен пайда болатын кәріз суының қоршаған орта мен тұрғындарға тигізетін зияны аз емес. Бұған жол бермеудің басты жолы кәріздік тазарту құрылғыларын (КТҚ) салу болмақ. Ақтөбе аймағында аталған істің қазіргі жай-күйі сын көтермейтін жағдайда десек, шындықтан ауытқымаймыз. Яғни 2020 жылға дейін өңірде бұл мәселеде қордаланып қалған проблемаларды тізбектесек, оған он саусақ жетпейді. Осы орайда соңғы 4-5 жылдан бері шешімін таппай жүрген мәселенің мәнісін ең алдымен Ақтөбе қаласынан бастаудың әбден жөні бар. Бұл ретте Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин 2020 жылдың 12 ақпаны күні тұрғындарға берген есебі кезінде Ақтөбе қаласындағ КТҚ жабдығының ескіруіне байланысты оның жаңасын салу қажеттілігін атап көрсетті. Облыс басшысының мәлімдеуінше, оның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Әйтсе де дәл қазіргі кезде КТҚ-ның жаңа құрылысын толық қаржыландыру мәселесі толық шешімін таппаған сыңайлы. Есеп кезінде айтылғандай, бұл тұрғыда әзірге инвесторлармен келісімдер жүргізу ісі ғана қолға алынған.

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын жариялаған кезде Ақтөбе қаласы болашақта еліміздегі заманауи урбанистік ірі орталықтардың біріне айналатынын атап көрсеткені мәлім. Сонымен бірге республика Үкіметінің «Аумақты ұйымдастыру бас сызбасының негізгі Ережелері» туралы Қаулысына және өңірдерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес Ақтөбе еліміздің бірінші деңгейдегі хаб-қалалардың қатарына кіреді. Сондай-ақ Ақтөбенің агломерация орталығы екені де елеулі жәйт. Сөйтіп, көші-қон ағын жиілеп, ресурстар мен капиталдар және озық технологиялар шоғырланған белсенді экономикалық орталық жағдайында заманауи талаптарға сәйкес келетін КТҚ басты шарттардың бірі болып қала бермек.

Түйіп айтқанда, Ақтөбе аумақтық агломерациясын дамыту жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы облыс орталығына қоса өңірдің ірі елді мекендерінде кәріздік тазалау қондырғылары құрылыстарын салуды талап етеді. Бұл жөнінде ірі өнеркәсіптік аудандар – Алға мен Хромтаудан өзге өңірлерде КТҚ мәселесі сеңі сөгілмеген күйінде тұр деуге әбден болады. Атап айтқанда Қобда, Мұғалжар, Байғанин, Темір, Мәртөк және Ойыл аудандарында КТҚ-ның жоқтығы Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің маман-сарапшылары жүргізген тексерулер мен түгендеулер кезінде белгілі болды. Барының өзі тозығы жетіп, пайдалануға мүлдем жарамсыз күйге түсіпті. Соның салдарыан аталған аумақтарда лас, сарқынды сулар тазартусыз қалпында жер бетіне төгіліп тасталған. Мұндай жағдайда бактериялық элементтер мен химиялық қоспалар қоршаған ортаға, тұрғындар денсаулығына және өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне зиянын тигізуі әбден мүмкін. Оның аяғы әр түрлі дерттерге әкеліп соқтырмасына кім кепіл. Өйткені сарқынды су арқылы жерүсті мен жерасты табиғи су көздері мен ресурстары ластанып, тұтастай су экожүйесінің бүліну қаупін туындатуы ғажап емес.

КТҚ-ның жоқтығынан суландыру мен буландыру алаңдарының және жинақтаушы тоғандардың болмауынан жергілікті тұрғындар, соның ішінде кәсіпкерлер мен өндірісшілер ластанған сұйық тұрмыстық қалдықтарды кез келген жерге ағызып кетуге мәжбүр. Мұндай көріністің өрескел бір мысалына жоғарыда аталған департаментте жинақталған деректермен танысу кезінде көз жеткіздік. Талас жоқ, белгілі бір ірі елді мекенде монша сулары мен басқа да ластанған сұйық қалдықтарды төгетін сүзу алаңдары болса, олар мұндай теріс іс-әрекетке барар ма еді, бармас па еді?!

Солай бола тұрса да сол кездегі Байғанин ауданының орталығындағы Қарауылкелді ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Қайрат Ізмағанбет ауылдың оңтүстік-шығыс жақ бетінде көлемі 2,87 гектар жерінде жерде типтес құрылым бар екенін мәлімдеп, 2018 жылдың 31 қазаны күні  №1-27-169 санды анықтамасын өкілетті органдарға жолдаған. Әйтсе де Ақтөбе облысы Экология департаменті жүргізген тексерулер кезінде оның шындыққа сәйкеспейтіндігі, яғни сүзу алаңдарының жоқ екендігі анықталды. Мұндай көрініс жоғарыда аталған барлық аудан орталықтарына тән екендігі де белгілі болып отыр.

Облыс аумағында алдағы уақытта пайда болған сарқынды суларды тазарту мәселесі шешімін таппаған жағдайда тағы бір күрделі мәселе туындамақ. Яғни мұндай селқостық пен енжарлықтың аяғы ауызсу тапшылығының пайда болуына әкеліп тіремек. Мұндай қауіп қазірдің өзінде байқалып қалып жүргенні ескерсек, КТҚ-ның құрылыстарын тезірек салу ісінің әлеуметтік маңызы мен жауапкершілігі одан әрі тереңдей түседі.

Әрине «Москва бірден тұрғызылған жоқ» деп орыс халқы орынды мақалдағандай мүмкін мұндай құрылғылар мен қондырғыларды бір мезгілде жасақтау әр түрлі кедергілер мен қиындықтарға да кезіктірер. Әрі бұлай істеудің өзі қатып қалған шарт та емес шығар. Сондықтан да бұдан екі-үш жыл бұрын Ақтөбе облысы бойынша Экология департаменті тарапынан бірінші кезекте өңірдің ең ірі елді-мекендері Бадамшада және Шалқар мен Шұбарқұдықта кәріздік-тазалау құрылғыларын салу жөнінде облыс әкімдігіне тиісті ұсыныстар түсірген екен.

Сараптамалық сипаттағы қатынас құжатында аталған елді-мекендердегі халық саны, олардың пайдаланатын су мөлшері мен бұлардан бөлінетін лас кәріз судың көлемі нақты есептеліп көрсетілген. Соған сәйкес 2017 жылдың 11 желтоқсан күні өткізілген облыс әкімдігі аппаратының отырысында бұл мәсее күн тәртібіне қойылып қаралған. Тіпті департамент ұсынған негіздемелер оған қатысқан сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов пен аумақтық басқармалар басшылары тарапынан тиісті қолдауға да ие болыпты. Сөйтіп, отырыста қаралған мәселе бойынша №30 санды хаттама түзілген. Мұндай сауал мен ұсынысты департамент жетекшілері келесі 2018 жылдың 15 ақпаны күні №01-05-6/405 санды қызметтік хат бойынша сол кездегі Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы атына да жолдаған екен. Әйтсе де өңірдегі құзырлы мекеменің бірі оған жауап қайтармай үнсіз қала беріпті.

Міне, осылайша, Ақтөбе аймағында әлеуметтік және өндірістік өңірдің өзі талап етіп отырған кәріздік-тазалау қондырғылары құрылысын жүргізу ісі аяқсыз қалып келеді. Бұл мәселенің көтерілгеніне 4-5 жыл уақыт өтсе де ештеңе өзгермей, дана Абайдың сөзімен айтқанда «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалып келеді.

«Ештен кеш жақсы» демей ме халқымыз. Сондықтан да бүгінгі күні ел-жұртты толғандырып жүрген мәселеге облыстың өткен жылы тағайындалған жаңа басшысы Оңдасын Оразалин қайтадан қозғау салса, қозғалмай тұрған іс орнынан жылжыр ма еді деген үміт оянады көкейде.

 

АҚТӨБЕ