Сауытбек Абдрахманов Оңтүстiк Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында өмiрге келген. Бұрынғы Келес ауданындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектептi бiтiрiп шыққан соң 1970-1975 жылдарда Қазақ мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiнде оқыды. Университеттi бiтiрген жылы «Социалистiк Қазақстан» газетiне жұмысқа шақырылды. Осы жерде жұмыс iстеген 12 жыл iшiнде тiлшi, бөлiм меңгерушiсi, редакциялық алқаның мүшесi қызметтерiн атқарды. Одан кейiнгi кезеңде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнде нұсқаушы, сектор меңгерушiсi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Министрлер Кабинетiнiң аппараттарында аға референт, бөлiм меңгерушiсiнiң орынбасары, бiрiншi орынбасары болды.
1995-1997 жылдары Мәдениет министрiнiң бiрiншi орынбасары, ал 1997-2000 жылдары «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясының бiрiншi вице-президентi қызметтерiн атқарды.
2000 жылдың желтоқсанында Республика Үкiметi «Егемен Қазақстан» республикалық газетi» ашық акционерлiк қоғамын құру жөнiнде шешiм қабылдады, қоғамның президентi болып С.Абдрахманов тағайындалды. 2003-2004 жылдарда Қазақстан Республикасының Ақпарат министрi қызметiн атқарды. 2004 жылдан 2016 жылға дейін «Егемен Қазақстан» республикалық газетi» акционерлiк қоғамының президентi болып қызмет істеді.
С.Абдрахманов – Президент сыйлығының лауреаты. Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген қызметкерi. Филология ғылымдарының докторы. Қазақстан Журналистика академиясының академигi.