Қазір отандық баспасөзде «орыс мектебі» деп жазатын тілшілерді байқаймын. Әлбетте, елімізде білім беру нысанына қатысты «орыс мектебі» деген паспорт берілмейтінін есте ұстаған абзал.
Бұл арада тілшінің орыс тілінде оқытатын мектепті ауызекі сөз қолданысымен пайдаланғанын түсіндім, әрине. Яғни аралас тілді мектепті «аралас мектеп» деп қысқа қайыра атайтынымыз сықылды кеп. Бірақ «орыс мектебі» деген атаудың Ресейде ғана пайдаланылатынын ұмытпауымыз қажет. Осы іспетті атауларға абай болу керек. Өйткені бұл нәзік мәселе. Мектеп демекші, соңғы кезде мектептерімізде кемшін соғып жатқан музыка пәні туралы ой тарқатқым келіп отыр.
Дүйім дүниені дүр сілкіндірген Димаш Құдайберген еліміздегі сахнаға енді шыға бастаған кезінде әлдебіреулердің сыңарезуленіп сын айтпақ болғанын ұмыта қойған жоқпыз. Мәселен, бір айтыскер бауырымыз оған әлдебір телешоуда «әйел дауысты» деген парықсыз пікірін білдірді. Бұл жайт осы күнге дейін көңілімнен кетпейді. Димаштың бір бойында бірнеше деңгейлі дауыс октавасы бар. Яғни мамандардың айтуынша, баритон, тенордан колоратуралық сопраноға дейінгі диапазонға ие. Кәсіби опера әншісінде екі октава болатынын ескерсек, бұл табиғаттың ерекше сыйы.
Кезінде ұлттық консерваториямызда Ерік Құрманғалиевтай біртуар әншіміздің де дауысының ерекшелігін танитын маман болмады. Сондықтан ол Мәскеу барып оқып, сол жақта әлемге танылып, дүниеден өтті. Көзі тірісінде ел болып құрмет көрсете алмадық. Бұл еліміздің мәдени кеңістігіне айтарлықтай сын болды.
Бірде теледидардан Майра Мұхамедқызының Димашқа шетелге барып танылу туралы кеңес айтқанын көрген едім. Ол өзі де шетелде өнері мәлім болып, халықаралық үлкен сахналарда ән айтқаннан кейін барып Қазақстанға Елбасының шақыртуымен келді. Өзі өткен өткелекті білген соң жас талантқа әрі шәкіртіне жол сілтеп отыр. Қазір қарасаңыз, төрткүл әлемдегі табынушылары Димаш ұлымызды төбесіне көтеріп, қошемет көрсетіп жатыр. Бір Димаш бүкіл қазақ мәдениеті мен өнерінің әлемдегі елшісіне айналды. Бұл Қазақстанның мерейін тасытты.
Бірде Алматыда Құрманғазы атындағы Ұлт аспаптары оркестрінің 80 жылдық мерекелік кешіне барған едім. Сахнада оркестрдің жүзге жуық мүшесі ойнап отыр. Бір кезде белгілі эстрада әншісі шығып, әнін орындап болған соң басын иді. Ал оркестр әлі ойнап жатты. Оркестр соңғы аккордын қоймай жатып басын иген әншіге залдағы көрермен қол соқты. Оркестрдің өнері ескерусіз далада қалғандай әсер қалдырды. Музыка мен сахнаның мәдениеті бойынша әншінің оркестрден бұрын бас июі өте өрескел. Оған әнші жол бермеуі керек еді. Бірақ орындаушы оған мән берген жоқ. Құдды сахнаға жалғыз өзі шыққандай, әнін тәмамдаған соң музыкалық сүйемелдеуін ойнап бітпеген оркестрді күтпестен бір өзі қошеметке ие болып, сахнадан шығып кетті. Классикалық жоғары деңгейдегі Әлібек Дінішев сияқты өнер иелері оркестр ойнап біткенше күтеді, содан соң барып оркестр дирижерімен бірге басын иіп, көрермен қошеметіне оркестрмен бірге ілтипат көрсетеді. Яғни халық оркестрге де, әншіге де бірдей қол соғады.
Негізі, музыкалық мәдениет мектептен басталады. Бұрын дене шынықтыру пәніне мән берілмеуші еді, қазір ән-күй сабағына көңіл қоймайтын үрдіс байқалады. Көбіне мектеп басшылығы басқа пәндердің сағат үлесіне алмастырып жібереді. Бұл ретте ата-аналардың да үлесі бар сияқты. Өйткені қазір балаға болашақтың инвестициясы ретінде қаржы құйғанда негізінен бейімі бар пәндерге, жаратылыстану сабақтарына көп көңіл бөледі. Бірақ оның есебін бірыңғай музыка пәнінен алуға болмайды. Қазіргі жас буын тұрмақ, орта буынның музыкалық талғамының, мәдени ой-өресінің төмен деңгейге түсіп кетуінің ең басты себебі осы мектептегі музыкалық мәдениетке мән бермеуден тамыр алады деген ойдамын. Сондықтан да айналамызда «шөпті де, шөңгені де» өлең деп танитын, «әннің де естісі бар, есері бар» деп білмейтін бірнеше буын ұрпақ қаулап өсті. Бұл шын таланттарды тасада қалдыратын қауіпті үрдіс. Тіпті, талғам деген қарапайым танымның болуы адамның өзіне қажетті қасиет емес пе?!
Аспирантурада оқып жүргенімде еврей қызы Ираида Середенкомен бір бөлмеде тұрған едім. Мен қазақтың, ол өз ұлтының дәстүрлерін әңгімелейді. Бір әңгімесінде ол еврей келіншектері аяғы ауыр болғаннан бастап, оларды басқа шаруаның бәрінен босатып, «Сен орманға бар, табиғаттың үніне ден қой, музыка тыңда, жүрегіңнің астындағы нәрестені тәрбиелеуді баста» деп айтатынын жеткізген еді. Сол себепті мектептерде өскелең ұрпаққа музыкалық мәдениеттің өз деңгейінде сіңірілуіне баршамыз құмбыл болуымыз қажет.