Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов алғашқы есепті кездесуін баяндамасыз өткізді. Өңірге жаңадан тағайындалған әкімнің мұндай бастамасы әрине құптарлық. Есептік кездесудің бұрыннан қалыптасқан қасаң форматы өзгергенін тұрғындар да жақсы қабылдады.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы облыс әкімі халықпен кездесуден бір күн бұрын Қоғамдық кеңес өкілдері алдындағы баяндамасында айтып берген-ді.
Облыс басшысы әуелі әлеуметтік желілердің қоғамдық мәселелерді анықтаудағы маңызын атап өтті. Қызметіне кіріскен күннен бастап облыс әкімінің ғаламтордағы барлық желіде жеке парақшасы бар. Осы күнге дейін парақшасына 5 мыңнан астам хат-хабарлама, өтініш түскен.
– Тұрғындар жазған мәселелерге көз салғанда, бірінші кезекте баспана мәселесі өткір тұрғанын көреміз. Өңірде 27 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың қатарында 10 мың мемлекеттік қызметші мен бюджеттік сала өкілдері, 7500 отбасы бар. Облыс әкімдігі тұрғын үй кезегін тек жаңа құрылыс стратегиясын жасау арқылы қысқарта алады. Яғни баспанаға мұқтаж тұрғындарға, құрылыс қай жерде тұрғызылатынына, инфрақұрылым желілерін жүргізу мәселелеріне баса назар аударылуы тиіс, – деді Ә.Сқақов.
Өткен жылы өңірде жалпы аумағы 332,5 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде облыста 10 тұрғын үй салынып, 706 адам пәтерге ие болды.
– 2020 жылы бюджеттен «Нұрлы жер», «Nurly Ertis», «Өңірлерді дамыту», «БЖК-2020» және басқа да бағдарламалар бойынша 140 нысанның құрылысы мен қайта құруға 54,5 млрд теңге бағытталады, – деді өңір басшысы. – Тұрғын үймен қамту үлесі бір тұрғынға 22,9 шаршы метрді құрайды. Осы жылы көп пәтерлі 38 тұрғын үй салынады.
Сондай-ақ дәрігерлер мен мұғалімдердің баспаналы болуы үшін биыл мемлекет тарапынан берілетін тұрғын үй сертификаты 3 есеге көбейеді.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы тиімді талаптар негізінде өткен жылы 253 отбасы пәтер алған, биыл 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Екінші мәселе, жыл сайын қайталанатын коммуналдық шаруашылық түйткілдері. Оның көптігі сондай Ә.Сқақовтың әлеуметтік желідегі парақшаларына сағатына 120 өтініш түседі екен. Олардың басым бөлігі – коммуналдық шаруашылық саласына, пәтерлерге жылудың жетпейтініне қатысты.
Биыл атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау жүйесі өзгергені белгілі. Жаңа ережелерге сәйкес, шын мәнінде мұқтаж отбасыларға қаржылай көмек, балаларға арналған әлеуметтік пакет және көп балалы отбасыларға жәрдемақы беріледі. Аудан мен қала әкімдері әлеуметтік көмектің не себепті өзгергенін және жаңа форматқа сай талаптарды тұрғындарға жан-жақты түсіндіруі тиіс. Әкімдер әлеуметтік желілер арқылы тұрғындармен байланыста болса, облыстық әкімдікке жазылатын арыз-шағымдардың дені жергілікті жерде шешімін табар еді. Яғни бұл аудан, қала әкімдері мен тұрғындар арасындағы әлі де өзара байланыстың жоғын көрсетеді.
– Адамдар әлеуметтік желіге бүкіл арыз-шағымдарын, өтініштерін әр ауылдан жазады. Instagram өзге елдерде демалыс, басқа да жерлерге барған жаңалықтарымен бөлісетін алаң болса, бізде Instagram коммуналдық шаруашылық мамандарына арыз жазатын жәшікке айналғандай. Тіпті, интернет қолданушылар нақты жұмыс жүргізе алмай отырған кейбір аудан, қала әкімдерін орындарынан алуды сұрайды, – дейді облыс әкімі. Осы орайда облыстық әкімдікте «Ахуалдық-сараптамалық орталық» ашу қажет. Орталықта тұрғындардың коммуналдық салаға қатысты мәселелерін қарайтын мамандар қызмет көрсетіп, бірыңғай телефон нөмірі іске қосылады.
Облыста экологиялық мәселелер жеткілікті. Осы орайда стихиялық қоқыс орындары туралы айта кеткен жөн. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағында 717 мың тонна зиянды қалдық шығарылған. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы Ажар Сағындықова әкімдік қызметкерлерінің қоғам пікіріне құлақ аспай, қоршаған ортаға зиянын тигізетін құрылыс жұмыстарын бастайтынына наразы. Бұл мәселені «Берегиня-био» қоғамдық қорының өкілі Татьяна Пономарева да қолдады. Әкім алдағы уақытта жаңа құрылыстар салу мәселесінде қоғам белсенділерінің пікірі де назарға алынатынын айтты.
Ал «ЭКОМ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Светлана Могилюктің айтуынша, шетелдік инвесторлар өңірге сода зауытын салғылары келетінін хабарлапты. Жобаның қоршаған ортаға зияны көп. Ә.Сқақов бұл ретте инвесторларды «Таза жобаларға» тартуға шақыратынын жеткізді.
Павлодар өңірі қатерлі ісікке шалдыққандар саны бойынша елімізде алдыңғы қатарда. Облыс орталығында салынған онкологиялық диспансер әлі іске қосылған жоқ. Тұрғындар жергілікті дәрігерлердің онкологиялық ауруларды соңғы сатысында ғана анықтайтынын айтады. Өңір басшысы жаңадан салынған онкологиялық диспансерде заманауи қондырғылар орнатылғанын, онкологиялық ауруларды емдеуге жағдай жасалатынын, скринингтік тексерулерді жиі жүргізу керегін атап өтті.
Жас ана Әсия Сабыр аутизмге шалдыққан баласын емдету үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Асыл-Мирас» орталығы филиалының ашылуына қолдау жасауын өтінсе, қала тұрғыны Алла Акимова маусым сайын көз аштырмайтын шыбын-шіркейден құтылу жолын сұрады.
Есепті кездесуде көңілге қонғаны, биыл 18 ауылға республикалық бюджеттен 3 млрд 400 млн теңге қаржы бөлінбек. Баянауыл ауданының Торайғыр ауылына орталықтандырылған су құбыры жүйесінің құрылысын жүргізуге 300 млн теңге қаражат бөлініп, жұмыс басталмақ.
Облыстық көлік қызметкерлері одағының басшысы Василий Рудаков қала сыртындағы 6 ауылға қатынайтын автобустардың шығыны ақталмайтынын, оны субсидиялау туралы сұрады.
– Көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелерді бір кездесу барысында талқылап, шешу мүмкін емес. Барлық сұрақты қарастырып, талдап, іске кірісеміз. Осы өңірде туып-өстім. Өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсартып, экономикалық-әлеуметтік салаларды дамыту, осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерді сақтап, облысымызды одан әрі өркендету – менің міндетім. Күш-жігерімді осыған жұмсайтын боламын, – деді облыс басшысы.
Павлодар облысы