Азия және Еуропа халықтарының музыкалық аспаптарына арналған залдар келушілердің санын арттырып, музейдің туристік ортаға айналуына жол ашатын болады.
Музей мәліметтері бойынша, қазіргі таңда мұражай қорында 1000-нан астам музыкалық аспаптар сақталған. Келушілерге экспонаттар жайында толық мағлұмат беру үшін мәдениет ошағы заманауи ақпараттық және бейне құрылғылармен жабдықталған.
Алматы қаласы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің мәліметіне сүйенсек, мұражайда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыру мақсатында қорда сақталған аспаптардың дыбысын қайта жаңғырту үшін «Жәдігер» атты музыкалық антология жарыққа шықты. Антология авторлары дәстүрлі өнер майталмандары музейде сақталған ірі тұлғалардың домбырасымен, олардың белгілі бір шығармасын орындап, дыбыстарын қайта жазып шыққан.