Қазақ қадым заманнан жаз – жайлау, қыс – қыстау, көктем – көктеу, күз – күзеу көшпелі тұрмысты кәсіп еткен. Көшіп-қону барысында бір жердің шөбі, суы, құнары, тыныс алатын ауасымен жаңа қоныс-тұрақтың шөбі, суы, құнары, ауа райын салыстырып, тәжірибе жүзінде тиісті түрлі тұжырымдар мен болжамдар жасаған тумысынан ғалымдыққа біртабан бейім, көреген халық.
Ендеше, «халық айтса, қалып айтпайды» демекші қазақы жөн-жоралғы, әдет-ғұрып, салт-дәстүр сабақтастығы уақыт сынынан өтіп, бүгінге жетті. Осы қазақы ділімізді бұзуға саяси әдіспен сыналап енгізілген жат ағымдар мен ұстанымдар ептеп-септеп ұлттық санаға қайшылықтар туғыза бастағаны, қасақана адастыру үдерісіне қоғамдық ортада қарсылық үні жиі көтеріліп жүр. Сыртқы ықпалдың нәтижесінде «жаңашылдық» идеялар қаптады. Дәл осындай қоғамдық өмірдегі аумалы-төкпелі шақта, бүгінгі сандық технологияның айрықша белең алған, масс-медиа саналатын әлеуметтік желілердің ерекше қарқынмен жаппай өріс жайған дәуірінде қаламгер Мәди Айымбетов шығармашылық ізденісін тыңға түрен салып, «Тіршілік миниатюралары. Күнделік-эсселер» атты еңбегін соңғы жылдары фейсбуктегі парақшасы арқылы күнбе-күнгі елең еткізер оқиға, табиғаттың тамаша көріністерін аңғарымпаздықпен мүлт жібермей аулап, үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие, ғибрат боларлық ғажайып ою-өрнек, әдемі нақыш, айшықты бейнелерді, өткір пайымдары, сыршыл тебіренісі, топшылау сезімдерімен бөлісті, өнерге ынтық құмартушылар арасында тікелей диалог орнатты, сұхбатқа шақырды, ашық пікірталас тудырды. Автордың «Тіршілік миниатюраларын» әлеуметтік желідегі тұрақты оқырмандары күн сайын асыға күтетін көп сериялы қысқаметражды фильмнің жалғасын тамашалағандай трендке айналды. Жалпы, шығармашылық өнерде қысқа да нұсқа жазуға машықтану – шеберліктің шыңы. Оймақтай оймен табиғи құбылысты аллегориялық тәсілмен кейіптеп, пернелеп, шендестіріп, егіздеп, сойып қаптап қойғандай танымдық-тағылымдық мәні зор, астары қат-қабат мақал-мәтелдей түйін түю, бұлжымайтындай байлам жасау оңай емес. Тіл ұстартып, кіп-кішкене мөлтек сырды тұтас образға айналдырған стиль ерекшелігі әлеуметтік желіні қолдану мәдениетінің өресін өсірді.
Әлеуметтің қызығушылығын арттырған «Тіршілік миниатюраларының» пішіні мен тартымдылығы айнаға шағылысқандай фотобейнесімен қатар жанарыңның алдына тұра қалады. Бұл оқырман ой-қиялын серпілтіп, білігі мен дүниетанымына, эстетикалық талғамына оң әсер етті. Асылы, алтын бесік айнала маңай тау-тас, өзен-көл, шөп-шалғын, аң-құс, тал-терек, өсімдік әлемі, жылдың төрт мезгіліне сай табиғи өзгерістердің себеп-салдары ізденгенге «кең болсаң, кем болмайтын» кемелдікке, жомарттыққа баулитын, жасампаздыққа жетелейтін құс жолындай бабалар өсиетінің ғарыштық мұраты. Сенсеңіз кейбір елде біздегідей жылдың төрт мезгілі дегенді мүлдем түйсіне бермесі имандай шындық. Ал жылдың төрт мезгілі бізді физиологиялық, биологиялық шыңдаумен бірге ғылыми идеялық ой-өрісімізді кеңітіп, сапалық дамытқаны, рухани жасампаздықпен байытқаны ана тілімізде көл-көсір таңбаланған атау-ұғымдардан аян. Міне, осы бағытта «Тіршілік миниатюралары. Күнделік-эсселер» қазақы өміртану құралы іспетті мөлтек жанрды сембиоз жасап, құрақ көрпедей жинақтап, жаңашылдықпен өрбіткен жаратылысы ерек, дара туынды.
Еңбектің әрбір бетін парақтаған сайын көтерген әлеуметтік жүгінің салмағы мен сан қилылығы қалың оқырман қауымның өр рухын жігерлендіріп, сұлулыққа құштарлығын оятқаны шүбәсіз. Біздіңше, бәдізделген көркем бітіктің сұранып тұрған және бір зәру саласы – заманауи журналист мамандығына баулитын университет факультеттеріндегі фотожурналистика пәніне дайын оқу құралы. Тіпті өнертану оқу орындарында тиісті әдебиет санатында пайдалануы бек ықтимал. Әлбетте, қаламгер көпшілікке ұсынғанмен дәл мұндай алдына мақсат көздемесе де, тәжірибеде қолдануға әбден лайық. Өйткені мұндағы объективке ілінген кез келген суреттің техникалық сапасымен бірге тақырып ауқымы, композициялық орындалу тапқырлығынан кәсіби шеберлігі аңқып тұрады. Автордың қырағылығы туған өлкенің ғажайып құбылыстарын кәнігі мергендей қалт жібермей, жан-жүйені тебірентерлік, сағынышты, ойнақы, мұңды, қызғылықты, сүйінішті, асқақ, паң, алып, күрескерлігін танытатын қас-қағым сирек сәттерді камераға дереу тартып, фотоэтюд, пейзаж, портрет, натюрморт, графика, фотоайыптау, панорамалық, түнгі қала көріністері, тарихи фотоқұжат, дала ландшафты, репортаж жанры нұсқасын кәсіби тұрғыда түрлендірген. Қаламгердің суреткерлік дәлдігі мен қабілеті, қарым-қайраты, лирикалық жанға жайлы жарасымды әзілі, тылсым нұрдан, ай сәулесінен, аспанды түрлі түске бояған күннің шұғыласынан, судың күлкісінен, ақжауынға шомылған аққайыңнан, Бетховеннің сырлы сазынан, бояу контрастынан, шырша бұтағындағы қошақаннан, мұз өрнектен, аспан асты, жер үсті пішімінен, қарашаның ақ ұлпасынан, сымбат өнерінің жауһарынан, самаладай сән-сәулетінен, шөл қаңсытқан, аңқасы кепкен айтақырдан, қысқасы, табиғаттың қарапайым көріністерін асты-үстін, аударып-төңкеріп, тінткілеп өскелең буынға үлгі-өнеге тұтатын, көздің жауын алатын сұлу нарқына, нәзік иіріміне тамсандырып, әуез-әуені құлақ құрышын қандыратын, құдіреті мен бітімі толқытып, құрылыс-конструкциясы толғандыратын, Жасаған Иенің әмбебап туындыгерлігіне ой жүгірте үңілтіп, зер салады. Тақырып алуандығы сондай – музей залдарын аяқтан тоздыра, қадау-қадау әрбір экзотикалық экспонатқа жанарыңды тіктеп, құнды жәдігердің қадір-қасиетінен тарихи жұмбақ сыр-сипатына, ұршықтай үйірген рухани тартылыс күшіне кенелгендей риясыз уыздай сезімге бөлейді. Бұл ретте шығарманың әлеуметтік танымдық қасиетімен қатар өре деңгейі, интеллектуалдық биік парасаты, сөз саптауының баурап алатын магиялық сиқыры мен мысы оқыған дүйім жұрттың жүрек толқынымен шым-шымдап ақырын-ақырын күретамырды қуалап бойға сіңері ақиқат.
Сезім пернесін шешен тілмен кестелеп, рухани сергіткен, өмірдің өзіндей түрлі-түсті безендірілген энциклопедиялық басылымның әр тұсынан ойып, мысалға жүгінелік.
«Бақ-бақ – мамырдың балауса шалғыны ішінде ұялап қалған кішкентай Күн бейнесі!.. Көктем шуағымен бірге күлімсірейтін Күн бейнелі гүлді бүгін таңғы серуен сәтінде көз нұрыммен қуана аймаладым... 04.05.17 ж.» (5-б.).
«Аққайың сыланып, сырға-шолпысын тақты. Мамырдың көгілдір аспаны аясында жаңарып, бой түзеген сұлу қайың-қыздың көркем желегіне көз салмай өту мүмкін емес-ау, түсінсеңіз. Көктем таңы сезімді тағы да бір селт еткізді... 6.05.17 ж.» (6-б.).
«...Таң алдында жауған ақұлпа қар шетен ағашының қып-қызыл жидектерін аппақ шәлісімен жеп-жеңіл көмкеріп алыпты. Қызыл мен ақтың гармониясы... Қоңыр күз бен қыстың өліара мезетіндегі бояу үндестігі – ақ пен қызыл! Суық емес, жып-жылы сезімнің лүпілі сезілетін жылы бояу! Астана қысы биыл, онша ызғарлы болмайтын шығар... 10.11.17 ж.» (13-б.).
«...Аққайың – лирикалық образ. Сұлулық пен нәзіктіктің, сыршылдық пен махаббаттың пәк бейнесіне айналған, желегі жібектей есілген көркем де керімсал күмбез ағаш. Аққайың – өлең, аққайың – өзегіне өмірдің шырын сөлін жиған табиғаттың тұнық тумасы. Бір ғажабы, орманды алқаптарда шоқтала да өсетін, қатарласып та, жеке-дара да бой түзейтін аққайыңдар қашанда адам жаны мен сезімін ең алдымен ақжүзді сырлы сымбатымен баураған... 23.03.18 ж.» (29-б.).
«...Бұлт-аю мен ақ бұйра бұлттар! Аспан әлемі тұнған сурет. Ақбауыр бұлттар, ақша бұлттар, ақ шуда бұлттар, ақшулан бұлттар, ала шабыр бұлттар, аппақ бұлттар, бір шөкім бұлт... шарбы бұлттар, шуда бұлттар, толқын бұлттар, нәзік бұлттар, кезбе бұлттар, көк бұйра бұлттар, көкшулан бұлттар, күлгін бұлттар, сұрғылт бұлттар, сұрқай бұлттар, түйдек бұлттар, шоқ-шоқ бұлттар. Тіл ұшына орала беретін теңеуі шексіз талай-талай бұлттар аспан-теңіздің айдынында нешеме заманалардан бері жүзіп келеді, жүзіп барады. Байтақ та бай, жауһар тілімізде бұлттарға қанша бейнелі теңеу болса, бұлт-суреттердің де соншама атауы бар... 29.10.18 ж.» (68-б.).
«...Шығыс беті Жем өзеніне қараған, батысын қалың шағыл құм еміне жиектеген алыс ауылдың бейнесі көңілге сағыныш сазын ұялатады. Аясында балалық, жасөспірім шақтың күндері өткен, бұйығып жатқан бейкүнә ыстық мекен.
Жылдар бойы уақыт табын сол күйі сақтап тұрып қалған, шатырсыз, жайпақ төбелі ескі үйлерінде, ұшарын көкке созған қарағаштар мен көктеректерде алыс-алыс күндердің елесі сәл ғана мұңайып тұрғандай. Құм жиегіндегі ауылдың осы бәкене үйлері қаншама ұрпақпен бірге жасап, бірге тағдырлас болды десеңізші! Тіршілігі бейғам, өз күйін өзі күйттеген талай жандарға құтты шаңырақ, ыстық ұя болған қалпынан айнымаған, бір-бірін қайталамайтын өзіміздің қазақы сипатты үйлер-ай!.. 08.02.19 ж.» (86-б.).
Аталған еңбек бастан-аяқ тұнып тұрған ұлттық бояуға қанық ою-өрнекке, шуақты мәнер-нақышқа, қанатты шабытқа, тіршіліктің бүлкілдеп соққан қан тамырындай діріл-тынысын, мінез-құлқын, бекзат болмыс-бітімін тайға таңба басқандай жаратылыс суретін селкеусіз шырайлы сомдаған. Дүние жаралып, су аққалы өмір-тіршіліктің Тәңірлік жады ауыздан-ауызға, атадан балаға жалғасқан уақыт пен кеңістік аралығындағы сабақтастық тағылымы тәпсірленген. Сол арқылы қаламгер қыр-сыры мол алуан түрлі бүгінгі таңдағы келелі мәселені шығармаға арқау етіп, оқырманын ойға шомдырады. Бұл қысқа-қысқа зерделенген лебіз-пайымын автор жарыстыра табиғи фотобейнесімен ұштастырып беруі өте-мөте көңілге қонымды, эстетикалық әсерлі... Сондай-ақ «Тіршілік миниатюралары. Күнделік-эсселер» бітігінің 98-бетінен 355-беті аралығын «фотоқосымша» қамтыған, әлеуметтік желідегі достардың 356-383-беттердегі кейбір ой-пікірлері де назардан тыс қалмаған.
Сайып келгенде, Мәди Айымбетовтің көркемдік-идеялық шұрайлы қолтаңбасы көңілді алаңдатқан аласапыран, мазасыз кезеңде ұрпаққа мұра жер тағдыры, дархан өлкенің тұтастығы мен амандығына деген азаматтық шексіз қамқорлық пен іңкәрлікті, отаншылдық мөлдір сезімді маздатты. «Тіршілік миниатюралары. Күнделік-эсселер» – өнер айдынында сәулеленген жұмақ өлкенің рухани жаңғырығы, санаға тоқылатын ұлттық әдеп пен таным кодексі.
Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент
АЛМАТЫ