Таяуда Үкімет мәжілісмендердің азық-түлік инфляциясын төмендету туралы ұлттық іс-қимыл жоспарын дайындау жөніндегі ұсынысын қолдамады. Азық-түлікке баға белгілеуді ұлттық жоспар шеңберінде жүргізу туралы депутаттық сауалға жауап берген Премьер-Министр Асқар Мамин «Бұл ұсыныстарыңыз дәл қазір орынсыз» деп кесіп айтты.
Бағаның өсуі ішкі ғана емес, сыртқы факторларға да тәуелді екені Үкімет тарапынан осыған дейін де мойындалған. Ендігі жерде оны мемлекеттік бағдарламамен немесе ұлттық жоспардың көмегімен шешу мүмкін еместігі, фермерлерге, отандық өнім өндірушілерге нақты қолдау көрсету арқылы бағаға әсер ететіні белгілі болды.
«Бағдарлама арқылы шешеміз» деген үкілі үмітке нарықтың беталысы тұсау болып келді. Бұл факторды сырт көзден жасыру мүмкін болмай қалды. Енді Үкіметтің экономикалық блогы облыс немесе аудан орталықтарынан логистикалық нүктелер ашып, мәселені шешіп тастамаққа тас-түйін болып, делдалдық тізбектің тас-талқанын шығарып тастамаққа белін бекем буып, өңір басшыларының біліктілігі мен қырағылынан үміттеніп отыр. «Бүгінгі таңда Үкімет агрологиялық орталықтарды салуды жүзеге асыратын аймақтарды анықтайды және олардың қызметіне жаңа талаптарды әзірлеуде. Ұзақ мерзімді кезеңде мұндай орталықтар желісін құру әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға және бір мезгілде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің табысын арттыруға мүмкіндік береді» деген-ді Премьер-Министр.
Осыған дейін мемлекеттік бағдарламалар немесе жоғарыда айтылғандай іс-қимыл жоспарын қабылдар кезде ойланып шешім қабылдау қажеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет ескерткен. Бұрын ұлттық іс-қимыл жоспары немесе мемлекеттік бағдарламаға келгенде «жанып кететін» Үкіметтің бұл жолғы шешімін биліктің ұстанымына қырын қарап жүретін тәуелсіз сарапшылардың өзі қолдап отыр.
Өткен аптада журналистерді әңгімеге шақырған «ВТБ Капитал» АҚ-ның экономикалық-қаржылық мәселелер бойынша талдаушысы Петр Гришиннің түсіндіруінше, көптеген мемлекеттік бағдарламалар арасындағы сабақтастықтың үзіліп қалуы Ұлттық банктің қаржы нарығындағы ұстанымын қиындатып келді. Ақша-несие саясатына кері әсер етіп, тынысын тарылтып, экономикадағы мемлекеттің үлесінің көбейіп кетуіне жол ашты.
Петр Гришин сондай-ақ еліміз дәл қазір мемлекеттік бағдарламалардың бәрінен бірдей бас тарта алмайтынын да жасырмай айтты. Сол себепті осыған дейін қабылданған стратегиялық маңызды құжаттарға ғана басымдық беріп, қалған дүниені әзірге ұмыта тұрған дұрыс. Бұл үрдіс еліміздің мемлекеттік бағдарламаларға деген тәуелділігінің деңгейін төмендетуге жол ашады екен. Сарапшының айтуынша, ендігі жерде бір-бірімен жалғаспай, үндеспей қалатын мемлекеттік бағдарламалар емес, қазақстандық-шетелдік компаниялардағы мемлекеттің үлесін азайту мәселелері толғандыруы, Үкімет те, Парламент те осы бағытта жұмыс істеуі керек. «Уақыты келгенде біз іс-әрекетімізді онжылдықтарды қамтитын бағдарламамен емес, әлемдік экономиканың тынысымен үйлестіретін боламыз. Ел-жұрт мемлекеттік бағдарламаларды КСРО кезіндегі бас газеттердің тақырыбымен шатастыратын болды. Сол себепті кез келген құжатты қабылдаған кезде оның сыртқы рейтингпен үйлесу мүмкіндігін ескерген дұрыс» дейді Петр Гришин.
Петр Гришиннің түсіндіруінше, ІЖӨ-дегі бизнестің үлесі немесе бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың статистикасы Өзбекстандағы, тіпті Ресейдегі статистикамен салыстырғанда жоғары екені, соңғы нәтиже Қазақстанның пайдасында емес екенін бәріміз білеміз. «Мемлекеттің жоғарыда тұрып түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы банктерге немесе бизнеске шешім қабылдауға мәжбүрлеуі нәтиже бермейді. Жергілікті орындар бағдарлама бар деп арқа-басын кеңге салады, ал банктер өздеріне тиімсіз жаққа қарамайды, егер несиелендіргісі келсе, бағдарламасыз-ақ жолын табады. Мен қаржыгер ретінде Премьер-Министрдің азық-түлік инфляциясын төмендету туралы ұлттық іс-қимыл жоспарын жасау керек деген ұсынысты ашық түрде қабылдамауын қолдаймын. Мемлекеттің алдағы онжылдықтардағы стратегиялық бағдарын айқындау үшін бағдарламалар керек шығар, азық-түлік инфляциясын алдын-ала жоспар арқылы реттеу мүмкін емес. 2019 жылғы баға мен қазіргі бағаны салыстыру мүмкін емес. Азық-түлік бағасын реттеу, тұрақтандыру құжаттарда емес, бағаларды бір-бірімен салыстыратын және мүмкіндіктерді саралайтін ашық алаңдарда талқылануы тиіс» дейді П. Гришин.
Бұл пікірді қазақстандық сарапшы Бейсенбек Зиябеков та қолдайды. Себебі дастарқанымыздағы тіске басарлардың 60 пайызы импорттан келетінін жоғарыда айтып өттік. Ал импорт мемлекеттік бағдарлама немесе ұлттық іс-қимыл жоспарының шеңберіне сыймайды.
Сарапшының түсіндіруінше, «қымбатшылықты одан әрі шарықтатпау үшін отандық тауар бағасын тежеп ұстауымыз керек» деген ұстаным да нарықтың заңдылығына қайшы келетін дүние. Комиссия құру немесе антимоно¬полиялық комитеттерге шүйлігумен шектеліп қалу, банктерге талапты күшейту, халыққа үстемеақы қосудың да нәтижесі аз. Көңілге қонымдысы, им¬портқа салы¬натын салық мөлшерін қайта қарастырып, шағын және орта бизнестің салығын азайту ғана. Бұл әлемдік тәжірибеде сыннан өткен және нәтижесін берген тәсіл.
Осы ретте сарапшы-экономист Үкімет жетекшісі бастаған жұмыс тобы бірнеше факторды ескермей отырғанын, бұл алдағы уақытта мемлекеттік деңгейде шешімін табуы тиіс екенін де айтып өтті. Бізге азық-түлік тауарларының басым көпшілігі ЕАЭО елдерінен, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан қолжетімді бағамен келетінін жоғарыда айтып өттік. Өзбек немесе қырғыздан келетін тауарлардың қазақ шекарасына дейінгі бағасы біздің дүкен сөрелеріне жеткен кезде екі немесе үш есе қымбаттап шыға келетініне жергілікті өңір басшыларының өзі таңғалып келген. Өзбекстанның шекарасына килосы 150-200 теңгемен жететін анар немесе шабдалы жемісі Алматының базарына келгенде 500-600 теңгеге өсіп шыға келетінін Алматының қара базарларында отырған өзбек кәсіпкерлерінің бәрі айтады. «Егер, сол бағаны 250 теңгеге түсірсе де өзбек те, қазақ та риза болар еді. Себебі өзбек фермерлері арадағы 30-40 пайыз айырмашылықты да қанағат тұтады» дейді олар.
«Түркістан облысының Өзбекстанмен, Жамбыл облысының Қырғызстанмен шекаралас аудандарындағы баға басқа өңірлермен салыстырғанда төмен. ЕАЭО елдері арқылы бағаның тым қымбаттап кетпеуіне жол бермейтін тетіктерді ойластыру керек. Себебі біздің нарыққа қолжетімді азық-түлік ЕАЭО немесе Өзбекстаннан ғана келеді. Батыс ауып келген «гламурлы» жеміс бағасы кез келген қазақтың дастарқаны үшін қолжетімді емес. Сол себепті бұл мәселені мемлекетаралық комиссия шеңберінде шешуге болады. Бұл үшін Премьер-Министр А.Мамин айтып отырған логистикалық орталықтардың құзіреттерін кеңейту керек» дейді Б.Зиябеков.
Экономист Мырзакелді Кемел ішкі, сыртқы нарық осы формулаға басымдық бергенде ғана баға еркіндігі мен бәсекеге басымдық берілетінін айтады. Үкімет облыс немесе аудан орталықтарында логистикалық қоймалар ашу мәселесін бұрыннан айтып келе жатқанымен екі жаққа да тиімді көзін таба алған жоқ. Делдалдар мұны да айналып өтудің әдісін тапты. Әп-әдемі, көңілге қонымды ұсыныстар үкіметтік деңгейде айтылса да, делдалдар мен олардың жоғарыдағы «қорғаушылары» құрып тастаған тұзақ-тордан киіп жарып өте алмаған.
Мырзакелді Кемелдің түсіндіруінше, бағаның тынысын желпіндіріп тұрған басты фактор осы. Ол бірінші кезекте логистикалық орталықтардың фермерлер мен арадағы байланысы барынша ашық және қолжетімді болуы керегін тілге тиек етті. Күз қамын ерте көктемнен ойлайтын фермер логистикалық орталықтардың жергілікті филиалдарына барып, күзде қандай өнімді қанша тонна және қандай бағамен өткізу жайлы келісімшартқа отыру керек. «Біз бұл шырмаудан логистиканың мүмкіндігін жүйелендіру арқылы шыға аламыз. Оның формуласы – логистика + фермер = баға. Үкіметтің фермер ұсынған баға мен дүкен сөрелеріндегі бағаның айырмасы 30 пайыздан аспау керек деген тапсырмасын осындай жүйемен ғана орындай аламыз. Бұған қол жеткізу үшін депутаттар талап етіп отырған инфляцияны төмендету туралы ұлттық іс-қимыл жоспары емес, жүйелілік және барынша айқындылық қажет. Өзбекстаннан немесе ЕАЭО елдерінен келген азық-түлікті де формула арқылы шешуге болады» дейді М.Кемел.
Экономистің бұл пікірі әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Ресей де бірер жылдан бері логистиканың мүмкіндігін әртараптандыру арқылы азық-түлік бағасын тұрақтандырудың мәселесін жүйелендіре бастады. «Көшіңді көршіңе қарап түзей беру» аса жақсы әдет емес. Бірақ көңілге қонымды тірліктерін қаперге ала жүруден зиян шекпейтініміз анық.
АЛМАТЫ