• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 25 Ақпан, 2020

Жаңа кодекс жобасын талқылады

208 рет
көрсетілді

Биыл «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс қабылданбақ. Бүгінге дейін жаңа құжатқа қатысты депутаттардан 800-ге тарта ұсыныс түсті, 24 мәрте отырыс өтті. Қазір бұл ұсыныстардың 600-ге жуығы қабылданып, 200-і пысықталуда.

Алматы қаласында өткен кезекті талқылауға Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова, Балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Аружан Саин және үкіметтік емес сектор, кәсіподақ, медициналық ұйымдар мүшелері, сарапшылар, қоғам белсенділері қатысты.

Жаңа жобаға еліміздің ерекшеліктері және ДДҰ ұсынымдарына сәйкес өз­герістер енгізілді. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, Кодекс жобасы ведомство сайтында бір жыл бұрын жарияланды. Осымен оныншы қоғамдық тыңдау өтті. Бүгінде үш мыңнан астам түзету мен ұсыныс жинақталды. Жоба қабылданса, ұлт денсаулығын нығайту, азаматтардың өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілігін күшейту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, көрсетілетін медициналық қыз­меттердің сапасын бақылауды күшейту, медициналық кадрларды даярлау сапасын арттыру, медициналық пункттерді дамыту, денсаулық сақтауды цифрландыруға қол жеткізіледі деп күтілуде.

Мәжіліс депутаты, заң жобасы бойын­ша жұмыс тобының жетекшісі Зәу­реш Аманжолова аталған топқа 53 адам енгенін, олардың жұртшылық, сарап­тамалық қауымдастық пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері екенін жеткізді.

Айта кету керек, жаңа құжатта мәж­бүрлі вакцинация енгізу жоспарланып отыр. Жобаның қолданыстағы Кодекстен айырмашылығы, онда профилактикалық егуді алу міндеттелген. Е.Біртанов вак­циналардың сапасын арттыру және бар­лық қауіпсіздік нормаларын сақтауды қам­тамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылданғанын атап өтті.

Сарапшылар Денсаулық сақтау министрлігінің міндетті вакцинациялау туралы бастамасын қолдайтынын білдірді. Мәселен, «HelpToday» қоғамдық қорының жетекшісі Эльмира Әлиева вакцинациядан әдейі бас тартқан ата-ана балаларына ауру жұқтырғаны туралы айтты. «Жаман үрдіс жүріп жатыр. Әр баланың өмір сүруге құқы бар екенін түсіну керек. Вакцинациялау – мемлекеттің міндеті», деген Э.Әлиева аталған бастаманы қолдауға шақырды. Бұл ретте Үкімет бекіткен тізбе бойынша ата-аналардың бас тартуы себе­бінен жоспарлы профилактикалық екпе­лерді алмаған медициналық қарсы көр­се­тілімдерсіз балаларды мектепке дейін­гі ұйымдарға жіберуді шектеу көзде­леді. Аталған норма азаматтардың ден­саулығын сақтауға құқық беру жөніндегі Конституцияның 29-бабында белгіленген мемлекеттің кепілдіктерін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ бұл норма денсаулық жағдайына байланысты екпелер ала алмайтын балалардың мүдделері мен денсаулығын қорғауды көздейді.

З.Аманжолова трансплантологияға қатысты жұмыс тобының позициясын әңгімеледі. Оның айтуынша, Кодекс жобасында қайтыс болған адамның ағзасынан органдар мен тін алу жөніндегі келісімді адам тірі кезінде өзі шешетіні қарастырылған. Қайтыс болған донор көзінің тірісінде ағзасынан органдар мен тін алуға келісім бермесе, онда медицина ұйымдары трансплантацияға жол бермейді. Қайтыс болған жан көзінің тірісінде ағзасынан органдарды алуға келісім бермеген жағдайда әйелі (күйеуі), олар жоқ болса, жақын туыстарының бірі оның мүддесін қорғауға құқылы.

«Трансплантацияның қажет екенін медицина жетістігі көрсетті. Біз трансплантологияда нақты нәтижеге қол жеткіздік. Осы салада ота жасайтын талантты дәрігерлеріміз бар. Бірақ соңғы жылдары донорлық азайып, көрсеткіш төмендеді. Бүгінде елімізде 3200-ден астам адам трансплантологияға мұқтаж, олардың 70 пайызына бүйрек керек. Оның ішінде 250-ге жуығы балалар», деді З.Аманжолова. Ол Қазақстанда балалар трансплантологиясының әлі жоқ екенін жеткізді. Жұмыс тобының жетекшісі қазақстандықтардың органдары шетелге сатылмайтынына назар аударды. Қазір барлық мәселе талдау кезеңінде тұр. Бұл мәселе бойынша 1 мыңға жуық хат түскен.

Осы орайда Балалар құқы жөніндегі уәкіл Аружан Саин да органдар транс­план­тациясының маңызын атап өтті. «Әңгіме азаматтардың, балалардың өмірі мен денсаулығы туралы. Азаматтар тірі кезінде өзінің ниетін білдіруге құқылы. Егер ондай хат қалдырмаса, онда априори келісімін береді, органдары қалады», деген Аружан Саин көпшілікті келісім презумпциясын сақтауға шақырды.

Жиында балалардың жыныстық қатынас мәселесіне ерте араласу жайы қарал­ды. Қолданыстағы Кодекс­те кәме­лет­ке толмағандардың репродуктивті ден­сау­­лығын сақтауға, сондай-ақ адамгер­шілік-жыныстық тәрбие алуға құқы­ғы белгіленген. Жаңа заң жобасында да жас­тардың жыныстық тәрбиесі туралы мәселелер қамтылды. Балалар құқы­ғын қорғау жөніндегі уәкіл Аружан Саин бала­ларға 16 жасынан бастап ата-анасы­ның қатысуынсыз дәрігер кеңесін алуға рұқсат беру қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, бұл көп балалардың өмірі мен денсаулығын сақтап қалмақ. Ал Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова осы бағытта Кодексте өзгерістер есепке алынатыны туралы айтты.

«Сарапшылардың айтқан статистикасын естіген боларсыздар, қазір балалар­дың 40 пайызы 16-16,5 жаста жыныстық қатынасқа түседі екен. Егер осы жаста бала дәрігерге келсе, дәрігерлер ата-анасын ертіп келуді сұрайды. Ал бала ата-анасына айтудан қорқады немесе ұялады. Содан қайтып келмейді. Ол қасындағы құрбыларынан, достарынан, интернеттен ақыл сұрай бастайды. Сондықтан консультативтік көмек 16 жастан бас­тап болуы керек. Бұл осы Кодексте қарас­ты­ры­лады», деді З.Аманжолова.

Жаңа Кодекс жобасында аталған құ­қық неғұрлым егжей-тегжейлі регла­мент­те­леді, өйткені репродуктивті денсау­лық­ты қорғау және адамгершілік-жыныс­тық тәр­бие алу дұрыс жыныстық мінез-құ­лық туралы ақпараттандырылуға байла­ныс­ты. Дұрыс жыныстық мінез-құлық­тың мақ­саты – қажетсіз жүктілікті және жы­­ныс­тық жолмен берілетін инфекция­лар­­дың таралуының алдын алу. Осы мә­се­лені рет­теу  мақсатында ақпаратты ке­лесі жаз­ба­дағыдай көрсету ұсынылды: «Әр­б­ір бала қажетсіз жүктілікті және жы­­­­ныс­­­тық жолмен берілетін инфекция­лар­­­­дың та­ралуын болдырмау мақсатында ре­п­­­­ро­дуктив­ті денсаулығын сақтау туралы ақ­­­парат­ты қолжетімді нысанда алуға құқылы».

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі З.Аманжолова репродуктивті денсаулық бағытындағы дәрігердің консультациялық көмегі туралы норманы бекіту жоспарланғанын түсіндірді. Бүгінгі таңда Қазақстанда репродуктивті медицина мектебі бар, кеңес алу үшін педагогикалық ұжымның рұқсаты қажет.

 

АЛМАТЫ