• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 27 Ақпан, 2020

Сазгердің «Мәңгі көктемі»

161 рет
көрсетілді

Рудный қалалық тарихи-өлкетану мұражайында өткен сазгер Қайрат Нұрға­зинге деген сағынышқа толы ерекше ән кеші «Мәң­гілік көктем» деп атал­ды. Рудный қаласы десе, бүгінде жұрттың есіне кенмен жағаласа ән түсер еді.

Сазгердің жүрек қылын шертетін нәзік әндері бүгінде сағынышқа ай­налған. Сонау қызғалдақты Нау­рызым даласында туып өскен Қайрат Нұрғазиннің жас­тық, ізденіске толы шарқ ұрған, хал­қымыздың ән өнеріне шабыттана үлес қосқан жемісті жыл­дары кеншілер қаласында өтті. Қазақ студенттер есебінен 2 пайыз болатын 90-шы жылдары кеншілер қаласында Қай­раттың әні қалықтайтын. Руд­ныйдың «қазақтануына» саз­гер­дің қосқан үлесі аз емес. Осы қалада «Аққу», «Жадыра» өнер топтарына жетекшілік етті, жас­тарды, студенттерді өнер­ге бау­лыды. Артында жүзге жуық ән қалдырған Қайраттың «Қыз­дарға әсімдік жарасады», деп сызыла басталатын «Арман жырым-аруларым» атты әні еліміздегі эстрадалық ән жұл­дыздарының репертуарынан берік орын алып, әнқұмар әр қазақтың жүрегін жаулағалы қашан. Сазгердің бұл шығармасы  республикалық «Үкілі үміт» ән байқауында бас жүлдені жеңіп алып, оған музыка мамандары да биік бағасын берген. Қайрат Тобыл-Торғай өңірінің белгілі ақындарымен қатар, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза-Әлі, Исраил Сапарбай секілді жыр жүйріктерінің де жырларын өзінің ән қанатына байлаған еді.

Осыдан екі жыл бұрын дүние­ден өткен  Қайрат Сейітма­ған­­бетұлы көзі тірі болғанда биыл­ көктемде 55 жасқа толар­ еді. Осы­ған орай  Рудный қала­сындағы тарихи-өлкетану музейінде өткен «Мәңгілік көктем» еске алу кешінің естеліктермен де, шыр­қалған Қайрат әндерімен де мазмұны қалыңдай түсті. Кештің музейде өтуі де бекер емес. Мұнда сазгерге арналған бұрыш ашылып, оған Қайраттың пайдаланған музыкалық аспаптары, ән таспалары, тұтынған заттары, сахнаға киген киімі,  қойылды. Олардың арасында тыңдарманына аса белгілі бола қоймаған, сазгердің өзінің орындауында жазылған тас­палары да бар. Олардың кейбірі Қайраттың өнердегі, өмірдегі дос­тарынан алынды. Сазгер мұрасының ұмытылмай, шығар­машылығының насихатталуы үшін Қайраттың досы Қостанай-Торғай өңіріне есімі танымал ақын, журналист,  өнер жанашыры   Арман Хасеновтың  жүргізген жұмыстары сүйсінерлік.

– Қайраттың әндері жастармен қатар, аға буын арасында да жақсы тыңдалатын. Достықты, махаббатты, адал сезімді жырлайтын лирикалық әндерінің өзегі адамгершілік, имандылық  болған соң ба, одан жеңіл даңғазалық байқалмайтын, бір нәзіктік жү­ректі жаулап алатын. Оның ән­дері жылдармен алға жылжи береріне кәмілміз. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы, ақын Ерлан Қалмақовтың қолдауымен өңірде Қайрат шы­ғармашылығына арналған бір­неше кеш, концерт өтті, – дейді Арман.

«Мәңгілік көктем» ән кешінде Қайраттың Қ.Ахметжанов, Б.Зиналиева, Ж.Тілеуқабылов, К.Өмірбекқызы, О.Пигасова, А.Құрманов, А.Сәбитбекұлы секілді өнердегі қанаттас әріп­тестері естеліктер айтты. Жи­нал­­ған жұртшылықтың Қайрат әндеріне  сусыны қанды.  Саз­гердің көктемдей көрікті, әсем әндері өзін жоқтатпайды, әрі еліне қызмет ете беретін болады. Қайраттың әніне сусап келгендер оның әруағына құран бағыштады.

 

 

 

Қостанай облысы,

Рудный қаласы