• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Абай 28 Ақпан, 2020

Абай әлемі адастырмайды

385 рет
көрсетілді

Назарбаев Университетте Халықаралық түркі академиясы және аталған жоғары оқу орнының «Рухани жаңғыру» мәдени орталығының қолдауымен қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Абай оқулары» байқауы өтті.

Жастардың шығармашылық бастамаларын қолдау, ұлты­мыз­дың ұлы ақыны Абай Құ­нанбайұлы әдеби мұрасын насихаттау, өскелең ұрпақты қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, философиялық көзқарастары мен ғибратын зерттеуге тартуды мақсат тұтқан тағылымды іс-шараға университет студенттері атсалысты. Ақын өлеңдерін жатқа оқу, әндерін орындау және Абай поэзиясын өзге тіл­дерге аудару аталымдары бо­­йынша өткен сөз додасында қа­­тысушылар өнеріне белгілі актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынай Нөгербек бастаған өнер мен әдебиет әлемінің белгілі өкілдері қазылық етті.

2010 жылы іргесі қаланған әлемдік стандартқа сай білім беретін, еліміздегі бірегей жоғары оқу орны – Назарбаев Университеті жастардың сапалы білім алуына жағдай жасап, олардың болашағына жарқын жол ашуда. Ұшан-теңіз жұмыс атқарып, талай игі бастамаларға мұрындық болып келеді. Соның бірі – «Рухани жаңғыру» мәдени орталығы. Университетте тек жаратылыстану мен медицина бағытында білім алатын жас­тарды рухани кемелденуге, ұлтының тарихы мен табиғатын тануда, әрбір студентті ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуде аталмыш орталықтың берер тағылымы мол. Оның бір дәлелі – «Абай оқулары» байқауы.

– Шындығында біздің студенттер ешқандай гуманитарлық немесе арнайы салаланған қа­зақ тілі мен әдебиетінен бі­лім алып жатқан жоқ. Бірақ со­ған қарамастан, ұлы ақынның өлең­дерін жаттап, айтулы бай­қауға қатысуға ниет біл­діргендер өте көп. Бұл – олардың ақынға, қа­зақтың қара өлеңіне деген рия­сыз махаббаты деп білемін. Адам қанша білімді болса да, өз ұлтының болмысы мен төл тарихын білмесе, ол адамның елі үшін еміреніп, Отанына жан жүрегімен қызмет етуі мүмкін емес. Осы себепті жастарымызды жаратылыстану саласымен ғана шектемей, рухани кемелденуге, жан-жақты, интеллектуал адам болып ер жетуіне барынша басымдық беріп, сол үшін аянбай жұмыс істеп жатырмыз. Ал Абай әлемі – бүгінгі өскелең ұрпақтың бет бұрып, бой түзер темірқазығы. Себебі Абайдың сөзі – ғасырдың сөзі. Тамыры берік бекіген ұлттың келешегі кемел, ертеңі еңселі. Сондықтан ақын әлеміне терең бойлап, ғибратын ұғуды негізгі мақсатымыз еттік. Назарбаев Университеті ұжымының бас­ты ұстанымы – осы, – деді жо­ба жетекшісі, Назарбаев Универ­ситеті жанындағы «Руха­ни жаңғыру» мәдени орталы­ғының директоры Гүлтас Сайын­қызы.

Отызға жуық студент қа­тысқан «Абай оқулары» бай­қауының жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздары әр аталым бо­йынша жеке-жеке анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Атап айтсақ, Абай өлең­дерін жатқа оқуда бас жүлдені «Ескендір» поэмасын мүдірмей оқып, қазылар алқасын әртістік шеберлігімен тәнті еткен Әнел Ерінбек еншілесе, ал Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін қара домбыра күмбірімен сүйемелдеп, нақышына келтіре шырқаған университет студенті Медет Еркін «Абай әндерін орындау» аталымында топ жарды. Ақын поэзиясын өзге тілдерге аудару байқауында І орынды «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңін ағылшын тіліне тәржімалаған Мөлдір Бижанова иеленді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды.

Абайды қазақтың өзі, ұлттың рухы десек, сол отансүйгіштік сезімді бүгін көздерінде от ойнап, сөздерінен ұшқын атқан жалынды жастардан анық сезін­дік. Мамандығын жетік игеріп қа­на қоймай, елінің тарихы мен ұлтының болмысын танып, талантына тағзым етуге ба­ғыт­талған талпыныстарына тән­ті болдық.Абай әлемі адас­тыр­май­ды.