Осыдан төрт жыл бұрын Қызылорда қаласында тұрғын үй салу үшін инфрақұрылымы тартылған 980 гектар аумақ ашылып, 5 мыңнан астам адамға жер телімі берілген еді. Баспана салу үшін өтініш білдіргендер саны жылдам көбейіп келе жатқан облыс орталығы үшін бұл айтарлықтай оқиға болды.
Жаңа ауданда үлкен шара ұйымдастырылып, кезегі келгендерге жерді уақытша жалдау құқығын беретін қаулы салтанатты жағдайда табысталды. Сырдың бас қаласындағы бұл бастама біраз уақытқа дейін БАҚ-тың басты жаңалығына айналды.
Жалпы учаске саны 5 мыңнан асқанымен олардың ішінде комиссия шешімімен қаулы алғандар 4003 болып тұр. Заң талаптарына сәйкес олар 3 жыл ішінде баспана салып, жер телімі жекеменшікке өтуі тиіс болатын. Бірақ кесімді уақыт өткенімен жаңа ауданда әзірше 1035 адам ғана үй құрылысын толық салып біткен. Бұл мәселеге жақында өткен есепті кездесуінде облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов арнайы тоқталып, қала басшылығына шаруаны ширатуды тапсырды. Өйткені жер кезегіне тіркелгендер жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Қазір облыс бойынша 96 882 адам кезекте тұр. Оның 61,7 пайызы облыс орталығынан жер телімін алуға үмітті.
Мәселені зерттеу үшін қала әкімінің орынбасары Ерлан Бердібаевқа жолықтық. Әкім орынбасары жер телімінің игерілуі қазір басты назарда тұрғанын айтады. Осыған байланысты құрылған комиссия жағдайды тұрақты бақылап отыр.
– Жаңа аудан тұрғындарының қатары көбейгені бәріміз үшін керек. Өйткені ол маңға мемлекет миллиардтаған қаржы жұмсап, инфрақұрылым тартты. Егер есіңізде болса, 2016 жылға дейін жер алғандар баспанасын салып болғаннан кейін жол, электр желісін, кәріз жүйесін, су, газ құбырын тартуды сұрап жүретін. Қызылордадан Жезқазғанға қарай шығатын күре жол бойындағы бұл аумаққа заң талаптарына сәйкес бәрі алдын ала тартылды, – дейді Ерлан Бердібаев.
Оның айтуынша, жақында аумаққа үй толық түспесе де газ бергізіле бастаған. Қараусыз жерге әркім-ақ үйір болады ғой, сол ауданда электр желілері, газ тарату қондырғысының құрылғылары қолды болып жатыр. Үйлер жиі түссе мұндай жағдай болмас еді.
Комиссия шешімімен қазір ондағы 1035 адамның жерге жеке меншік құқығын алғанын айттық. Одан бөлек 489 учаскеде баспана құрылысы жартылай аяқталып тұр. Тағы 503 адам іргетасын ғана құйып қойса, 687 жер телімінің иесі құрылысқа енді кіріскен. Ал 120 жер телімі кейін қайтарылып алынды.
Ерлан Бердібаев комиссия мүшелері мәселеге барынша түсіністікпен қарап отырғанын айтады. Бастапқыда баспана салуға қаржысы болмай қиналып жүргендердің мерзімін ұзартып та берген. Бірақ қазір осы себепті сылтауға айналдырып алғандар көбейіп тұр. Сондықтан да алдағы уақытта бұл мәселені сот шешімі арқылы реттеу ойда бар. Кейбір жер телімі инфрақұрылым желілерінің үстіне түсіп қалған жағдайлар да болған. Оларға басқа учаске ұсынылып, мәселе дер кезінде шешімін тапты.
Қала шетіндегі бұл ауданға маршрутты көлік те қарастырылмаған. Ондағылар баласын мектепке, балабақшаға қалаға жібереді. Сол үшін шаһар әкімдігі жергілікті автобус паркімен келісіп, күніне 2-3 мәрте шағын сыйымдылықтағы көлік жіберіп тұр.
– Таңғы сағат 6.00-де автобуспен барған кезіміз болды. Байқағанымыз, көлік келіп тұр-ау деп асыға қоймайтындар көп екен. Жолаушыларды сағаттап күтіп, зарықтырып барып зорға жиналғандарды отырғызып, жүріп кеткен автобустан кейін шыққандар бар ашу-ызасын әлеуметтік желіге төгіп жатады. Негізі, біздің адам тасымалымен айналысып жүрген маршрутты көліктің бағытын бұзып, басқа ауданға жіберуіміздің өзі заңсыз, бұл жеке кәсіпкер бизнесіне кедергі келтіру болып саналады. Бірақ елге болсын деген ниеттегі азаматтар шығынға батқанына қарамастан біздің өтінішімізге түсіністікпен қарап отыр. Бірақ жаңа ауданның тұрғындары осыны түсінбей, өзімізге мін тағады, – дейді қала әкімінің орынбасары.
Жергілікті әкімдік бұл ауданға тұрғындар өздері қоюы тиіс қоқыс контейнерін де демеушілер есебінен орнатып беріп отыр. Соның өзінде «менің үйімнен алысқа қойдың» деп арызданушылар көп екен. Тұрғындар талабына сай әлеуметтік дүкен, фельдшерлік пункт пен учаскелік полиция бекеті ашылды. Балалар үшін ойын алаңы да салынды. Бірақ оған ортақ игілік екен деп жанашырлықпен қарап жатқан адам аз.
Ерлан Құлахметұлы көптеген адамда «мен жер кезегін неше жыл күттім, енді үй салғанымша мемлекет мені мазаламау керек» деген пікір қалыптасқанын айтады. Бірақ бәріміз бағынуға тиісті заңға мұндай уәж жүрмейді. Тағы бір айта кетерлігі, бұл жерлер жекеменшікке өткенше алған адам ешкімге сата алмайды, біреудің атына аударып берудің де жолы жоқ. Жалға алу мерзімі аяқталғанға дейін баспана салынбаса, мемлекет есебіне қайта алынады. Соған қарамастан қазір, кейін заңдастырып бермекке уәде қылғандар учаскесін саудаға шығарып жатыр. Сол сөзге сеніп баспана салғандар ертең үйден де, жерден де айырылып қалуы әбден мүмкін.
Ерлан Құлахметұлы қазір қала бойынша жер кезегінде тұрғандардың 40-50 пайызы ғана баспанаға шын мұқтаж екенін айтады. Олар тек кезегі келгенін күтіп жүр. Әкімдік алдағы уақытта жер телімін алатындардың кесімді мерзім ішінде үй салуға мүмкіндігі бар-жоғын анықтап, олардың кезегін сақтай отырып, баспана тұрғызуға дайындығы бар тұрғындарға жер беруді ойластырып отыр. Ештеңе салмай, уақытын өткізіп алып жерден де, кезектен де қағылып қалатындар үшін осы тиімді. Бірақ бұл заңға қайшы келмеуі керек.
Осыдан төрт жыл бұрын берілген төрт мың жер телімінің жыры осындай болып тұр. Одан бері де кезекке тұрғандар қатары қалыңдады. Қазір қала бойынша баспана салуға жер сұрап өтініш бергендер саны 59695 адамға жетті.
ҚЫЗЫЛОРДА