Елордада кәмелетке толмаған балалар қоғамдық көлікпен тегін жүреді. Бұл туралы кеше «Astana LRT» ұйымдастырған көрме-конференцияда айтылды. Жиында бас қаланың көлік компаниясы өткен жылды қорытындылап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Astana LRT» компаниясының басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов наурыздан бастап кәмелетке толмаған барлық балалар елордада қоғамдық көлікте тегін жүретінін хабарлады.
Сонымен қатар компания басшысы серіктестіктің атауын өзгертіп, ребрендингтің тиісті шараларын қабылдау туралы шешім қабылдағанын айтты. Компания басшысының сөзіне қарағанда, бұл шешім халықаралық тәжірибеге негізделіп жасалды. Мекеме атауы оның қызметін көрсететіндей әлемдік үрдістерге сай оңтайлы болуы тиіс. Ендігі «Астана LRT» ЖШС-ның жаңа атауы – City Transportation Systems. Қазақ тіліндегі мағынасы қалалық көлік жүйелері дегенді білдіреді.
− Әу баста елордадағы халықтың саны 1 миллионға тек 2030 жылы жетеді деп болжанған еді. Алайда қала тұрғындарының саны жылдам өсіп келеді. Компанияның жұмысын жандандырып, ребрендинг жүргізіп жатырмыз. Ағылшын тіліндегі атау кездейсоқ таңдалған жоқ. Себебі біздің компания Халықаралық қоғамдық көлік одағының мүшесі, – деді Б.Игенбердинов. Оның айтуынша, халық көлік картасын қайта сатып алуға міндетті емес.