Өткен жылдың желтоқсан айында Қытайдың Ухань қаласында пайда болған дерттің салдарынан биыл Жапонияның бас шаһары – Токиода өтетін жазғы Олимпия ойындары мен Еуропаның 11 елінде ұйымдастырылатын футболдан Еуропа чемпионаты кейінге қалдырылуы немесе мүлде өтпей қалуы мүмкін.
Жыл басынан бері Қытайда өтетін Олимпия ойындарына жолдама беруші және басқа да халықаралық турнирлер өзге елге ауыстырылып, спортшыларға және спорттық жарыстарды ұйымдастыратын елдерге қиындық тудыруда. Енді Covid-19 вирусы төрт жылда бір өткізілетін Олимпиадаға және Еуропа чемпионатына да кері әсер етуі мүмкін деп болжануда.
Халықаралық Олимпиада комитетінің өкілі Дик Паунд 2020 жылғы Токио Олимпиадасының биыл өтуі немесе өтпеуі туралы нақты шешім мамыр айының соңында хабарланатынын айтты. «Қауіпті эпидемия Олимпиадаға дейін сейіліп, барлық бәсекелер өз уақытында басталады деп үміттенеміз. Сондықтан мамыр айының соңына дейін күту керек. Егер барлығы біз күткендей болмаса, Олимпиаданы өткізбеу нұсқасын да қарастырып көреміз», дейді Паунд.
Бұған дейін Токио-2020 ұйымдастыру комитеті Олимпия ойындары үшін еріктілерді дайындау мәселесі кешіктіріліп жатқанын мәлімдеген болатын. Ал осыдан бірнеше күн бұрын Лондон Олимпиада комитетінен биылғы төрт жылдықтың басты додасын өткізуге үміткер қала ретінде ұсынысын қарап көруді өтінген болатын. Британия астанасын басқаруға негізгі үміткердің бірі Шон Бэйли егер Жапонияда Олимпиада өтетін болса, коронавирустан бірнеше мың адам зардап шегетінін айтып, өзінің алаңдаушылығын білдірген-ді. Ұлыбритания астанасы бұған дейін 1908, 1948 және 2012 жылғы жазғы Олимпия ойындарын өткізген болатын.
Сондай-ақ УЕФА вице-президенті Микеле Ува да 12 маусым мен 12 шілде аралығында өтетін Еуро-2020 турнирі кейінге шегерілуі немесе биыл өтпей қалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Доп додасының 60 жылдығына байланысты УЕФА тарихта тұңғыш рет турнирді 11 елдің 12 қаласында ұйымдастыруды көздеп отырған-ды.
«Қазіргі уақытта оқиғалар барысын қадағалап отырмыз. Егер вирус бұдан әрі өрши берсе, амал жоқ турнирді кейінге шегеруге тура келеді. Бәлкім Еуропа чемпионаты биыл өтпеуі де мүмкін. Бірақ біріншілікті өз уақытында өткізуге тырысамыз», дейді Уву.