2020 жылдың қаңтар айына, еліміз бойынша, МӘМС жүйесінің қатысушысы ретінде 17 млн адам тіркелген. Маңғыстаулықтар 2017 жылдың 1 шілде айынан 2020 жылдың 31 қаңтарына дейін 12,8 млрд теңге, тек қаңтар айы бойынша 479,7 млн теңге жарна мен төлемдер аударған. Жалпы жарна төлеуден облыстар арасында Маңғыстау 6-орында тұр. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалының Халықты ақпараттандыру бөлімі хабарлады.
Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін елдің барлық тұрғындары шартты түрде сақтандырылған болып саналады және олар ТМККК және МӘМС пакеттері аясында медициналық қызметтерді тегін ала алады.
Ал сақтандырылмаған азаматтар, әр медициналық ұйымда орналастырылған төлем терминалдары арқылы жарна төлеп, мәртебесін анықтауға мүмкіндік алады.
Бүгінгі таңда бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың 81,8% терминалдармен жабдықталған. Демек, азаматтар өздерінің сақтандыру мәртебесін анықтап, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелуі керек.
Жеңілдік кезеңі аяқталғаннан кейін 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап сақтандырылмаған пациенттер медициналық көмек алуды жалғастыра береді, ол тек медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ғана, қалған қызметтерге ақылы болады.
Әр азамат өзінің сақтандырылған немесе сақтандырылмаған екенін бірнеше жолмен біле алады: 1) Тіркелген емханасына барып, регистратураға ЖСН (Жеке сәйкестендірілген номер) нөмірін айтса, мамандар анықтап береді. 2) Fms.kz сайтында ЖСН нөміріңізді терсеңіз, статусыңызды шығарып береді. 3) Ұялы телефондағы Телеграм қосымшасында SaqtandyryBotқа (СақтандыруБот) ЖСН нөміріңізді жіберсеңіз, сізге бірден статусыңыз жайлы ақпарат келеді.
Сондықтан 31 наурызға дейін МӘМС жүйесінде сақтанушының мәртебесін алу маңызды.
Маңғыстау облысы