Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның қатысуымен «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері» тақырыбында Парламенттік тыңдау өтті.
Іс-шара аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Сенат басшысы Дариға Назарбаева ауыл шаруашылығындағы түрлі сала өнімдері мен аграрлық ғылымның және «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі даму институттарының жетістіктерімен танысты. Көрмеде Сенат депутаттарына бірыңғай біріктіруші орталықтың қызметі таныстырылды.
Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев отырысты аша келіп, Парламенттік тыңдаудың тақырыбы ел экономикасындағы проблемасы аса көп, халықтың тарапынан жиі сынға ұшырап жүрген, бірақ өте маңызды, мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар сала – аграрлық секторға арналып отырғанын айтты.
Сенат Төрағасы жалпы елдегі табыстың өсуіне қарамастан, ауыл тұрғындарының жағдайы жақсы емес екенін сөз етті. Сонымен бірге мемлекеттің ауыл шаруашылығы өнеркәсіп ретінде осыған байланысты тоқтап тұруы мүмкін деген болжам айтты.
«Ауыл шаруашылығы – Қазақстан экономикасының негізгі саласы. Еліміз астық өндірумен танымал. Ал халқымыздың өмір салтының ажырамас бөлігі – мал шаруашылығы, ежелден әр қазаққа интуитивті тұрғыда жақын, генетикалық деңгейде түсінікті. Олай болса табиғи және тарихи негіздер бола тұра отандық азық-түлік өнімдерінің 80 пайызы неге қол жетімсіз? Халқымыз туған жерге ерекше құрметпен қарап келсе де, неліктен ауыл шаруашылығы көп жылдар бойы экономиканың проблемалы саласының бірі болып келеді?» деген сауал тастады.
Сонымен қатар Дариға Назарбаева: «Сенат – жергілікті мәслихаттар сайлаған сенаторлар арқылы өңірлерді институционалды түрде көрсететін жалғыз ұлттық орган. Ауылдық жерлерді дамытуға байланысты аймақтық дамудың әлеуметтік проблемалары көп жағдайда біздің де жауапкершілік екеніне сенімдімін», деді.
«Парламенттік тыңдаулардың қарсаңында Сенат депутаттары көптеген маңызды жұмыс атқарды. Тиісті департаменттердің, мемлекеттік корпорациялардың, фермерлердің кәсіби бірлестіктерінің өкілдерімен, өңірлерде ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адамдармен ондаған кездесулер өтті. Саланың проблемалары туралы бірегей және қарама-қайшылықтарға толы материалдар жиналды.
Атап айтар болсақ, цифрлы және пайыздық көрсеткіштердің өсіп жатқанына қарамастан, біз соңғы 10 жыл аралығында саланың тоқырағанын көріп отырмыз. Ауыл шаруашылығының ІЖӨ үлесі 10 жыл ішінде 5 пайыздан асқан жоқ, ал соңғы жылдары тұрақты түрде төмендеп келеді (2019 жылы 4,4%).
Көбіне кестелер мен сандардың артында адамдардың нақты проблемалары тұрғанын көре бермейміз. Саланың әлеуметтік өлшеміне назар аударуымыз керек. Ауылдың тұрмыс салты мен өмір философиясы қаладағы өмірден мүлдем өзгеше. Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, осы жылдың 1 қаңтарында экономика саласындағы ең төменгі жалақы ауыл шаруашылығында болған.
Аграрлық секторды тұрақты түрде жүйесіз реформалау ауыл шаруашылығын дағдарысқа, өндірістің күрт құлдырауына, өндірушілердің табыстарының төмендеуіне, ауылшаруашылық өнімдерінің, шикізат пен азық-түлік бағаларының көтерілуіне және басқа да келеңсіз жағдайларға алып келді», деп ескертті Сенат Төрағасы.
Аталған тақырыпта баяндама жасаған Аграрлық мәселелері, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Дүйсенғазы Мусин осы саладағы бірнеше өзекті проблемаға тоқталып өтті. Тарқата айтар болсақ, ауыл шаруашылығының алға жылжымауын заңмен байланыстырды. «Бүгінгі күнгі қолданыстағы заңнамалық базаның олқылығы – тұрақсыздығында деп білеміз. Мысалы, Жер кодексіне 99 заңнамалық өзгерістер енгізіліп, 260-тан аса заң түрлі толықтыруға ұшыраған. Талдау көрсеткендей, әлі де өзектілігі тұрғысынан ескірген нормалар да баршылық. Бұл инвестициялық ахуалға теріс ықпалын тигізуде. Аталған мәселеде Ұлттық экономика және Әділет министрліктері тарапынан нақты бақылау мен үйлестіруді күшейту қажет деп санаймыз», деді Сенат депутаты.
Өңірлердегі жағдайды баяндауға шақырылған әкімдер қатарында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин да болды. Облыс әкімі Ақтөбе өңірі ауыл шаруашылығының қай саласына да ыңғайлы екенін еске салып өтті. «Бұл саланы өңірдің табысты дамуының басты ресурстарының бірі ретінде қараймыз. Өсімдік, мал шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау жоғары. Өткен жылы мемлекеттік қолдау көлемі 7,2 млрд теңгеге артты. Субсидия көлемі 15,7 млрд теңгені құрады. Бұл өндірілген өнім мен еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағдарламасы аясында астық дақылды егістік алқаптары қысқарып, майлы, мал азығы дақылдары, көкөніс алқабы артып келеді. Жүйелі жүргізген жұмыстар нәтижесінде егіс алқабының үлесі 39,8%-ға дейін төмендеді. Тиісінше, мал азығы дақылдарының үлесі 35,8%-ға дейін ұлғайды», деді өңір басшысы.
Дариға Назарбаева Парламенттік тыңдауды қорытындылай келіп, сенаторлардың ұсынымдарын 9 бөлімге жинақтады және оған жан-жақты тоқталды. Сенат Төрағасы талқыланған тақырыптың маңызды екенін атап өтіп, осы сала еліміздің әрбір азаматын толғандыратынын жеткізді. «Қазіргідей келте ойлауды қысқарту керек. Бізде барлық салада да стратегия болуы тиіс. Қателіктер мен оң тәжірибелеріміз бізді соған бастап келеді», деді ол.
Сенат басшысы агроөнеркәсіп кешені саласының дамуындағы тежегіштерді егжей-тегжейлі анықтау мақсатында алдағы уақытта ауқымды жұмыстар күтіп тұрғанын және Үкіметке жіберілетін ұсынымдарды тиянақты түрде пысықтау керектігін айтты.