Биыл туғанына 175 жыл толып отырған жарықтық Абай атамыздың кейіске толы:
«Көзінен басқа ойы жоқ,
Адамның надан әуресі.
Сонда да көңілі тым-ақ тоқ,
Жайқаң-қайқаң әр несі»,
деп басталатын алты шумақ жыры бар. Осында айтылғандай, рухани ілім-білімнен, қарапайым өмірде шаһадат пен ғибраттан хабары жоқ пенделер жайлы үлкен ғалым Мағаз ар-Рази: «Кімнің уайымы жоқ, тоқшылығы көп болса, денесі майлы болады. Денесінің майы көп адамда желік пайда болады. Желігі бар адам жамандыққа ұрынғыш келеді. Жамандыққа бойы үйренген адамның жүрегі қатыгезденеді. Жүрегі қатыгезденіп өлі күйге түскен пенде пәнидің қызықтарына батып кетеді» депті.
Осы орайда жоғарыдағы даналар тәмсілімен қабысып жатқан мына бір оқиғаны баян етсек артық болмайтын сияқты. Өткен ғасыр. Сексенінші жылдардың басы. Ақын Ғафу Қайырбеков ағамызды ауылда тұратын бір інісі арнайы іздеп келеді. Өзі кеңшардың дардай директоры.
Ақкөңіл ағамыз дереу елден келген, оны ертіп алып «Алматы» қонақүйіне тартады. Қонақүйдің сол тұстағы директоры, Рейхстагқа тұңғыш ту тіккен батыр – Рақымжан Қошқарбаев. Ғафеңнің сөзін батыр ағасы жерге тастай ма, қонақүйдің ең жақсы нөміріне алыстан келген қонақты орналастырады. Алматылық ағаларының мұндай сый-құрметіне риза болған кеңшар басшысы да кешкісін аста-төк дастарқан жаяды. Елден келген дәмнен ауыз тисін деген ниетпен Ғафең жаны қалмай ең жақын іні-достарын шақырады.
Сыр-ағаң (С.Мәуленов), Кәукен Кенжетаев, Ақселеу Сейдімбек, Жәнібек Кәрменов сынды ақын-жазушы, өнер иелері жинала қалады. Дастарқанға Рахымжан Қошқарбаевтың өзі де келеді.
Ғафең әдетінше інісіне жағалай отырған замандастарын таныстыра бастайды. Масқара болғанда, әлгі совхоздың дардай директоры қасында жайылып жастық, иіліп төсек болып отырған, қаймана қазаққа аты әйгілі азаматтардың бірде-біреуін танымайды екен. Ешқандай кітаптың бетін ашпаған, оқымаған, әдебиет пен тарихтан бейхабар, шаруашылықтан басқа тірлікті білмейтін інісінің Рейхстагқа ту тіккен Р.Қошқарбаевты қонақүйдің директоры ретінде, басқаларын ағасының «бөтелкелесі» деп танығанына әуелі абыржып қалған Ғафекең аздан кейін сөз бастайды.
– Қадірлі Рақа! – дейді оң жағында отырған Рақымжан Қошқарбаевқа қарап: – Мынау менің елден келген інім. Көріп отырсыздар өзі мырза, ауқатты. Сосын тап-таза жігіт. Таза болғанда да мұнтаздай, келбетіне дақ түспеген, жүрегіне ән-жыр ұяламаған, кітаптың бетін ашып миын ауыртпаған, қақ-соқпен ісі жоқ, керемет жігіт, – дейді еш сыр бермей.
Содан кейін оң жағында отырған інілеріне өзімсіне бұрылып: – Әй, Ақселеу, әй Жәнібек, мына сендер не оттап жүрсіңдер, тарих, мәдениет, әдебиет, ұлттың болашағы, ұрпақтың келешегі, салт-дәстүр... тағы сондай бірдеңелеріңді айтып...
Мына ініме қарасаңдаршы, ондайлардың бірімен де шатағы жоқ, тап-таза. Ештеңеге араласпайды. Білмейді. Білгісі де келмейді. Бұған совхоздағы малы түгел, бала-шағасы аман, мәшинесі жүріп тұрса болды. Қалған дүние өртеніп, топан су қаптап кетсе де мыңқ етпейтін нардың өзі. «Тап-таза» жігіт болған соң сөйтеді. Айтып отырмын ғой, тап-таза! – деп тағы тамсанады. Отырған жұрт ащы мысқылға қырылып түседі. Ештеңеге түсінбеген әлгі жігіттің өзі де мәз болыпты.
Жаныңды жабырқататын надандықты Ғафу ағамыз кезінде осылай оспақтаған екен. Қазір көріп жүрміз, қоғамда «тап-таза» жігіттер тіпті көбейіп кетті. Аяқ алып жүргісіз.
Баяғы Абай атамыздың:
«Наданның көңілін басып тұр,
Қараңғылық пердесі.
Ақылдан бойы қашық тұр,
Ойында бір-ақ шаруасы»,
дегеніндей, қазіргі «таза» жігіттердің бойында ел қамынан гөрі қарын қамы, ілім-білімнен гөрі, жағына білу, жарамсақтану «өнерін» үйрену үрдісі басым. «Қазіргі жаңа толқын зиялы да, игі де емес, тек дүмбілез дипломды, шала сауатты, қулық сауған қарынбайлар болып барады» деп марқұм Марат Қабанбай айтқандай, апатияның алдында тұрған жоқпыз ба өзі!