Елордада Еуразиялық интеграция институтының және Президент жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметінің» ұйымдастыруымен «Ұлттық кеңес: қоғамдық келісімді қайта жандандыру» атты пікірталас клубының отырысы өтті.
Пікірталас клубының отырысына мемлекеттік орган қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, отандық ғалымдар, сарапшылар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Диалог алаңының мақсаты – әлеуметтік жандандырудың өзекті проблемалары мен жүргізіліп жатқан реформалардың бағытын талқылау, сонымен қатар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында диалогты одан әрі жетілдіру мақсатында ұсыныстар әзірлеу.
– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуына қатысты елімізде түрлі пікірталас өрбіді. Аталған кеңестің екінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі қоғамдық-саяси процестерді жетілдіру жөніндегі пакетті ұсынды. Ұсынылған пакет іс жүзіне асуда. Пакеттің аясында Митингілер туралы заң қоғамның талқысына ұсынылды. Сондай-ақ Партиялар туралы заңға да өзгерістер енгізіліп жатыр. Сонымен қатар еліміздегі Қылмыстық кодекстің 174-ші және 132-баптарына өзгерістер енді. Бұл жұмыстар еліміздегі азаматтық қоғамды дамытудың белгілі бір индексін жоғарылатуға ықпал ететін қадамдар деп айтуға негіз бар, – деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Ерлан Саиров.
Оның айтуынша әлемдік заманауи тәжірибеде келіссөз алаңдары саяси процестерді іске асырудың тиімді механизміне айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі диалог құру тәжірибесі мен мемлекеттік байланыс саясатын дамытуда жаңа кезеңді қалыптастырды.
– Биыл елімізде ұлттық санақ жүргізіледі. Ол да бір үлкен, межелі оқиға. Бұл санақ Қазақстандағы этно-демографиялық өзгерістердің қай бағытта өрбитінін дәлелдейтін және қазақ этносына тың бастама беретін жыл болады деп үміттенеміз. 1989 жылы Қазақстандағы қазақтың саны 39% болса, бұл көрсеткіш биыл 70%-дан асады деген сенім бар. Мұның өзі көптеген үдеріске тікелей әсер етеді. Осы жылы саяси бәсекелестікті қамтамасыз ететін бірнеше заң қабылдануы қажет. Жаңа саяси ойыншылардың саясат сахнасына келуін, жаңа ойын ережесінің жасалуын қамтамасыз ету керек, – деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Айдос Сарым.
Ол өз сөзінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мемлекет пен халықтың, билік пен азаматтардың арасында диалог орнату үшін маңызды алаң екенін атап өтті. Қоғамдық келісім жаңа шарттардағы сапалы өсім мен өркендеу үшін экономика, адам құқығы салаларында өзгерістерге түсу керектігіне тоқталды. Жаңа шарттар мемлекеттік басқару саласында да ашықтық пен бәсекенің өсуін талап ететінін жеткізді. Қоғамды жандандыру үшін азаматтық бейбітшілік пен сапалы өмір қажеттігін алға тартты.
– Ұлттық кеңестің мүшелері оның жұмыс тәртібін жүйелеуге қатысты түрлі пікірді ұстанады. Қандай да бір жағдайға, тосын оқиғаға байланысты ма, жоқ әлде бекітілген жоспар бойынша жұмыс жүргізілуі керек пе деген ойлар айтылады. Ұлттық кеңес мүшелерінің басым көпшілігі орын алған оқиғаларды емес, жоспарды алдыңғы орынға қоюды ұсынады. Біздің мақсат осы мәселенің жүйелі шешімін табу болып отыр. Егер біз белгілі бір саланы қарастыратын болсақ, мәселенің мәнісіне үңілетін, түбегейлі зерттейтін арнайы топ құрылады. Осылайша Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына ұсынылатын күн тәртібі барынша ойластырылмақ, – деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Талғат Қалиев.
Саясаттанушы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің БАҚ өкілдеріне пікір білдіруіне қатысты ойын да жеткізді. Оның айтуынша, БАҚ өкілдері Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелеріне жиі хабарласып, пікір білдіруді сұрайды. Ал аталған Ұлттық кеңес – қоғамдық орган болғандықтан, бір адам бүтін бір Ұлттық кеңестің пікірін білдіре алмайды. Егер Ұлттық кеңес мүшелері БАҚ өкілдеріне пікір білдірген болса, ол Ұлттық кеңестің емес, сарапшы ретінде өзінің жеке пікірі деп қабылдануы қажет.
Осылайша пікірталас клубының отырысы барысында Ұлттық кеңестің атқарылып жатқан ауқымды жұмысы назарға алынып, оның пайда болуы мемлекет пен қоғам арасындағы диалогқа деген қажеттіліктен туындағаны айтылды. Елдегі әлеуметтік қайшылықтарды шешуге де ерекше серпін беретіні тілге тиек етілді. Қоғамдағы өзекті мәселелердің шешімін табу үшін елдегі барлық әлеуметтік топтардың белсенді әрекеті, азаматтық ұстанымы қажет екені атап өтілді.