Жапонияның Токио қаласында өткен гран-при Әлем Кубогында маңғыстаулық каратэшілер топ жарды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметі хабарлады.
Халықаралық турнирге әлемнің 15 елінен 750-ге жуық спортшы қатысқан. Оның ішінде Маңғыстау құрама командасынан 18 жасқа дейінгі 10 және 18 жастан жоғары 2 спортшы бар. Маңғыстаулық Кекушинкай Каратэшілер республиканың намысын қорғап, әлемдік деңгейде 8 жүлде иеленді.
1 орынды Жолдыбай Бейбарыс пен Смағұл Нұрсұлтан иеленсе, Орынбасаров Бекзат, Аманкан Қыдыржан, Болатов Бекарыс 2 орыннан көрінді, ал Бақытұлы Саят, Мырзағали Бекғали, Сағындық Хамза 3 орын тұғырынан көрініп, еліміздің көк байрағын көкке көтерді.
-Әрбір күнін зор дайындықпен өткізетін спортшыларымыз үшін Жапониядағы жарыс – алға ұмтыла түсуге ынталандыра түседі деп ойлаймын. Жас спортшылардың алда алар асуы көп екендігіне сенімдімін, дейді Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз хатшысы Ұлболсын Мектепқызы.
Маңғыстау облысы