Қытайдың Ухан қаласында басталған вирусты әлем бойынша 93 мыңнан астам адам жұқтырған.
18:10
Фактчек: Коронавирустың жарқанаттан тарағаны нақты емес
Ұлыбританияның Full Fact дереккөздермен жұмыс істейтін ұйымы ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде коронавирусқа қатысты тараған кей ақпараттың растығын талдапты.
Айтылды: Ғалымдар коронавирус Қытай зерттеу орталығындағы жарқанаттардан тарады деген болжам айтқан.
Full Fact қорытындысы: Екі қытай ғалымы 2019 жылғы коронавирус эпидемиясы Ухан қаласында орналасқан зертханадағы жарқанаттардан тарауы мүмкін делінген мақала жариялаған. Десе де, жұмыста зертхананың орналасқан жері көрсетілген картадан өзге еш дәлел келтірілмеген.
Айтылды: Ғалымдар коронавирус туралы алдын ала білген. Оны тіпті «Х індеті» деп атады.
Full Fact қорытындысы: Ғалымдар алдын ала білген жоқ. «Х індеті» дегеніміз - Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының эпидемия тудыратын кез келген белгісіз ауруларға қатысты қолданатын атауы.
______________________________________________________________________________________________
15:40
Коронавирус мұсылман елдеріне қалай әсер етіп жатыр?
Індеттің өршуіне байланысты көптеген елде қауіпсіздік шаралары күшейіп, ірі спорттық не ойын-сауық шаралары кейінге шегерілді. Билік тұрғындардан аса қажеттілік тумаса саяхаттауды кейінге қалдыруды сұрап жатыр.
Кейбір елдер қауіпсіздік мақсатында амандасудың ретін өзгерту туралы айтып жатыр. Қазақстанда да қол алысып амандасудың орнына иіліп сәлем беру дәстүрін жаңарту ұсынылды.
Діни бірлестіктер әлем бойынша кейбір мерекелер мен дәстүрлерді атап өтудің өзгеше жолын ұстануға шақырды. Мұның бәрі әрине 3 мыңнан астам адамның өмірін жалмаған вирустың алдын алу шаралары.
Мұсылман елдері вирусқа байланысты қандай сақтық шараларын ұстануды ұсынды:
► Сауд Арабиясы қажылыққа (Умра) немесе елдегі қасиетті орындарға саяхат жасауға тыйым салды. Елде коронавирус жұқтырған 2 жағдай тіркелді.
► Иранда вирус кеңінен тарап үлгерді, сондықтан билік үлкен қалалар тұрғындарын жұма күні мешітке барудан бас тартуға шақырды.
► Сингапурда мұсылмандарға мешітке өз жайнамаздарымен келу және қол алысып амандаспау ұсынылды.
► Ұлыбританияның мұсылмандар қауымдастығы қауіпсіздік шараларын ұстануға шақырды.
► Қазақстанда да жұма намазға мешітке бармау туралы ұсыныс жасалды.
______________________________________________________________________________________________
12:13
Италияда барлық оқу орындары жабылды
Италияда барлық мектептер мен университеттер 15 наурызға дейін жабылатын болды. Сондай-ақ ірі спорттық шаралар, оның ішінде футболдан Италия чемпионаты көрермендерсіз жабық өтетіні хабарланды.
Елде вирустан 107 адам көз жұмып, 2500-ден астамы ауырған. Коронавирус Италияның барлық 20 аймағына тарап үлгерді. Қазір әлем бойынша Италия індет жайлаған Қытай мен Оңтүстік Кореядан кейінгі үшінші ел.
______________________________________________________________________________________________
11:10
Калифорнияда төтенше жағдай жарияландыКалифорния губернаторы вируспен байланысты алғашқы науқас көз жұмғаннан кейін штатта төтенше жағдай жариялады. Қазірдің өзінде 53 жағдай тіркелген.
Қаза болған 71 жастағы науқас өткен айда Grand Princess лайнерінде саяхаттаған. Қазір кеме жолаушыларды тексеру үшін Сан-Франциско жағалауында тұр. Лайнерде болған 21 адамнан тұмау белгілері байқалған.
______________________________________________________________________________________________
09:20
Әлемдегі жағдай қандай?► Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (WHO) ұсынған соңғы мәліметке сенсек, 93 164 адам вирус жұқтырған.
► Індет әлемнің 77 елінде тіркелді.
► Әлем бойынша 3 199 адам коронавирустан көз жұмды.
► Дүниежүзілік банк (World Bank) вируспен күресуге $12 млрд бөлуге уәде берді.
► Жапонияда вирус жұқтырғандар саны 1000-нан асты.
► Үндістанда он бес италиялық вирус жұқтырғаны анықталды, нәтижесінде елде тіркелген науқастар саны 28-ге өсті.
► Германияда 240 адам вирус жұқтырған.
► Иракта алғашқы науқас көз жұмды.
► "Egemen Qazaqstan" газеті коронавирус туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.