• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Наурыз, 2020

Маңғыстау ақпараттық-ағартушылық штабы жұмысқа белсене кірісті

592 рет
көрсетілді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы А. Шпекбаевтың шешімімен қоғам қайраткерлері, бизнес қауымдастық өкілдері, белсенді азаматтардан құралған республикалық ақпараттық-ағартушылық штабы құрылған болатын. Маңғыстау өңіріндегі ақпараттық-ағартушылық штабы жуырда ашылған Антикор орталығында алға қойылып отырған міндеттер мен бастамалар туралы арнайы баспасөз брифингін өткізді.

Баспасөз мәжілісіне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Серік Қаныбеков, ақпараттық-ағартушылық штабтың жетекшісі Айсұлу Дутбаева, штаб мүшелері Зарета Фаталиева, Әлия Телеуғали қатысып, штабтың мақсат-міндеттерін баяндады.

– Аталған штаб біздің облыста да жақсы жұмыстар жүргізіп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан бірнеше институттар құрылған. Бірақ біз агенттік мойнындағы жүкті, яғни жауапкершілікті ақпараттық-ағартушылық штабына, Арнайы мониторингтік топқа немесе «Адалдық алаңы» кеңсесіне жүктемейміз. Қазір құқыққорғау органдарының ішінде қоғаммен тығыз байланыста жүрген осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі деп айта аламыз. Біз өз жүгімізді өзіміз көтереміз. Қылмысты қудалау шараларына қатыстырмаймыз. Ол міндеттерді өзіміз орындаймыз. Бұл жердегі мақсат – қоғам мен құқыққорғау органы байланысын орнату, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Посткеңестік елдер арасында алғаш болып 1995 жылы Қазақстанда сыбайлас жемқорлық туралы заң қабылданды. Сол заң 2015 жылы жаңарып, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет» деген норма енгізілді. Мәдениеттің әртүрін білесіздер. Бірақ осы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалай қалыптастырамыз? Парасаттылық ұғымы деген не? Осы сұрақтарға қоғаммен бірлесе жауап іздеу мақсатында осындай институттар құрылды. Агенттік жанындағы бұл институттардың жұмыстары бір-бірін қайталамайды. Мониторинг деген – қоғам мен қоршаған ортада болып жатқан құбылыстар мен әрекеттерге сырттай бақылау жүргізу. Арнайы мониторингтік топтың өзі белгілі бір мекемеге барып қандай да бір құжаттарды талап ете алмайды. Өйткені ол тексеру жұмысына айналады. Топтың міндеті – тексеру емес, бақылау жүргізу. Ол қалай жүргізіледі? Бақылау нақты бір мекемеде болып жатқан олқылықтар мен кемшіліктерді айтып, қоғамның назарын аудару, мемлекеттік билік институттарына орын алған мәселелерді көтеру. Қазірдің өзінде Антикор орталығы азаматтарды қабылдайтын орынға айналды. Күн сайын қаншама азаматтар келеді, көптеген маңызды мәселелер талқыланады. Ақпараттық-ағартушылық штабы үшін осы орталықта қай кезде болса да жұмыс істеуге толық мүмкіндік бар. Қысқа мерзімнің ішінде штаб құрамына елімізге жанашыр азаматтарды жиналды. Қоғам игілігі үшін осы жұмыстарды бірлесе жүргізуге қуаныштымыз, деді С.Қаныбеков.

Департамент басшысы орынбасарының айтуынша, әлемде әр мемлекеттің сыбайлас жемқорлық деңгейін, яғни индексін есептейтін Transparency International деген халықаралық ұйым бар екенін, сол арқылы әлем елдерінің жемқорлық деңгейі анықталатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, халықаралық ұйым әлемдегі 13 талдау агенттігінің ақпараттарына сүйене отырып талдау жасайды. Соның 9-ы біздің елімізде жұмыс істейді екен. «Халықаралық ұйым осы агенттіктерден жыл сайын ақпарат жинайды.

Өткен жылы әлеуметтік және бизнес блоктар арасында жүргізген зерттеулерінің қорытындысы бойынша Қазақстан сыбайлас жемқорлық индексінде 124-тен 113-ке көтеріліп, 11 сатыға жоғарылаған. Ал бұл көрсеткішке осындай қоғамдық институттардың құрылуының және халықтың, қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске атсалысуы арқасында қол жетіп отыр. Міне, талдау агенттігі осыны есепке алады. Мәселен, «Адалдық алаңы» институты неден пайда болды? Бұл ең алғашында 2018 жылы 5 қазанда Елбасының Жолдауында айтылды. Нұр-Сұлтан қаласындағы оң тәжірибе байқалды, жоба жемісті болып, бүкіл республикада жұмыс істеуге көшті. Арнайы мониторингтік топтар да дәл солай. Ақпараттық-ағартушылық штабы да тап осы жолмен құрылып отыр. Осындай жобалардың арқасында Қазақстан сыбайлас жемқорлық индексін неғұрлым төмендеткені дұрыс. Өйткені халықаралық инвесторлар мен бизнес қауымдастық бір мемлекетке барып инвестиция құйып, бизнесін құру үшін жоғары атап өткен халықаралық талдау агенттігінің мәліметтерін назарға алады екен. Сол себепті, менің ойымша, ақпараттық-ағартушылық штабтың жұмысы өлшеусіз, деді ол.

Брифинг барысында штаб мүшелері өз ойларын ортаға салып, жаңа құрылымның жұмыс жоспарымен таныстырды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметінің қоғамда белсенді жүргізілуіне қолдау көрсету мақсатында құрылған Маңғыстау облысы бойынша ақпараттық-ағартушылық штаб өз жұмысын белсенді жүргізбек.

Маңғыстау облысы