Елордада Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың төрағалығымен бейбіт жиындар туралы заң жобасын жетілдіру мәселесі талқыланды.
Оған Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бағдарламалары кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо, USAID-тің Нұр-Сұлтандағы Кеңсесінің директоры Райан Уэдл, БҰҰ-ның Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссар басқармасының өкілі Лейла Дүйсекова, «БҰҰ – Әйелдер» құрылымының жобалық менеджері Гүлнар Смайылова, сондай-ақ Германия, Ұлыбритания, Нидерланд, АҚШ-тың Қазақстандағы елшіліктерінің өкілдері қатысты.
– Біз хабарландыру жүйесін енгізудеміз. Бұл – үлкен қадам. Халықпен кеңескеннен кейін «регламенттелген тәртіп» түсінігі болмайтын болды. Айта кетерлігі, «Ашық деректер» порталында заң жобасын талқылау аясында 260-тан астам ескерту мен ұсыныс келіп түсті, – деді Д.Абаев.
Министрдің айтуынша, бейбіт жиындар туралы заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында жүзеге асып отыр. Мәселен, заң жобасында митингтерді өткізу туралы хабарлау процедурасын, ұғымдық ақпаратты енгізу, бейбіт жиындарды қаланың шетінде емес, арнайы орындарда өткізу қарастырылған.
– Бұл құжат тура осылай әзірленуі тиіс. Қолға алынып жатқан жұмыс барысы біздің көңілімізден шығып отыр. Түрлі орындарда, түрлі деңгейлерде пікірталастар өрбіп жатыр. Осының барлығы жобасы да, бағыты да дұрыс заңды қабылдауға ұйытқы болады деген ойдамын. Бұл үрдіске Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы да үлес қосуға дайын, – деді Д.Сабо.
Оның айтуынша, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында осындай мәселелермен айналысатын арнайы институттар мен жекелеген бөлімшелері бар көрінеді. Ұйымға мүше мемлекеттердің өтініші бойынша сарапшылық пікір білдіріліп отырады.
– Бейбіт жиындарды өткізу мәдениетін жоғарылату бойынша жұмыс жүргізу керек деп есептеймін. Ертеңгі ел дамуына қажет аса маңызды заңды әзірлегендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Аталған заңды қабылдап қана қоймай, халыққа бейбіт жиындар өткізудің әдіс-тәсілдерін де үйрету керек деп ойлаймын. Мәслихаттар алаңында, қоғамдық кеңестерде тұрғындардың қалай бейбіт жиналатыны, олардың сыпайы түрде ой білдіруге болатыны туралы тыңдау өткізген абзал. Сондай-ақ жалпы жағдайды митингке ұластырудың қажеті де шамалы, – деді Г.Смайылова.
Кездесу барысында Дәурен Абаев халықаралық ұйымдардың өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, заң жұмысы аясында атқарылып жатқан өзге де маңызды мәселелерге тоқталды.