Кеншілер астанасында Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналып өткізілген «Тіл тұмар» атты қазақ тілін жетік білу байқауына орыс тілінде оқытылатын 48 мектептің 163 оқушысы бақ сынады.
Үміткерлер мәнерлеп оқу, вокалдық және драма жанры бойынша өз өнерлерін көрсетіп, сайысқа түсті.
Ұлы Абайдың өлеңдерін оқу бойынша өткен «Асыл сөз» аталымында №65 орта мектептің өрендері алдарына жан салмады. «Бала дауысы» аталымында вокалдық қабілеттері бойынша сынға түскен оқушылар арасында №32 орта мектептің ұландары жеңіске жетті. Ал «Сахналық қойылым» аталымы бойынша өткен сында №83 орта мектептің оқушылары озып шықты.
Байқау қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер ғана емес, ерекше белсенділік пен шығармашылық ұтқырлық танытқан үміткерлер де марапатқа ие болды. Оларға Қарағанды қалалық білім бөлімі атынан арнайы дипломдар табыс етілді.
Қарағанды облысы