1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің №304 санына шыққан «Наурыз туралы» мақаланы назарларыңызға ұсынамыз.
22-ші март – Наурыз мейрамы. Күншығыс халқына тегіс мейрам қылып өткізу – салт болған күн. Мұны көп білгіштер «дін мейрамы деп жиреніп, лажы болса, құртып жіберу керек», – деп сопышыланып, аңқау елге арамза молдалық соғатын қазақ коммунист жолдастардан бар екен. Наурызға арналған намаз жоқ. Наурызда құрбан шалынып, Құран оқылмайды. Наурыз – жыл басы. Наурыз – күн мен түннің теңеліп, күннің асып кетіп бара жатқан уағына дәл келетін мейрам. Наурыз мұсылмандықтан бұрын шыққан мейрам. Наурыз – ел шаруасымен күн көріп, табиғат шарттарына тұрмыс көбірек байланысқан елдің тұрмысы тудырып отырған мейрам. Жұрт қысқы қиыншылықтан құтылып, малы жұт қаупінен құтылып, аман қалған малы балалап, қорасы көбейіп жатқан, өздері егін шаруасына қам қылып, қасиетті жаз маусымында байлығын молайтудың, табиғаттың иіп тұрған кезінде қолынан келгенше көп өндіріп қалудың шарасын істеп, абыр-сабыр боп жатқан ел шаруаларының талабы қозған ең көңілді уақыты – көктем. Сол көктемнің басы – наурыз.
Ел шаруаларының наурызды мейрамдайтын себебі – осы. Жердің біз жүрген беткейінде 22-ші марттың мейрам болуының, жыл басы саналуының, ел шаруаларын жалпы ардақтайтын, жалпы қуанышпен өткізетін күні болуының ешбір білгіштер өсектерлік келіспейтін жері жоқ. Бұл наурыз – еш коммунистің дәретін сындырып, намазын бұзбайтын мейрам. Ондай ел тұрмысынан тым қол үзіп кеткен коммунистің әулиелігі өзінен басқаға керегі жоқ, өзіне де зиянды. Жұрттың пайдалы салтын құр салт екен деп жамандау жұрттан шыққандықтан басқа пайда бермейді.
Озық ұлт саналатын орыс арасында демалыс күнін жексенбіден басқа күнге аудара алмай жүргенде, Айсаның туған күні мен өлген күнін мейрам қылып жүргенде ондай дінге байланысы жоқ, тұрмыс салтынан туып отырған халықтың салтына, ел шаруаларының қуаныш күніне білгішсініп, теріс қараудан үлкен надандық болмайды.
Қазақстанға ұқсаған ел шаруасы мемлекетінің, жалпы «халық мейрамы» деп үкімет белгілеген мейрам күндерінің ішінде Наурыз – ең ескерулісі болу керек. Жұртпен бірге үкімет мекемелері де, коммунист партиясының жұртшылығы да басшылық қылып, мейрамдап өткізетін ең үлкен күн – Наурыз болу керек. Орыс қара шаруасының арасында «жиын-терін мейрамы», «ағаш егу мейрамы» дегендерге ұқсаған шаруа шарттарына лайықтап, әдейілеп мейрамдар өткізіліп жүр. Қазақ арасында сондай шаруа мақсатымен жасалатын мейрамның ең лайықтысы – Наурыз.
«Мал шаруасы күні» дегенді жасаймыз деп жүрміз ғой. Кеш қалып отырмыз. Болмаса, «мал шаруасы мейрамы» осы наурыз болуы лайық-ақ еді. Келер жылдары солай істеу керек.
Наурыз – табиғаттың мейрамы, табиғатқа байланысты мықты ел шаруасының мейрамы. Наурыз – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруа мейрамы. Наурыз – қазақтың ұлт мейрамы болып кеткен Құрбан айт, Ораза айттардан гөрі дені де сау, қадірі де артық. Наурыз – қазақтың ұлы күні. Наурыз – жыл басы. Бүгін қазақша тышқан өтіп, сиыр жылы кіріп отыр. Бүгін қазақ «жеткен де бар, жетпеген де бар» деп жаңа көргендей, бір-бірімен құшақтасып көрісіп, қуанышпен жаңа жылды қарсы алып отыр. Бүгін – бүкіл Қазақстанның мейрамы.
Тоқпақ.
22 март, Орынбор.