Қыстан қалған қасат қармен қатар көңілдің де тоңы жібіп, адамзат атаулының айрықша күтетін ұлық мейрамы бар, ол – Наурыз. Көктеммен бірге өміріне де шуақ, шапағат кіреді деп сенген халқымыз Наурыз мерекесін «Ұлыстың ұлы күні», «Әз Наурыз» деп айрықша әспеттеген. Сондықтан болса керек, қазақта Наурыз бір күн емес, тұтас ай бойы тойланады. 14 наурыз – Амал, Көрісу күнінен басталған мейірім мейрамы айдың соңына дейін жалғасады. Әр сәтіне мағына сыйдырған көшпелі халықтың көнеден жеткен төл мерекесінің тұтас ұлттың ұстынын айқындаудағы мәні де, маңызы да зор.
Тарихтан тамыр тартқан мереке бұл
Иә, тағдырын Табиғат-анамен тамырластырған халқымыз үшін Наурыз – жыл басы, жаңару мейрамы. Наурыз айы туғанда табиғатпен бірге адам жанының да ерекше түлеп, жасарып, жаңарып, жан әлемі жақсылық пен мейірімге шөліркеп, амал айында айналасына көңіл жылуын сыйлауға айрықша құмартатыны жаратылыстың өз заңдылығы болар. Жыл бойы көріспеген алыстағы ағайын-туысына арнайы ат басын бұрып, амандығын біліп, көрісуі – көңілден көңіл су ішер жүректі пенденің қай-қайсысына да ортақ қымбат сезім.
Әз Наурыздың тарихы тереңде. Бес мың жылдан бері Ұлы дала төсінде ізгіліктің шұғыласын шашып, табиғатпен үндесе мерекеленіп келе жатқан Ұлыстың ұлы күнінің тарихы қандай бай болса, маңызы мен мазмұны да теңдессіз.
Наурызда аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеледі. Бұл күнді еліміздің батыс өңірі Амал, Көрісу мерекесі деп атаса, оңтүстік өлке «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп ерекше әспеттейді. Ал Шығыс және Орталық Қазақстан аймағын қоныстанған халық арасында айтулы мейрам Отамалы деген атауға ие. Бірақ әр аймақ түрлі атау бергенімен, Наурыздың бар қазақ үшін мұраты бір – ол бауырмалдық пен ауызбіршілік.
Наурыздың көне дәуірден бері келе жатқанына тарихта мысал көп. Зороастризмнің киелі кітабы «Авестада» көрініс тапқан мереке біздің заманымызға дейін де тойланған делінеді. Көне грек тарихшысы Страбонның жазбаларына назар аударсақ, Ахеменидтер, Сасанидтер мемлекеттерінде атап өтіліпті. Ол адамдар от жағып, ерекше үрдістер жасайтынын да жазған. Бұл күндері сол кездегі саудагерлер мен ұсталардың демалғанын ескерсек, мерекенің халық үшін орны бөлек болғаны белгілі. Одан кейін Фирдоусидің де өлеңдерінен ертедегі Наурыз мерекесі туралы оқуға болады.
Парсылар да жыл басы деп білген...
Наурыз – тек түркі халықтарына емес, парсыларға, тіпті гректерге де ортақ мереке. Грек мәдениетінде патрих деп атаса, Хорезмшахта наусарджи деп аталған. Көктем мерекесін 3000 жылдан бері Балқан түбегі, Қара теңіз аймағы, Кавказ, Орталық Азия мен Таяу Шығыста 300 млн-ға жуық адам тойлап келеді. «Әр елдің салты басқа» демекші, парсылардың Наурызды қалай тойлайтынын білмекке Иранның Қазақстандағы елшілігінің Мәдени өкілдігінің басшысы, Иран Елшісінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі Әли Кебриайзадемен сұхбаттасқан болатынбыз. Ол Наурыздың ирандықтар үшін маңызы зор екенін, парсылар жыл басы ретінде қабылдайтынын айтты.
– Наурыздың екі халыққа да ортақ тұстары – жақсылыққа бастау, адамгершілікке баулу екенін байқадым. Табиғат, маусым ауысқанда келетін мерекенің негізгі философиясы – өзгеру, қайта туу. Ирандықтар Жер-ана оянып, табиғат шаттық пен жарыққа бөленгендей менің де болмысымды жақсыға өзгерт, мейрімділікке, сүйіспеншілікке толтыр деп тілек айтады. Иранда да Орталық Азиядағы басқа мемлекеттердегідей наурыз 1-2 апта бойы тойланады. Біз де қазақтар сияқты дайындықты ескі-құсқыдан тазару, үй-ауланы жинаудан бастаймыз. Мерекеге бір күн қалғанда өмірден өткендерді еске алып, құран бағыштап, мазарға барамыз. Ең қызығы, Иранда жаңа жылдың ауысу уақыты арнайы белгіленеді. Бұл астрономиялық зерттеу жасалып, арнайы ұйыммен қарастырылады. Мәселен, 1397 жылдан 1398 жылға ауысу Тегеран уақыты бойынша, 21 наурызда сағат бірден 25 минут 27 секунд кеткенде болады. Осы кезде отбасының мүшелері түгел жиналып, дастарқанға «С» әрпінен басталатын 7 түрлі тағам қойылады. Әр тағамның өз белгісі бар. Бұл да қазақ дәстүріндегі береке, байлық, молшылық сияқты ырымдармен байланысты. Отырыста парсының ұлы ақыны Хафиздің өлеңдерін оқиды. Отбасының үлкендері кішілерге сыйлық сыйлайды. Одан кейін ағайын-туыс бір-бірінің үйіне қонаққа барады. Осылай 13 күн бойы мереке жалғасады. Одан кейін «Табиғат күні» тойланады. Бұл кезде тұрғындар табиғат аясына шығады. Қазақстанның бір ерекшелігі Наурыз оқу орындарында да, көшелерде де тойланады екен. Ал ирандықтар мерекені тек отбасы мүшелерімен қарсы алады, – деді Иран Мәдени өкілдігінің басшысы.
Әлбетте мерекенің бүгінгі тойлануы бұрынғыдан өзгерек. «Авестаға» сүйенсек, бұл күндері әзірленетін тағамдар да, дәстүр де ерекше болған. Ежелгі ирандықтар Митра мен Хаума құдайларын ұлықтап, сома сусынын дайындаған. Ұйғырлар Наурыз жақындағанда ата-баба рухына тағзым етуді жөн көріп, мереке қарсаңында Өлілер күнін тойлаған. Түркілерге ортақ «Ергенекон» дастанында темірді балқытып, көктемнің келгенін, табиғаттың оянғанын білдіретіні туралы жазылған.
«Нау» мен «Әздің» өз мәні бар
Ғалым Ақжан Машани: «Әл-Фараби» атты тарихи-деректі кітабында «Айды тоғыс (аял) жұлдыздарының туғаны мен батқанын «нау» деп атаса, (көпше айтылса «ануа»)», дейді. Алайда автор «нау» туралы астрономдар арасында да, есепшілер арасында да атам заманнан бері бітпей келе жатқан даудың бар екенін, ал көп талқысына түсетін мұндай мәселенің ақындарды да айналып өтпегенін жазады. «Науға» араб, парсы, қыпшақ, үндінің атақты ақындары да өлең арнағанын айтқан ғалым әлемнің екінші ұстазының «Маусымжан» атты өлеңін келтіреді. Онда:
Ай орақ үш жаңасы – Үркер – тоғыс.
Қыс кеткен жылдың басы, – ол Наурыз.
Толған ай қарсы шықса Үркер жаққа,
Шілде өтіп басталғаны тағы да күз.
– деген шумақ бар екенін баяндаған Ақжан Машани осы тектес жырлардың барлығының сарыны бір екенін, наурыз мейрамына байланысты екенін айтады.
Белгілі этнограф-қаламгер Сейіт Кенжеахметов «Самарқандағы Ұлықбектің обсерваториясындағы аспан денелерін белгілеген үлкен көк тасқа Ұлыстың ұлы күні күн сәулесі тікелей түскенде әлгі тас бірер сәтке ериді екен» деген аңыз бар екенін алға тартады.
Ал Мұхтар Арын: «Меніңше, Наурыз мерекесін адам бойындағы жүректің жылылығымен байланыстырып өткізген дұрыс. «Самарқанның көк тасы еритін күн» деуімізге себеп – Самарқанда әйгілі Ақсақ Темірдің тағы бар, бұл күні қаһарлы ханның қаһары жібиді, егер біреу өлім жазасына кесілсе, соған өлім бұйыртпай аман алып қалатын, райынан қайтаратын күн бұл», деп «Самарқанның көк тасы» туралы айтылған сұрақтарға жауап береді.
Мұндай пікір профессор Т.Қордабаевтың зерттеулерінде де кездеседі. Кейбір тұжырымдамаларда ғұлама Ұлықбектің обсерваториясындағы аспан денелерін белгілеген тасқа күн мен түн теңескен Ұлыстың ұлы күні – Наурызда күн сәулесі тікелей түскенде әлгі тас жібиді екен деп те айтылады.
Кейбір зерттеушілер әз Наурыз аталуының себебін күн мен түн теңелгенге дейін болатын «Әз» амалымен байланыстырады. Яғни «Әз» бірдің айының жиырмасында кіріп, жиырма бесінде шығады деп қарастырған. Бірдің айы болса ежелгі халық күнтізбесіндегі Қамбар тоғысы бойынша жыл басындағы бірінші айдың аты, яғни қыстың соңғы айы делінген дейді «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты энциклопедиясында.
Ал Болат Бопайұлы болса «Наурыздың 9-16 аралығында «Әз» амалы кіреді. Осы уақытта аспаннан дауыс естіледі, оны төрт түліктің ішіндегі қой ғана ести алады. Егер адам баласы «Әз» дауысты еститін болса, жеті атасына дейін бақытты әрі өмір жолы ұзақ болады. Әз амалы кірген күндері ауа райында өзгерістер болады. Мысалы, қар жауады, жел тұрып, боран соғады. Айдың 19 мен 26 аралығында әз Наурыз амалы кіреді», деп жазады.
«Амал деген айыңыз...»
Көне жазба деректерінде жалпы Наурыз айы Хамал, яғни Амал айы деп көрсетіледі. Бұл, әсіресе Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларында кеңінен түсіндіріледі. Ғалымның айтуы бойынша, қазақта сегіз күндік Наурызнама өтетіні жазылған. Бұл ескіше 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде бойынша 14-21 наурыз аралығына тұспа-тұс келеді. Наурыздың түп-төркінін Нұх пайғамбардың заманымен байланыстырған ғұлама: «Пайғамбар соңынан ерген Құдайға сенген үш ұлы мен келіндері және одан бөлек тағы сексен адам алты ай, он күн су бетінде қалқып жүріп, өлдік-талдық дегенде Қазығұрт тауының ұшар басына тоқтапты», дейді. Біреуі ата-анасынан, біреуі баласынан айрылып, уайым-қайғы басқан ел осы жерде жан шақырыпты деп баяндай келе: «Кеменің Қазығұрттың басына тоқтаған күн қасиетті Мұхарам айының оны екен, жұлдыз есебімен санағанда күннің Хамалдың бірінші уәжібіне кірген күні», дейді. Арабтың күнтізбесі ай есебіне негізделгеннен кейін ылғи да өзгеріп отырады, дегенмен Мұхарам айы оларда қасиетті ай, жылдың басы деп құрметке ие, ал жұлдыз есебімен санасақ, Хамал қазіргі уақытта Тоқты аталады және мартқа сәйкеседі. Осы себепті қазақ жерінің батыс аймақтарында Наурызды «Амал мерекесі» деп те атайды, «Амал» дегені «Хамалдан» шығады деген дәйекті деректі алға тарта отырып, тұшымды тұжырым түйеді.
Ал қазақтың біртуар перзенті Шәкәрім Құдайбердіұлы болса:
Ұлыс күні кәрі-жас,
Құшақтасып, көріскен.
Жаңа ағытқан қозыдай
Жамырасып өріскен, деп жалпы көрісу мейрамының көнеден бергі тойлану дәстүрі мен сыр-сипатын тамаша суреттейді. Мұны ақынның ұлы Ахат Шәкәрімұлы өзінің естелігінде жақсы атап өтеді: «Он төртінші март күні әкем: «Бүгін – ескіше бірінші март, қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні. Бұрынғы аты – Наурыз. Парсы тілінде Жаңа күн деген сөз деп айтқаны есімде», – деп жазады. Мұндай мысалдардан біз тек батыс өңірінің қазақтары ғана емес, шығыстағы жұртымыздың кейбір аумағы Жаңа жылды 14 наурызда қарсы алғанын біле аламыз.
Демек, Наурыз мейрамының күн мен түннің теңелер шағы 22 наурыздан емес, 14 наурыз – Амал, Көрісу мерекесінен басталуы тегін болмаса керек. Көктеммен бірге көңілдің сызын кетіру деген де ғажап құбылыс. Ренжіскен ағайын табысып, барлық жамандық атаулы ұмытылатын, ел-жұрт болып жақсылыққа қарай мерейлене бет бұратын бұл күннің шын мәнінде шапағаты мол. Өйткені Амал – мейірім, сауап мейрамы.
Жалпы, Ұлыстың ұлы күнін 22 наурызда күллі қазақ болып атап өткенімізбен, Амал, Көрісу мейрамын күні бүгінге дейін негізінен еліміздің тек Батыс өңірі, әсіресе Маңғыстау халқы айрықша тойлап келеді. Наурыздың дәстүр-жоралғысы да еліміздің өзге аймақтарымен салыстырғанда осы өңірде ерекше сақталған. Қайбір жылы мереке қарсаңында дәм бұйыртып жолымыз түскенде көзімізбен көріп, куә болғанымыздай, маңғыстаулықтар Амал мерекесін Отпан тауында тойлайды. «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде өтетін айтулы мейрамның өңір халқы үшін маңызы зор. Маңғыстаудың биік шоқысы Балтық теңізі деңгейінен 532 метр биіктікте орналасқан тау басында тойланатын мерекеге айрықша әзірленетін өңір халқының айтулы мейрамға деген құрметі мен ықыласы шын мәнінде сүйсіндірді. Бұған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев та «Амал – ауызбіршілік мерекесі» атты мақаласында жақсы тоқталады: «Соңғы жылдарда киелі Маңғыстау жерінде бұрындары ұран-от жағылған Отпан тауының басына шығып Амал мерекесінде алау жағу дәстүрі қайта жаңғырды. Маңғыстау өлкесінің табиғат жаратылысы да өзгеше, бұл топырақта ежелгі мәдениеттердің сан алуан қатпары бар екенін археологиялық зерттеулер айқындап отыр. Сақ, сармат, оғыз, қыпшақ секілді жұрттардың қазыналы мирасының ізі қалған Отпан тау бүгіндері қайта түлегендей. Әз Наурыз ежелден елді бірлік пен татулыққа, ынтымақ пен ырысқа шақыратын болса, Отпан тауда жағылған отты алау алты Алашты берекеге үндеп, жастарымыз бен қонақтарды Наурызнама сейілінде шаттық пен ғибратқа бөлейтін жаңа да көне кәдеге айналды», дейді.
Расымен де, Наурыз – береке мен бауырмалдықтың, ауызбіршіліктің мейрамы. Ұлыс күні қазан толып, арқа-жарқа болған ағайынның кеңпейілді көңілінің өзі көктемнің алғашқы күндерін ерекше шуаққа бөлеп, нұрландырып жіберетіндей. Сондықтан қазақ ежелден-ақ Наурызды тойлауға айрықша мән беріп келді. Ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп, достыққа шақыратын, бірлікке үндейтін бұл мейрамның тағылымы зор. Әсіресе 14 наурыздан басталар Амал айының әр адамның жақынына жылы сөз айтып, жыл сайын бір-бірімен аман-саулықта жүздесуді нәсіп еткені үшін іштей тәубе етуге үндейтін сауабы да мол. Бұл жөнінде «Бір-біріне сәлем берген екі адамға да сауап жазылатыны, соның ішінде, бірінші сәлем берген адамға көбірек сауап тиетіні» турасында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде де жақсы жазылған ғой. Демек, адам мен адамның бір-біріне амандық тілеп, әр таң сайын есен-сау жүздесуіне шүкіршілік ете білуінің өзі үлкен ғибратты һәм сауапты іс.
Көрісу күні ағайын арасындағы ескі өкпе-реніш кешіріліп, татуласып-табысады, араздық ұмытылады. Бұл күні табиғатпен бірге адам жаны да жаңарып, тазарып мұнтаздай күйге түседі. Яғни қай жағынан келсек те әз Наурыздың мән-маңызы зор. Әсіресе жаһандануға бет бұрған жаңа ғасырда жаңа тұрпатты ұлтқа айналамыз десек, ең әуелі өз тамыр-тегіміз бен дәстүр-салтымызға еркін бойлап, күнделікті қолданысымызға енгізудің рөлі үлкен. Бұл тұрғыдан келгенде, Жыл басы – Ұлыстың ұлы күнін өз деңгейінде ұлықтап, Амал мерекесін тұтас ұлт болып тойлап, жалпықазақтық мейрамға айналдырудың уақыты әлдеқашан жеткендей. Бір жасыңыз құтты болсын!
Назерке ЖҰМАБАЙ,
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»