• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Наурыз, 2020

Қарағандыда Әлімхан Ермековке арналған мұражай ашылды

1395 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасындағы №103 мектеп-лицейде «Әлімхан Ермеков және Тәуелсіз Қазақстан»  атты аймақтық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл іс-шараны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қарағанды қалалық білім бөлімі мен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы бірлесіп ұйымдастырды.

Конференция жұмысының бірінші бөлімінде Әлімхан Ермеков пен Алаш қозғалысына арналған мұражайдың тұсаукесер рәсімі өтті.  Салтанатты іс-шараға Қарағанды қаласының ардагер педагогтары,  арнайы шақырылған ұстаздар мен құрметті қонақтар қатысты.

Аталған мұражайдың құрылымы 11 бөлімнен тұрады. Мысалы, олардың қатарында мұражайдың ресми төлқұжаты, С.Торайғыровтың Алаш зиялыларына арналған өлеңі мен Әлімхан Ермековке арналған барельеф мүсін,  Әлімхан Ермековтің туған жері, отбасы, туыстарына арналған стендтер мен өз қолымен жазылған автобиографиялық құжаттары, Әлімхан Ермековтің білім жолындағы өмірі мен озық ойлы демократтармен өткізген қызметі туралы, сондай-ақ Әлімхан Ермековтің қоғамдық-саяси өмірі, Алаш қозғалысындағы ерен еңбегі жайындағы тарихи құндылығы зор деректер бар.

Жалпы, конференцияның  «Әлімхан Ермеков және Алаш зиялылары: бір мақсат, бір мүдде», «Әлімхан Ермеков – тұлға, ғалым, ұстаз», «Әлімхан Ермеков – қоғам қайраткері», «Әлімхан Ермеков және қазақ мемлекеттілігі» атты төрт секциясына 150-ден астам жұмыс келіп түсті. Алқалы жиында ең мазмұнды деп бағаланған баяндамалар  арнайы дипломдармен марапатталып, қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

 

Қарағанды облысы