Күллі әлемді әбігерге салған коронавирус індетінің таралуына жол бермеу мақсатында Қарағанды облысында бірқатар алдын алу іс-шаралары қабылданды. Мысалы, соның бірі Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлау бойынша жаппай серуендеуге рұқсат берілмейтін болды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі өңірде ауруды жұқтыру оқиғалары анықталмағанын хабарлап, тұрғындарды жалған ақпараттарға ермеуге және фейктерге сенбеуге, тек ресми ақпаратқа ғана назар аударуға шақырды.
Жалпы, облыс тұрғындарының коронавирус бойынша қандай да бір сұрақтары туындайтын болса, олар 1406 нөмірі бойынша Call-орталығына хабарласа алады. Бұған барлық жағдай жасалған.
Сондай-ақ, бүгін Қарағанды облысының әкімі аймақ тұрғындарына Facebook және басқа да әлеуметтік желілер арқылы үндеу жариялады. Онда Жеңіс Қасымбек қазіргі таңдағы қалыптасқан жағдайға байланысты Қарағанды облысында санитарлық тәртіптің күшейтілгенін мәлім етті.
Мәселен, адамдар көп жиналатын жерлерге ерекше назар аударылатын болады. Қоғамдық көлік пен сауда орталықтарын бақылайтын СЭС мамандары автобустарды дезинфекциялау құралдарымен мұқият өңдеуді қолға алған. Облыстың ауруханалары мен емханалары жоғары даярлық тәртібіне көшірілген.
«Егер мүміншілік болып жатса, ұйым басшылары қызметкерлерін қазірдің өзінде қашықтан жұмыс істеу режіміне көшіру мүмкіндігін пайдаланса жақсы болар еді. Облыс тұрғындарынан өз денсаулықтарына зор жауапкершілікпен қарауларын және дәрігерлердің барлық кеңестерін мүлтіксіз орындауларын сұраймын. Дененің қызуы көтерілген жағдайда жедел жәрдем шақырып, дәрігер келгенге дейін үйден шықпау керек екенін еске саламын. Қажет болған жағдайда қосымша шектеулер енгізілетін болады. Сіздерді өзін-өзі емдеумен айналыспай, дәрігерлердің көмегіне жүгінуге шақырамын», деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Сондай-ақ, облыс басшысы үндеуде тексерілмеген ақпараттарға сенбеуге және барлық ресми ақпаратпен Денсаулық сақтау министрлігінің, ДСМ тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау комитетінің ресми сайтында және ДСМ Facebook және комитеттің ресми парақшаларында танысуға шақырды.
«Сабырлы болыңыздар және өздеріңізді сақтаңыздар!» деп аяқтаған облыс басшысы өзінің тұрғындарға арналған үндеуін.
Қарағанды облысы