Алматы облысындағы «Іле» полигонында өткізілген «Дала қыраны-2013» халықаралық әскери бітімгершілік оқу-жаттығу шарасы өз межесіне келіп жетті. Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Литва, Швейцария, Италия, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттері Қарулы күштерінің өкілдері бірлесіп бейбітшілікті сақтау мақсатында күні-түні белсенді түрде әскери операциялар өткізді.
Алматы облысындағы «Іле» полигонында өткізілген «Дала қыраны-2013» халықаралық әскери бітімгершілік оқу-жаттығу шарасы өз межесіне келіп жетті. Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Литва, Швейцария, Италия, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттері Қарулы күштерінің өкілдері бірлесіп бейбітшілікті сақтау мақсатында күні-түні белсенді түрде әскери операциялар өткізді.
Бітімгершілік оқу-жаттығуының белсенді кезеңін қорытындылау барысында біріккен әскерлер жеке адамдарды және көліктерді тексеру, тактикалық оперативтік орталықтың қызметін ұйымдастыру, жергілікті нысандарды күзету ісін жүргізу, тікұшақ арқылы толық бақылау шарасын меңгеру және шабуыл жасалған нысанның ахуалын анықтау секілді негізгі тапсырмаларды орындады.
Оқу-жаттығу шарасының бағдарламасына сәйкес Біріккен бітімгерлер штабында бақылауға алынған аймақтың картасы жасалып, ықтимал дұшпандар орналасқан жерлер анықталды. Әрбір топқа нақты тапсырмалар беріліп, «Қазбат» десант-шабуылдаушыларының жеке құрамы аға лейтенант Б.Ақтановтың жетекшілігімен көлік құралдарын және адамдарды мұқият тексеруден өткізді. Дұшпандар басып алған ауыл маңына түсірілген 25 жауынгерден тұратын ұтқыр топ тез арада үйлер мен жолдың қалтарысына қойылған жарылғыш затты анықтап, арнайы киім киген сапердің көмегімен оны аулаққа апарып залалсыздандырды. БТР-80 және Хаммер әскери автокөліктері жеткізген қарулы топ жау бекінісіне шабуыл жасап, жаралы әскерилерді от ошағынан алып шықты. Әуеде екі тікұшақ майдан даласын жіті бақылап, бітімгерлер орталығына ақпарат берумен қатар, басқыншылар орналасқан бекініске әуеден оқ жаудырды.
Бұл кезде батальон штабындағы офицерлердің де жұмысы қызу жүргізіліп, оперативті бөлімнің бастығы, капитан А.Әміренов техникалық және мультимедиялық құралдардың көмегімен тактикалық жағдайды шебер басқарып отырды. Бұдан кейін бітімгерлер гуманитарлық жүк тиелген колонна өтетін көпірді аэроұтқыр әскерлердің және әуе звеносының көмегімен бақылауға алды. Мұнда да жаудың қойған жарылғыш заттары табылып, жүк мәшинелеріне жасалған лаңкестік шабуыл тойтарылды. Бітімгерлердің жинақылығы мен жедел әрекет етуінің нәтижесінде гуманитарлық жүк елді мекенге уақтылы жеткізіліп, орталықтың тапсырмасы тап-тұйнақтай орындалды.
Әрине, бұл оқу-жаттығу операциясы. Алайда, осындай бірлескен әскери қимылдар шеберлікті шыңдай түсері анық.
«Іле» полигонында осымен оныншы мәрте өткізіліп отырған «Дала қыраны» тактикалық-арнайы бітімгершілік оқу-жаттығуы Қазақстан Республикасы мен НАТО арасындағы әріптестік қимылдарының дербес жоспарын жүзеге асыру, сонымен қатар, «Бейбітшілік үшін әріптестік» бағдарламасы шеңберінде өткізіліп келе жатқанын тағы да еске салғымыз келеді. Биылғы оқу-жаттығуға Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Литва, Швейцария, Италия, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттері Қарулы Күштерінің өкілдері қатысса, әскери жаттығулардың барысын НАТО-мен бірлесіп Испания, Германия және Беларусь Республикасының бақылаушылары қадағалады.
Жаттығуға Қазақстан тарапынан «Қазбат» бітімгершілік батальоны толық құрамда, «Қазбриг» бітімгершілік бригадасының штабы және Қазақстан Қарулы Күштері Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысы басқармасының әскери қызметшілері мен Құрлық әскерлері және Әуе қорғанысы күштерінің бөлімшелері қатысты.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суреттерді түсірген
Юрий БЕККЕР.