Коронавирустың бірден-бір емі спирттік ішімдік екен деген хабар дүр еткенде, менің жүрегім дір етеді... Жер-жаһанды дендеп, сағат сайын ұлғайып, өршіп бара жатқан пандемиядан сақтанудың алуан амалы жайлы тәулік бойы тоқтаусыз айтылып, жазылуда.
Ел – төтенше жағдайда. Осы арада Денсаулық сақтау министрлігінің жедел аңдатпалары мен нақты кеңестеріне, дәрігерлердің болжамдарына қосамжарланып әр тұстан өзіндік емдеу жолын ұсынушылар легі де бір толастар емес. Әуелі, дала шөбі – адыраспанды түтіндетіп тұру туралы да (Гурбангулы Бердімұхамедов) еске алынды. Енді, міне, желілер ішімдікті насихаттамақ. Қандай да бір төтенше жағдайларда пайдалануға «жеңіл ұрыс қаруы» саналатын бұл «атау-керенің» жүрмейтін жері жоқ. Ендеше, бір сәт тарих парақтарын ақтарып көрейік...
Ұлы Отан соғысында жауынгерлерге қиян-кескі шабуыл алдында таратылатын «халық комиссариатының 100 грамы» есте болар?! Ішімдік қызуымен фашист танкісіне қарсы қарусыз-ақ жұдырығын ала жүгірген қаншама жас қынадай қырылды. Мемлекеттік идеология жас жауынгерлердің жауға қарсы рухын осылай көтеріп, адам айтқысыз құрбандыққа көз жұма қарады.
Енді мына қасіретке зер салып көріңіз: алғашқы үш елге тосыннан шүйліккен COVID-19 індеті шын мәнінде иран халқын қатты абдыратып тастағаны анық. Дүрліккен шарасыз жұрт қорғану мақсатымен арақтан шипа іздеген. ISNA агенттігінің хабарлауынша, наурыздың бірінші онкүндігінде дәрі орнына арақ ішкен 200 адам уланып, 40 адам үш күнде көз жұмды. Шариғат талаптарына сай ішімдік сатылмайтын елдің Кередж шаһарынан 4000 литр контрафактілі алкогольдік ішімдік тәркіленіп, арақ сатушы топ жазаланды.
Бұдан 34 жыл бұрын жарылған Чернобыль АЭС-індегі аласапыранда жауынгерлерге «халкомдық 100 грамм» ашық түрде берілгені де құпия емес. Бірақ бұл жолы ол жауынгердің патриоттық рухын көтеру үшін емес, адам ағзасына түскен ішімдік қан арқылы нейтрон сәулелерге қарсы тұрады екен деген болжамға сәйкестендірілген-ді. Саркофаг жабылған тұста апат аумағына екінші төтенше шақырылыммен барған біздер, химиялық қорғаныс әскерінің запастағы офицерлері, алматылық лейтенант – саяси жетекшілер ендігі жерде... жауынгерлерге арақ ішкізбеуге жанталасып, арпалысып таусылғанымызды ұмытпаспын. Рентген сәулесінің биологиялық эквивалент (бэр) мөлшері қоршаған ортаны, жұтатын ауаны тұмшалап тұрды. Сезесің, үрейленесің, бірақ, шарасызсың! Украинадағы төтенше атом жарылысынан туған радиациялық жойқын элементтер Белоруссия асып, Польша мен Швецияны басып, Англияға жел айдап жеткен. Жайылымдағы шотландық қойлар ионды сәуле қонған шөпті жеп қырылып жатты... Көзге көрінбейтін, бірақ араға уақыт салып тірі пендені мәңгілікке ұйықтататын қасіреттің үрейіне бірте-бірте бой үйреткен жауынгерлер сонда, әлі есімде, біз қойған бар кедергіге қарамастан араққа әуестігін бір сәтке жоғалтпады. Өйткені, әуел баста апатты аумақта «арақ – қорғанысың» деген ой қалыптасып үлгерген еді.
Арада жылдар өтті. Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары, демалысқа шыққан соң елдегі «Патриоттар партиясының» орынбасары қоғамдық қызметін атқарған генерал-майор Айтқали Есенғұловтан осы бір өткен өрескел жайттың анық-қанығын ақиқаттау мақсатымен сұхбат алдым: «Ішімдіктің, атап айтқанда, арақтың радиацияға қарсы тұрарлық қаншалықты қауқары бар деп ойлайсыз?» Кеңес армиясының нағыз жоғары шенді офицері Айтқали Ғұсманұлы 1986-1989 жылдары нағыз апат ошағында – Беларусь әскери округінде штаб бастығы қызметін атқарған. «Өзімнің баламдай болған біреудің баласына, өрімдей жасқа мен қалай арақ іш деп айта аламын? Оның әскердегі екі жыл қауіпсіз өмірі, тағдыры, менің қолымда емес пе? Амал қанша, ішкізуге тура келді!..» деді генерал сонда ашынып. Арақтың адам ағзасын радиациядан тазарта алмайтынын ғылымның дәлелдегенін алға тарттым. «Ол кезде жарылыс болған аймақта төтенше жағдай орнады. Фобия. Химиялық қорғаныс әскерінің лауазымды офицерлері, әскери дәрігер-радиологтар солдатқа арақ ішкізу керек деген талап қойды. Біз орындадық», деген генерал өзге уәж айта алмады.
Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, бұл күндері «ата-ананың айқайында емес, интернеттің айдауында» жүрген жасөспірімдеріміз – болашағымыз, қазіргідей қиын сәтте жоғарыдағы ұшқары айтылған арақ-шарап үгітіне елігіп, арандап қалмасын деген ой ғой. Рас, спирт қай соғыста да, қай майданда да гигиенаның басты қажетіне жараған. ДДҰ-ның бүгінгі талабы: Қолыңды спиртпен сүрт. (Арыға – жол жоқ!..) Тазалық. Тәртіп. Гигиена ғана адам өмірін COVID-19-дан қорғап қалмақ! Ендеше, сақ бол, жай сөзге ерме, жас өрен, демекпіз!