Алматының экологиялық ахуалына жағымсыз әсер ететін негізгі фактордың бірі автокөліктердің көптігі. Статистика бойынша, күніне жұмыс барысымен шаһарға 200 мыңға жуық көлік кіріп-шығады. Карантинге байланысты басқа аймақтар мен Алматы облысы аумағынан келетін көліктерге шектеу қойылғалы бері ауа ластануы анағұрлым жақсарған.
Казгидрометтің соңғы мәліметтері бойынша, жалпы қала аумағындағы ауа сапасын қадағалайтын мониторинг зиянды бөлшектердің 3 есеге дейін азайғанын көрсетті. Мамандар мұны қалаға кіретін темір тұлпарлардың азаюымен байланыстырып отыр. Дегенмен шаһардың ортасында лас ауа әлі де болса сақталуда.
Бұған дейін табиғат жанашырлары қаланың ауа кеңістігін қалыпта ұстау үшін, тым болмаса айына бір күн шаһарда автокөліксіз жүру акциясын өткізу туралы ұсыныс білдірген еді. Алайда бұл ұсыныс қолдау таба қойған жоқ. Кешелі бері тұрғындардың қала көшелерінде кептелек азайып, аулаларда тыныштық орнағаны туралы түсірген бейнежазбалары әлеуметтік желіде жаппай тарап жатыр.