Осыдан бір-екі жыл бұрын осы біледі-ау деген бір тарихшы кісіден бұрын Тобыл-Торғай өңірі Наурызды қалай қарсы алған? – деп сұрап едім, - Бұл жаққа көктем кеш келеді, Наурыз тойланбаған, - деп қысқа қайырды.
Ал енді осы топырақта туған алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы «Наурыз – қазақша жыл басы» - десе, кіндік қаны Қызбелге тамған Міржақып Дулатұлы: «Болмашы боранға, жауын-шашынға, топтанған бұлтқа, ауысқан желге, керек десе, жаңа айдың қалай туғанына шейін қазақтың зор мағына беруі әшейін еріккеннен тапқан ермегі емес. Қыстың ауыр, я жеңіл өтуінен тіршілігі өзгеретін, жеңіл болса құт, ауыр болса – жұт болатындығын байқаған тәжірибеден шыққан нәрсе. Малсыз қазақтың күні бар ма? Сол малын аман сақтау үшін қысқы аязда, ызғырық боранда бейнет шегіп, еңбек сіңіріп, малымен бірге жатып, бірге тұрып, бірге жүріп, бірге ығып, қыс қандай қысылса, жаз сондай жазылатын, жадырайтын, шаруашыл, еңбекшіл қазақ қыстың өткеніне, жаздың жеткеніне қалайша өзгелерден артық қуанбасын. Жаздың басы жаңа күн – Наурызды, қалайша мейрам етпесін?! – деп, Ұлыс тойының қазақтың тұрмыс-салтымен тығыз байланысып жатқанын шегелей түседі.
Торғай өңірінде бұл күнді қарсы алудың әзелден үзілмей келе жатқан өзіндік дәстүрі болғанын белгілі айтыскер-ақын Әлпия Орманшина да растайды. Ол кісінің әңгімесі қызық.
- 21 күні бізде қарбалас басталады. Ол кезде кішкентай ғана қызбын. Әлі есімде, итарқа үйде тұратынбыз. Біздің үйде екі қазан болды. Апаларымыздың біреуі бидайын әкеледі, біреуі ақтаған сөгін әкеледі, біреуі сүтін әкеп жатады. Сөйтіп жаңағы үлкен қара қазан сүт пен суға толады. Оған тұз салады, сақтаған сары майын, тары, арпа, бидай үшеуін қосып салады. Қазанды қойдың қиымен бір қайнатып алып, тарс қып жауып тастайды. Сол жаңағы 21-і күні басталған тамақ, 22-сі күні түсте бірақ ашылады. Ашып қарасаң, құдай-ау, дәмі тіл үйіретін кілкілдеген бір таңсық ас шығады. Апа-ау, бұның аты не? – деп сұраймыз. Апам: - Бұл сүмелек деген тамақ, - дейді. Апам сүмелекті алдымен ауылға таратады. Әр үйдің келіншектері бір-бір шараша құшақтап біздің үйге келетін. Апам үлкен нанқалақпен әрқайсының ыдысына салып, оның бетін жауып береді. Әлгі келіншектер жып-жылы қалпында үйлеріне апарып, бала-шағасына беретін.
Біздің Қосжан деген мыңбасы болған атамыздың Биғали деген баласының әйелі болды. Бәріміз Зияқан әже дейміз. Менің анам сүмелек пісіріп жатқанда, сол Зияқан әжем бар, Дәу әже дейміз енді, Бұрыш әжем бар – бәрі жабылып, әйдік екі қазанға Наурыз көже пісіріп жататын. Наурыз көже де жаңағыдай үйді-үйге бөлінеді. Біздің итарқа үйдің төр бөлмесі кең болды. Соған үлкен кісілер жиналып, ауылдың бүкіл бұзаулаған сиырының уызын бүйенге қатырып, қант, бауырсақ, сары май, ірімшікпен дастарқанды жайнатып, сүмелек пен наурыз көжеден қалғанын ішетін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! - деп, жаңа жылға ізгі ниет, жақсы тілектерін арнайды. Тілекпен қоса, ән айтылып, күй тартылады...
Ана тәрбиесін бойына сіңіріп, әр сөзін жадына тоқып өскен Әлпия апайдың айтуынша, Наурыз тойдың бас тағамы – наурыз көже. Наурыз көже – молшылықтың, ырыс-берекенің белгісі. Ұлыстың ұлы күні дайындалатын ұлттық тағамға 7 түрлі дәм қосылады. Бұл - жеті қазынаның белгісі. Келер жылғы Наурызға дейін жеті қазынаң аман болсын, ортаймасын дегенді білдіреді. Оның сыртында, наурыз көже татулық пен бірліктің белгісі, береке мен ырыстың басы.
Ал Наурыз - көктемде жердің астынан бірінші болып бүр жарып шығатын гүлдің аты. Мұны наурызгүл деп атайды. Бұл гүл – көктемнің алғашқы белгісі. Қаратаған – наурыздан бір-екі күн бұрын ұшып келетін көктемнің алғашқы құсы. Менің 104-ке келіп қайтқан атам – Қирақайдың Ермағамбеті деген кісі он саусағынан өнер тамған шебер еді. Киіз үйдің керегесін қайып, 62 уығын иіп, сықырлауық-есігін салып киіз үйді 97 жасқа дейін қолдан жасады. Атам: - Ойбой! Қаратаған келіпті ғой! – деп отыратын.
Мен құяйын көжені,
Наурыздың басы деп.
Құт-береке әкелсін,
Жаңа жылдың басы деп
Іше берсін үйімнен
Жақсының үлкен-жасы кеп...
Анам наурыз көже құйғанда осы әнді айтатын. Әбден жатталып қалыпты. Қазір қаладағы тас үйде отырсам да, апамнан көрген дәстүрді ұмытпай, жыл сайын наурыз көже жасап, көрші-қолаңға таратамын, - деді ақын.
Қостанай