«Жақсы жұмыс істегеннен кейін, халық көп барғаннан соң жұмысынан босауға мәжбүр болыпты». Бүгінгі кейіпкеріміз, ақжарлық дәрігер Ермек Шағалақов туралы екі жыл бұрын осындай әңгіме естіген едім. «Жақсы жұмыс істеген адамның жұмыстан босап қалғаны қалай?!» деп өз-өзіме сұрақ қойғаным да рас сол кезде. Жақында Ақжардағы Мәдениет үйінде аяқ астынан, күтпеген жерден ол кісімен кездесудің сәті түсті. Дәрігермен жолықпас бұрын «Шынымен де, бұл кісіні ақжарлықтар жақсы тани ма, әлде жай айтылған сөз бе екен?!» деп Мәдениет үйінің залында жиналыс күтіп отырған Ақжар ауылының бірнеше тұрғынын жорта сөзге тарттым. Таңғалғаным, Ақжарда бұл кісіні білмейтін адам жоқ секілді. Бәрінің айтатыны бір ғана сөз: «Мықты дәрігер. Жақсы қарайды» дейді. «Қатты ауырып, операцияда жатқан қаншама адамды аман алып қалды. Жан-жақтан кісі көп келеді. Қарамайын десе де есік алдына жатып алады. Менің ұлымның лагерьде сындырып алған қолын жазды. Біздің ауылда астмамен ауырған кісіні де осы дәрігер емдеді. Бұл кісіні Ақжардың емханасынан шығарып тастағаны дұрыс болмады. Ауданымызға өте қажет адам. Мұндай хирург бүгінде өте аз» деді Тарбағатай ауданындағы Сәтпай ауылының тұрғыны Ерлан Көмекбаев.
Облыс әкімінің өзі жұмысқа шақырды
Ермек Шағалақовты жергілікті халықтың ерекше құрметтейтінін, айрықша жақсы көретінін жуықта Ақжар ауылындағы Мәдениет үйінде облыс әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен шекаралық аудандарды дамытуға қатысты өткен жиында анық аңғарғандай болдық. Залда сөз алған осы өңірдің бір тұрғыны Ақжардағы медицина жайын, дәрігерлердің адамдармен дұрыс сөйлеспейтінін айта келе білікті дәрігер Ермек Шағалақовтың еңбегінің лайықты бағаланбай жүргенін жеткізгенде бүкіл халық тік тұрып, дуылдата қол соқты. «Халық қаласа хан түйесін сояды» демекші, осы кезде аймақ басшысы дәрігерді ел алдына шығарып: «Айналайын, Ермек, Ақжарға бас дәрігер болып жұмысқа келші. Қажетті жабдықтарды алайық. Жаңа мамандар әкелсеңіз, пәтер мәселесін шешейік. Мен емес, халық сұрап тұр» деп ұсыныс айтты. Дәрігер облыс әкімінің өзі ұсыныс айтты екен деп елп етіп, бірден келісе кетпей, байыптылық танытып: «Халықтың қолдауымен жеке клиника ашқалы жатыр едім. Сол жұмыс жарты жолда қалып қоя ма деп алаңдаймын. Ойланайын» деді.
Жиналыс аяқталған соң дәрігермен Мәдениет үйінің бір бөлмесінде аз-кем сұхбат құрып, ел құрметіне бөленіп жүрген азаматтың туған жері, өскен ортасы жайында сұрадық. Ермек Шағалақов осы Ақжар ауылында 1965 жылы дүние есігін ашқан екен. Мектеп бітіргеннен кейін Семейдің медициналық институтына оқуға түсіп, 1992 жылы оны тәмамдағаннан соң Талдықорған қалалық ауруханасында интернатурадан өтіпті. 2002-2005 жылдары осы ауруханадағы хирургия бөлімін басқарып, 2005-2007 жылдары Семейдегі Қорғаныс министрлігіне қарасты «Шығыс» әскери округінің әскери госпиталінде еңбек етіпті. 2007-2009 жылдары министрліктің Нұр-Сұлтан қаласындағы бас әскери госпиталінде хирургия бөлімінің меңгерушісі болыпты. 2008 жылы мемлекет аралық келісім бойынша Түркияда үш ай тәжірибеден өтіпті. 2009-2012 жылдары Талдықорғандағы әскери госпитальде жұмыс істепті.
Ал туған жері Ақжардағы ауданаралық ауруханаға 2016 жылы келіп, хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметіне бел шеше кірісіпті. Жергілікті тұрғындардың алғысын алумен қатар өз әріптестері арасындағы түсініспеушілік осы кезде басталған секілді. «Бұл жерде бір жылдай жұмыс істедім. Облыстың бас хирургы Марат Башабаевтың келісімімен бірнеше операциялар жасадым. Жасалған операциялар нәтижелі, сапалы болды деп ойлаймын. Кейін әріптестерім арасында біраз түсініспеушіліктер болып, жұмыстан кеттім. Сөздің орайы келгенде айта кетейін, жалпы өз басымның Ақжардың ешбір дәрігеріне өкпем жоқ. Бұл жердің дәрігерлері өте мықты. Бас дәрігер Қайрат Өскенбаев тәжірибесі мол, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалған білікті маман» дейді хирург.
Науқасқа ең әуелі керегі – жылы сөз бен жайдары қабақ
«Ақжар халқы сізді ерекше жақсы көретінін бұрын да білуші едік. Бүгін тіпті көзіміз жете түскендей. Тұрғындар сізді неге жақсы көреді? Мұның сыры неде?» деп бізге қызықты, дәрігерге ыңғайсыздау сұрақты еріксіз қойдық. «Мұны халықтың өзінен сұрағаныңыз дұрыс болатын шығар. Менің анық білетінім – дәрігердің алдына шипа іздеп келген жанға ең әуелі жылы сөз бен жайдары қабақ керек. Пендеміз ғой. Бәріміздің басымызда мәселе бар. Менде де бар. Бірақ өзі ауырып, жәрдем тілеп алдыма келген адамды қабағымнан қар жауып қарсы алсам не болады? Ол маған үміт артып, сенім білдіріп келіп отыр ғой. Одан кейінгі ең маңызды дүние – дұрыс диагноз қою. Өзім алдыма келген адамды бастан-аяқ, толық қарап шығамын. Кейде дәрігерлер: «Мынау менікі емес. Маған қатысы жоқ» деп қашқақтап жатады. Мәселен, науқастың оң тізесі ауырса, сол тізесін ғана қарай салады. Болды. Негізінде барлық орган бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан адамды тұтастай қарауымыз керек» дейді дәрігер. Осы кезде Мәдениет үйінің біз дәрігермен сөйлесіп отырған бөлмесіндегі қара әшки киген бейтаныс ағамыз: «Ой, бұл кісі күлдіріп, күшті емдейді» деп сөзге араласты.
Дәрігерге бүгінде Ақжар ауылын, Тарбағатай ауданын былай қойғанда, облысымыздың түкпір-түкпірінен, тіпті, Алматы мен Нұр-Сұлтан, Қызылорда қалаларынан науқастар еміне шипа іздеп келеді екен. Әрине, алдына көп адам келетін хирург әр науқасты қараған сайын әртүрлі ой түйетіні, кейде науқаспен бірге қиналып, өзін қоярға жер таппай: «Неге осылай?» деп күйетіні де анық. Ақ халатты абзал жанды алаңдататын дүние аз емес. Соның бірі – ұялы телефон. «Қазіргі жастар, балалар ұялы телефонды ұстамаса жүре алмайды. Біле білсек, бұл да адамды ауыртады. Телефонның зияны жәй адамға білінбейді. Дәрігер болған соң біз білеміз. Біреудің басы ауырып келеді, бірінің көзі ауырып келеді. Онкологиялық аурулар көп. Бұған телефонның да әсері бар. Кейбір ата-аналар: «Балама телефон берсем, тыныш отырады. Жыламайды» деп мақтанады. «Бұған мақтанбау керек, жылау керек» деймін мен. Кейін ер жеткен соң ауырып жылағанша, баланың қазір телефонға қолы жете алмай жылағаны дұрыс. Мені толғандыратын тағы бір дүние – памперс. Қазіргі кішкене балаларда фимоз ауруы көп. Фимоз дегеніміз – үрпісінің дұрыс ашылмауы. Үрпі дұрыс ашылмағанда баланың кіші дәретке отыруы қиындайды. Қазақ халқының кереметтігі сол, бала бесікте жатқанда үлкендер «Әтпүш бер, әтпүш әкел» деп оны ойнатып, иіскеп, шүмегін уқалап, тартып жатады. Бала соған мәз болады. Ойлап қарасаң, мұның өзі бір тәрбие, емнің, жаттығудың бір түрі екен. Сонда бала фимоз болмайды екен. Негізінде организмдегі артық заттар, неше түрлі бактериялар үлкен және кіші дәретпен шығуы керек. Памперс соны жауып тастайды. Сондықтан мүмкіндігінше балаға үйде памперс кигізбеген дұрыс» деген хирург емшілік қазақтан қалған өнер екенін, қазақ хандығы құрылған кезеңде шөппен емдейтін Өтебойдақ деген мықты дәрігер өмір сүргенін, сол кісінің кітабы 1964 жылы Қытайдан басылып шыққанын, кейін қытайлар қазақтың медицинасын мойындап, Үрімжіде «Қазақ медицинасы» деген факультет ашқанын жеткізді. Қазақстанда осындай факультет бар ма екен?! «Бір кем дүние» дейсіз еріксіз Шерағаңша шер тарқатып.
Ермек Шағалақов қолы қалт еткенде ауыл тұрғындарын жинап, тегін лекция оқиды екен. Лекция барысында бүгінде жиі кезігетін буын, остеохондроз, қан тамыр аурулары туралы айтып, айтып қана қоймай, бұл сырқаттарды емдеу жолдарын массаж, жаттығулар арқылы көрсетіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап беретін көрінеді. Дәрігер осыған ерінбей, жалықпай, үш сағат алтын уақытын жұмсайды екен. «Лекцияңызға дәрігерлер қатыса ма?» деп сұрадым. «Аудан орталығында біраз уақыт жұмыс істегенімде лекцияны ең әуелі кабинетте оқыдым, 15 кісі болды. Екінші рет оқығанда 35 адам келді. Кабинетке сыймай кетті. Үшінші рет аурухананың акт залында өтті. Қарапайым халық көп болды. Бірақ бірде бір дәрігер келген жоқ. «Келіңіздер. Үйреніңіздер, білгенімді көрсетемін, білмегенімді сіздерден сұраймын» дедім. Өздері біледі ғой» деді Шәкәрімнің «Білген ердің бол шәкірті, білмегенді қыл шәкірт» ұстанымын ұстанатын, әркез бойындағы, ойындағы жиған-тергенін өзгеге үйретуге ұмтылатын білікті маман.
Бұл дәрігердің артықшылығы дейміз бе, өзгешілігі дейміз бе, қалай десеңіз де еркіңіз, алдына келген науқастарға топырлатып дәрі жазып бере бермей, жаттығу мен массаж арқылы емдегенді қолай көреді екен. «Америка ашып, ештеңе ойлап шығарып жүргенім жоқ. Бәрі өз басымнан өткен. Бұрын өзімнің де жүрегім ауырды. Қан қысымы болды. Студент кезімде 2 қабаттан құлап, омыртқам да сынды. Сол кезде маған қаншама дәрі жазып берді. «Мынаның бәрін ішсем өлем ғой» дедім іштей. Содан кейін «Емделудің басқа жолы бар шығар» деп Бубновский, Валентин Дикуль, Коновалов секілді авторлардың кітаптарын қарадым. Әрқайсысынан өзіме керегін алдым. Омыртқам сынған кезде сүйек біткенше үш ай бойы төсекте қозғалмай жату керек болғанмын. «Үш ай қалай жатам?» деп дәрігерлер тыйым салса да ақырындап қимылдай бердім, қозғала бердім. Бір айдан кейін футбол ойнап жүрдім. Жүрегім ауырғанда жаттығу, бауырым ауырғанда массаж жасадым. «Мұның бәрін оқып алған жоқпын, өз басымнан өткердім» деп халыққа айтып жүремін. Құдайға шүкір, жасаған ем-домымыз ел көңілінен шығып жатқан секілді. Өзің сұрап отырсың ғой, бір ғана мысал айтайын. Бір күні маған келіп емделіп жүретін әйел адам өзімен бірге апайын ертіп келді. 8 жыл бала көтере алмапты. Бір күні келгенде жылап тұр. «Бірнәрсе дұрыс болмады ма?» деп шошып кеттім. «Қуанғаннан жылап тұрмын. Бес ай болды бала көтергеніме. Сіздің айтқандарыңыздың бәрін істедім, жаттығуларды жасадым» дейді. Ол кісінің бала көтергеніне қуанғаным рас. Бұл – Алланың ісі, мен тек себепшімін. Мұндай адамдар өте көп» дейді дәрігер.
Халық тілегімен салынып жатқан емхана
Мәдениет үйінен шыққан соң дәрігер жергілікті халықтың сұранысымен, бата-тілегімен, қолдауымен салынып жатқан жеке емханасын аралатып көрсетті. Бұрын Абай атындағы мектеп болған екі қабатты ғимараттың жартысында халыққа қызмет көрсету орталығы мен мұрағат қызметкерлері отырса, бұған дейін қараусыз, бос тұрған жарты бөлігі әкімдіктің ұйғарымымен Ермек Шағалақовқа беріліпті. Екі қабатты ғимараттың ішін таныстырған дәрігер мұнда жақын күндері гинекология, стаматология, хирургия кабинеттері, оңалту бөлмелері, дәріхана, ерлер мен әйелдерге арналған екі палата, бұдан бөлек операциядан кейін қызмет көрсететін тағы екі палата ашылатынын жеткізді. «Қазірдің өзінде ашылмаған емханамызға операция жасату үшін бірнеше адам кезекте тұр. Ең әуелі Алланың, екінші халықтың көмегімен осы ғимарат салынып жатыр. Халыққа ризамын. Емхананың 11 терезесін халық қойып берді. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы лицензия алуға көмектесеміз деп отыр. Барлығына рахмет. Ендігі ойым – осы емхананы тезірек ашу» деген дәрігер емханаға медициналық құрылғылар алу үшін несие алғанын жеткізді.
Айтпақшы, жуықта ақжарлық дәрігер бізге хабарласып: «Бізді өсіретін де, өшіретін де, төбесіне көтеретін де, төменге түсіретін де – халық. Ел тілегін ескерусіз қалдыруға болмайды» дей келе облыс әкімінің ұсынысына келісім бергенін айтты.
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы,
Ақжар ауылы